[:kz]
Танымал «Қытай дауысы» ток-шоуында қатысушылардың бірі Димаш Құдайбергеннің қазақ тіліндегі әнін акцентсіз орындап, көпшілікті тәнті етті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.
Бойжеткеннің әнді орындаған сәтінен видеоны zhongxindeying атты Instagram парақшасы жария еткен.
«Бойжеткен «Қытай дауысы» шоуында Димаштың «Ұмытылмас күн» әнін орындады», — деп жазған видеомен бөліскен парақша. Арудың орындауы төрешілерді ғана емес, көрермендерді де баурап алғаны соншалық, тыңдармандар әншіге барынша қошемет көрсетіп жатқаны байқалады.
Сол арада видеоны тамашалаған желі қолданушылары бойжеткенге мақтауларын жаудырды. «Керемет», «Қазақ тілінде акцентсіз орындап шықты», «Көзіме жас үйірді», «Қандай керемет, этникалық қазаққа ұқсайды», «Сұлу екен», — деп жазған пікір қалдырушылар. Желі қолданушыларының бірі бойжеткеннің қазақ екенін жазған.
Видеомен бірге жарияланған скриншоттағы ақпаратқа сенсек, бойжеткеннің есімі — Мадина.
«Қытай дауысына» қатысқан Мадина «Ұмытылмас күн» әнін тамаша орындап шықты. Ол ән арқылы өз ұлтының ерекшелігін жеткізе алды», — деп жазған «Қытай дауысының» Weibo парақшасы.
Орындаушы туралы әзірге өзге ақпарат жария болмады. Айта кетсек, «Қытай дауысы» — Чжэцзян телеарнасында көрсетілетін әлемге танымал шоулардың бірі. Аталмыш шоуда 2013 жылы этникалық қазақ Тасқын «Дударай» әнін орындап, төрешілерді «жылатқан» еді.
Одан бөлек, Берік Ысқақ есімді қазақ әншісі де аталмыш шоуда көпшілікті тәнті еткен.
Еске салсақ, бұған дейін MTV ерекше сұранысқа ие болған Димаш Құдайбергенді тағы да көрсететінін жазған едік. Димаш АҚШ-тағы MTV телеарнасында қазақ тілінде ән айтқан алғашқы қазақстандық атанған.
[:]