АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Қырғыз-өзбек шекарасы жөнінде келіссөздер қайта жалғасты[:]

[:kz]

pogranҚырғызстан мен Өзбекстан шекарадағы даулы аймақ туралы келіссөздерін қайта жалғастырды. Екі елдің ресми өкілдері даулы деген 55 аймақты зерттеді. Келіссөздер аяқталған соң хаттамаға қол қойылады деп жоспарланған, ол хаттаманың мазмұны әзірге белгісіз.

Өзбекстанның Наманган, Әндіжан және Ферғана облыстары мен Қырғызстанның Жалалабад, Ош, Баткен облыстарының шектесетін тұсындағы 55 даулы аймақты екі елдің өкілдері бірлесе тексергенін алдымен Өзбекстан сыртқы істер министрлігі хабарлады.

Өзбекстан сыртқы істер министрлігі сайтында тараптардың 15 күн ынтымақтаса жұмыс істегені жазылған.

— Қырғыз-өзбек шекарасын жүргізу және белгілеу мәселелері бойынша Қырғызстан мен Өзбекстан үкімет делегацияларының жұмыс тобы қазанның 5-і мен 14-і аралығында бекітілген кесте бойынша Ферғана және Әндіжан қалаларында кездесулер өткізді. Кездесулер кезінде Өзбекстанның Наманган, Әндіжан және Ферғана облыстары мен Қырғызстанның Жалалабад, Ош, Баткен облыстарының шектесетін тұсындағы 55 даулы аймақта бірлескен зерттеу жұмыстары жүргізілді. Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар хаттамаға қол қойды. Кездесулер татулық жағдайында, өзбек-қырғыз билігінің кейінгі кездесулері рухында өтті, — деген ақпарат берілген.

Өзбек тарапы шекараның даулы тұстары жөнінде қандай шешім қабылданғаны жайлы хабарламады. Қырғызстан үкіметі де ақпарат таратпады. Үкіметтің баспасөз хатшысы Толғанай Стамалиева хаттамаға қол қою бір жарым ай жүрген келіссөздер нәтижесі болғанын айтады.

— Қырғыз-өзбек жұмыс топтарының кездесуі — қыркүйектен бергі үшінші кездесу. Жұмыс тобы шекараның 50-ден астам тұсын зерттеді. Біздің мамандар кездесулердің тату жағдайда өткенін айтты, — дейді ол.

 

Азаттық деректері бойынша, Қырғызстанға алдымен өзбек делегациясы келген. Ол топ Баткен, Ош және Жалалабад облыстарындағы даулы шекара аймақтарын зерттеген. Қырғыз тарапы кейіннен Өзбекстанның Наманган, Әндіжан және Ферғана облыстарындағы шекара сызығын тексерген.

Жалалабад облысы әкімдігінің ресми өкілінің орынбасары Бақтыбек Анарқұлов өзбек делегациясын облыстағы шекара бойына алып барған. Оның сөзінше, делегация құрамында Әндіжан облысы әкімі мен өзбек үкіметінің басқа да өкілдері болған.

— Олар шекараның даулы тұстары жөнінде пікірлерін айтты, біз де мәселені төтесінен қойдық. Біздің топ Өзбекстанда 10 күн болды. Бірақ мен барғаным жоқ, сондықтан ол жақта не айтылғанын, хаттама қалай толтырылғанын білмеймін. Ол жайлы айту құзырыма кірмейді, — деді Бақтыбек Анарқұлов.

Қырғыз-өзбек шекарасының ұзындығы — 1 378 километр. Оның 320 километрі нақты айқындалмаған. Бұл — 58 аймақ. Бұрын бұл даулы аймақтар жөнінде келісім болған, кейін ол келісім күшін жойған. Тараптар шекара мәселесі жөнінен бір келісімге келе алмаған болатын.

Кейінгі кездесулер нәтиіжесі қандай болғаны әзірге белгісіз. Эксперт Еркін Әбдіразақов шекарадағы барлық дау шешілді деп айтуға ерте деп санайды.

— Екі халықтың қарым-қатынасы енді түзеліп келеді. Екі халық бірін-бірі сағынып қалған. Сондықтан, бұл даулы аймақтар жөніндегі мәселе екі-үш жыл бедерінде талқыланатын болады. Ислам Каримов кетті, бірақ билік басында оның адамдары қалды. Олар бірден өзгере қалады деп айта алмаймын. Меніңше Өзбекстандағы президент сайлауынан кейін біршама дүние анық болады, — дейді сарапшы.

Өзбекстан көп жылдан бері Қырғызстан делегациясын тұңғыш рет шақырып отыр. Өзбекстан шақыруымен қырғыз делегациясы Әндіжан облысына барды, оларды ол жақта жақсы күтіп алған. Сол жерде Өзбекстан үкіметі басшысының орынбасары Адхам Икрамов шекараның даулы тұстары мәселесін шешуге кірісу қажет екенін айтқан. Ол мәселенің тезірек шешілетініне үміт ететінін білдірген.

Сарапшылар Қырғызстан мен Өзбекстан билігі шекара мәселесін байыптылықпен шешуі керек деп санайды. Өзбекстан кейінгі күндері Қырғызстан азаматтарының өз шекарасынан өтуін оңайлатты. Егер кейінгі бес-алты жыл бойы Өзбекстан аумағына қырғыз азаматтарын өлім-жітім кезінде ғана кіргізсе, енді Қырғызстан азаматтары Өзбекстандағы туыстарының тойлары мен басқа да шараларына бара алатын болып жүр.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі Эрнист Нурматовтың мақаласы орыс тілінен аударылды.

[:]