АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Құс қайтқанда қозатын аурулар бар[:]

[:kz]

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік универ­ситетінің қызметкері, шымкенттік ғалым Мұсатіллә Тоқановтың есімі бүгінде республика жұртшылығына таныс. 

Ол кісі кейінгі жылдары геомагниттік  толқындардың адам ағзасына, табиғат құбылыстарына және техника жұмысына әсерін зерттеп жүр. Бұған қатысты жобалар дайындап, тиісті орындарға ұсыныспен шыққаны жөнінде біз кезінде газетімізде жариялағанбыз. Ғалымның түйе сүтінен биологиялық белсенді йогурт алу жобасына жетекшілік ететінінен де жұртшылықты құлағдар еткенбіз. Бізге таяуда осы Мұсекеңмен тағы да сұхбаттас болудың сәті түсті, сонда ол кісі өзін толғандырып жүрген екі мәселе жөнінде әңгімеледі.

Магниттік дауылдан денсаулыққа қауіп бар

«Замана» көпшіліктің арасына таралады ғой, сондықтан бұл жөнінде газеттеріңізде жазсаңыздар болады, – деді М.Тоқанов бізбен әңгімесінде. – Біріншіден, мен магниттік дауылдың денсаулыққа кері әсері тиетіні жөнінде айтпақпын.

Өздеріңіз білесіздер, өткен 6 – 8-қыркүйек аралығында Күн бетінде алапат күшті жарылыстар болды. Сол жарылыс­тан­ туындаған геомагниттік толқындар себебінен жер бетінде, мұхиттарда аса қуатты боран, дауылдар көтерілді. Оң­түс­­тік-шығыс Азия мен Американың бір­қатар елдерінде өте күшті су тасқындары­ болды, жер сілкінді. Ғалымдардың мәлім­деуінше, мұндай дауылдар соңғы 20 жыл­дай уақыт аралығында болмаған екен.

Күн бетіндегі жарылыстан таралған магнитті дауыл күші Жерге әртүрлі деңгейде жетеді. Қуаты төмендерін біз аса сезіне бермейміз, ал қуаты жоғарылары түрлі табиғи құбылыстарға себеп болады, денсаулығы нашар адамдарға жайсыз әсер етеді. Осы кезде көп адам қатты мазасызданады, тіпті инсульт пен инфаркттен болатын өлімдер көбейеді.

Ғылымда магниттік дауылдар қуаты мынадай 5 түрлі дәрежемен сипатталады: G-1 – қуаты төмен дауыл, G-2 – күші орта дәрежедегі дауыл, G-3 – күшті дауыл, G-4 – өте қуатты дауыл және G-5 – экстремалды қуатты дауыл.

8-қыркүйектегі геомагниттік дауыл күші G-4 деңгейіне жетті. Соның салдарынан қазір геомагниттік ахуал ширығып тұр. Мұның қауіптілігі ғарыштан жететін геомагниттік дауыл күші мен жердің бетінде, қойнауында жүріп жататын геомагниттік толқындардың бір-бірімен түйісіп, шағылысуында. Ол дәл осы кезде түйіскен нүктеге душар болған адамның ағзасына өте жайсыз әсер етеді. Яғни адам тура осы кезде сол аумақта ұзақ отырған немесе демалып жатқан болса, ол оған аса қолайсыздық тудырады. Жұмыс істемесе де ауыр зат тасығандай болып, қарадан-қарап шаршайды. Басы ауырады, жүйкесі ширығып, аласұрып кетеді, ұйқысы жайсызданып, ауыр түстер көреді. Бұл денсаулығы нашарларға тіпті де қатерлі.

Егер адам оңтүстіктен солтүстікке бағыт алған геомагниттік толқын аумағында ұзақ отырып немесе жататын болса, ол қан тамырлары ауруларына бейім болады. Шығыстан батысқа бағытталған толқын үстінде ұзақ болған адам ерте ме, кеш пе, буын ауруларына шалдығады. Ал осы бағыттардың қиылысып, түйіскен жерінде ұзақ болған адам тыныс жолы ауруларына бейім келеді.

Жалпы, Күн бетіндегі жарылыстан туындаған қуатты магниттік дауыл мен жер бетіндегі магниттік толқын бір-бірімен шағылысқан кезде табиғи және техногендік апаттар көбейеді, денсаулығы нашарлар мазасызданады. Мұндайда жол-көлік оқиғалары да арта түседі. Мысалы, өз-өзіне сенімді жүргізуші бұрын-соңды өтіп жүрген жерінде ойда-жоқта санасы тұманданып, апатқа жол беріп қоюы мүмкін. Бұл ғылымда дәлелденген.

Егер адамның жұмыс орны немесе жатын орны жерде жүріп жататын гео­магниттік толқындардың үстінде болса, ол оның жайсыз әсерін өзі де сезінеді. Сондықтан ондай жерлерді ауыстыру керек. Мұндайда ауа құрамында теріс ионы көп саябақ, су көздерінің маңайы, таулы аймақ сияқты жерлерде тыныққан, серуендеген дұрыс. Өйткені ол жерлерде ауа таза, ағзаға оңды әсер етеді. Ал оң зарядталған иондар көп жерде (әсіресе шаң-тозаңы, шуы мол қала іші) ауа ауыр, ол ағзаға жайсыз әсер етеді.

Сондай-ақ темекі шегу, ішімдік ішу сияқты зиянды әдеттерден де аулақ болу керек. Геомагниттік дауыл мен геомаг­ниттік толқындар түйіскен жерде олардың келтіретін залалы еселене түседі.

20 жылдан бері магниттік дауылдар әсерін зерттеп жүрген адам ретінде менің жұртшылыққа айтарым осы. Геомаг­ниттік дауылдар күзде, көктемде жиілейді. Осы кезде психикалық ауытқуы бар адамдардың жағдайы қиындайтыны да белгілі. Қазақтың кей ауруларды құс қайтқан кезде немесе құс келетін кезде қозады дейтіні осыдан».

Түйенің зәрі дәрі болатыны күмәнді

Мұсекеңді толғандырған екінші мәселе – ауыр науқастарды түйенің зәрімен емдеу жайы. Соңғы бірер жылда бұл туралы жиі айтыла бастағаны белгілі. Теледидардан тіпті түйе зәрімен емдеп жүрген адамдар жөнінде хабар да көрсетілген болатын. Мұсекең осы түйе зәрінің денсаулыққа дауасы бар дегенге тіпті де сенбейтінін айтады.

«Таяуда Арыс жақта тұратын бір танысым телефон шалды, – дейді ол кісі. – Сонда түйе ұстайтын біреулер тіпті ракқа да шипасы бар деп науқастарға түйенің зәрін ішкізіп емдеуде екен. 50 грамм түйе сүтіне 50 грамм түйенің зәрін қосып ішкізіп емдеуде дейді. Ақысы – 600 теңге, яғни «емге» берілетін зәрдің құны 200 теңге тұрады деген сөз.

Бұған қатысты менің айтарым мынау: Түйе сүті шынында да шипалы, жануарлар сүтінің ішіндегі ең қуаттысы. Онда иммундық жүйені күшейтетін, денсаулық­қа пайдалы 120 химиялық элементтер бар. Ол құрамы жағынан ана сүтіне ұқсас. Онда антиоксиданттар мол, ағзадағы ауру тудыратын бактериялар мен вирустарды жойып жіберетін лактоферин фер­менті басқа жануарлар сүтіндегіден әлдеқайда көп. Сондықтан оны түрлі ауруларды емдеуде қолдануға әбден болады.

Ал түйенің зәрі шипа болады дегенге менің күмәнім бар. Өйткені ағзаға түскен азықтың қорытылып-ыдырағанынан бөлінген зиянды заттардың 33 па­йызы үлкен дәретпен шығарылатын болса, 23 – 25 пайызы зәрмен қуылады екен. Қалғаны терлеу арқылы шығарылады. Ендеше зәрмен сыртқа шығарылған улы заттарды ішу арқылы адам ауруы­нан айығады дегенге сену қиын.

Оның үстіне түйеден зәр алу деген де оңай шаруа емес. Өйткені ол зәрді бірнеше күннен соң бір-ақ беруі мүмкін. Жаңағы танысымның айтуынша, түйе зәрімен емделуге барып жатқан адамдар өте көп көрінеді. Соның бәріне зәрді қайдан тауып беріп жатыр десеңізші!

Түйенің қой мен сиыр сияқты бруцеллезге және туберкулезге бейім жа­нуар екенін де ескерткім келеді. Зәр қандай түйеден алынып жатыр? Егер түйенің өзі ауру болса, зәрмен емделушіге одан дерт жұғары анық.

Қандай ем қолдансаңыз да жұрт айт­ты деп көзді жұмып сене бермей, қисынға салып ойланып көріңіз демекпін».

…Міне, шымкенттік ғалым Мұсатіллә Тоқанов осылай дейді. Ол кісінің айтқандарының жұртқа пайдасы тимесе зияны тие қоймас деген ойдамыз.

Д. НҰРПЕЙІС

zamana.kz

 

[:]