АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]»Қымыз сатып, үй салдық»: 30 жасында бес бала тапқан келіншек бизнесін қалай дөңгелетіп отыр [:]

[:kz]

Түркістан облысы Қазығұрт ауданында тұратын Перизат Тағаева жақында бесінші сәбиін дүниеге әкелді. Көпшілік Перизатты көпбалалы анадан бөлек, бие сауып, қымыз дайындайтын келіншек ретінде таниды. Себебі, ол кез келген адамның батылы бара бермейтін істі шыр айналдырып отыр.

Бие сауып, қымыз пісіп, одан қыруар табыс тауып отырған ана KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат беріп, бейнеті де, зейнеті де мол жұмысы туралы тарқатып айтты.

Перизат Нұралықызы 1991 жылы Қазығұрт ауданына қарасты Жаңабазар ауылында дүниеге келген. Алматыдағы Қыздар университетін бітірген ол мұғалімдіктен гөрі, жеке кәсіпті серік қылуды жөн көрген. Бие баптап, қымыз дайындайтын жерге келін боп түскен ол отбасылық бизнесті өркендетіп отыр. «Жолдасымның үйі бие ұстайтынын келін боп түскен бір-ақ білдім. Бұған дейін бие саууды да, қымыз пісуді де білмейтінмін. Енемнің бұл іспен айналысқанына 35 жылдан асқан. Ал менің бие саууды бастағаныма бес жыл болды. Бұл үлкен әрі қажырлы еңбекті қажет ететін іс. Жылқы малы қазақта аса киелі саналады. Расында, оның басқалардан айырмашылығы сезіліп тұрады. Көп нәрсені талғайтындықтан, жиі ауырып қалады. Мұндайда жолдасым өзі емдеп, жылқыларды жазып алады», — дейді Перизат. 

Перизат алғашында жылқыдан қорыққан. Уақыт өте келе, бие сауудың нағыз шебері атанады. «Басында қорыққаным рас. Қасына жолатпайтын биелер де бар. Бірақ апамның (енесі-ред.) халатын киіп алып, алаңсыз сауа бастадым. Өйткені, бие бір адамға үйреніп алады. Кейін үйреніп кеттім.

Бүгінде біздің қымызға сұраныс жоғары. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің өзі таң қалып кетті. Тіпті, Дубайға салып жіберген кездеріміз болды. Мұның бәрі, әрине, қуантады. Бірақ мұның артында үлкен еңбек жатыр. Қымыз баптау уақытты, талғамды талап етеді», — дейді бес балалы ана. Қымызшы келін бүгінде әлеуметтік желі арқылы көпшілікке бие сауып, қымыз дайындаудың әдістерін көрсетіп жүр. «Қымызды пісу, ыстау, күбіні тазалау оңай емес. Елге ұнау үшін, сатқан ақшаңды ақтау үшін бар күшіңді саласың. Таңның атысы, күннің батысы осы тірлікпен алданамыз. Жеп отырған наның болған соң, бәрі адалынан болғанын қалайсың. Бүгінде көптен армандаған қымызханамызды салып жатырмыз. Одан бөлек, саумал ішуге келетін адамдардың қарасы көбейді. Бұрын бір-екі адам ғана келетін. Пандемия басталғаны бері біздің саумалға сұраныс артып, адамдар кезеккке тұратын болды. Саумалдың пайдасы ұшан-теңіз. Асқазанында жарасы бар анама әсері мол тиді. Одан бөлек, бесінші баламды босанған соң, бетіме қара дақтар шығып кеткен. Сол дақтарды да саумал алып түсті», — дейді келіншек.

Перизат Тағаева: жеке мұрағат Перизат бүгінде қымыздан жақсы пайда тауып, тіпті, сол ақшамен үй салып алғандарын да жасырмайды. «Еңбек еткен адамға бәрі де бар. Келін болып келгеніме бес жыл толған соң қымыздан түсетін ақшаны шашау шығармай жинадық. Ауылымызға су, газ келіп жатқан соң, ел қатарлы заманауи үй салуды мақсат еттік. Құдайға шүкір бүгінде бар жағдайы жасалған үйімізді салып, қымыздың арқасында ойлаған нәрселерімізді сәтімен орындап жатырмыз. Өзім сияқты барша келіндерге еңбек етіп, соңына дейін шыдамды болыңдар дегім келеді.

Себебі, еңбектің жемісін көргендегі сезім ерекше. Өзім бес балама да, ата-енеме де, қымызға да үлгеруге тырысамын. Кеше екі баламның мектепті үздік оқығанын көріп, қуанып қалдық. Атасы балалардың сабағын қадағалайды. Мен үйдің шаруасынан көп босай бермеймін», — дейді Перизат. 

kaz.nur.kz

 

[:]