[:kz]
Бішкектің орталық саябағында Селин Дионның әйгілі әнін орындап, танымал болған қырғызстандық Бегімай Тұрысбекова көпшіліктің сұрауымен қайтадан сол саябақта өз өнерін паш етті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Талантты келіншектің әнін тыңдау үшін саябаққа осы жолы 100-ге жуық адам жиналған. Концертті жаңадан танылып жатқан әншінің көрермендері әлеуметтік желіде тікелей эфир арқылы таратты
. Бегімай Тұрысбекова жеке де, дуэтпен де өнер көрсеткен. Келіншек қырғыз, орыс және ағылшын тіліндегі әндерді нақышына келтіріп, орындады. Бір күнде жұлдыз атанған ол ашық аспан астындағы концертте құшақ-құшақ гүлдің астында қалды.
Айта кетейік, осыған дейін Бегімай Тұрысбекова журналистерге өзі туралы сұхбат берді. Келіншек 33 жаста. Музыкалық орта білімі бар. Жалал-Абад облысының Казарман ауылында тұрады. Ал Бішкекке емделу үшін келгенін айтады. Бір-екі күн ішінде ауылына қайтуы тиіс болған. Оның сөзінше, тоғызыншы сыныпты бітірген соң, Мұраталы Куренкеев атындағы музыкалық училищеге түсіп, үш жыл білім алған.
Оқи жүріп, кафелерде ән айтқан. Содан соң тұрмыс құрып, ана атанғандықтан өнерден қол үзіп қалған.
[:]