[:ru]
[:kz]
Үмітсіз шайтан демекші, қаракөзіміз тезірек елге оралса екен. Қытайлар басқасы басқа есірткімен ұсталғандарды аямайды. Неге дейсіздер ме? 1795-1838 жылдары Қытайға ағылшындық «варварлар» 450 мың жәшік, яғни 27 мың тонна есірткі алып келеді. Олардың түпкі мақсаты—осындай қитұрқы саясатпен қолдан геноцид жасап, алып империяны құрту құлату болды. Бастапқы кезде дәрі ретінде тегін берілді. Кейін халықты үйретіп алғаннан соң есірткі күмістен де құнды болды. Сөйтіп ортадағы наркодилер бизнес жасаушылар бір мезетте байып шыға келді. Ал Қытай үкіметі апиынның адамдарға өте қауіпті екенін әу баста білмеді. Миллиондаған адамдар нашақорға тәуелді болғаны соншалық, Қытайдың ішкі саясатындағы жарияланбайтын құпияларды нашақорлар астыртын сыртқа шығарып отырды. Әсіресе неше түрлі діни ағымдар насихаттала бастады. Халықтың көзін шел басты. Сауда-саттық тұралап қалғаны соншалық, күмістердің құны жоғалды. Есесіне ағылшындық наркобизнесмендердің дәурені басталды. Қаншама жастар есірткінің құрбаны болды. Отбасы жалғыз ұлдарынан айрылып, қан жұтты. Аяғы ауыр әйелдер де бұл ақша үшін апиындарды сaта бастады. 1860 жылы Қытай императоры халқының құрдымға кетіп бара жатқанын көріп, қатты күйзелді. Қолдан келгенше күресуге барынша тырысты. Алайда, бұл кезде биліктегілер қауқарсыз еді. Тек 1949 жылдан бастап Қытай Халық Республикасы есірткіге қарсы күресті мықтап қолға алады. Миллиондаған халқынан қаншама ғасырлар айрылған Қытай Республикасы енді ешкімді аямады. Апиынды кіргізген контрабандаларды қатаң түрде жазалап, ең алғашқы өлім жазасын сол жылдары Заңға енгізді. 170 жыл апиынмен соғысқан қытайлықтар бәрібір наркобизнесмендерді жеңе алмады. Олардың топтасқан мафиялары жібек құрттар секілді әр жерден шыға берді. Кеденшілер шекарадан әрі асырмауға барынша тырысқанымен, олардың қулығында шек болмады. Қытай мемлекетінің өлім жазасын да пысқырмады. Басында өлім жазасы дарға асу болды. Халықтың наразылығынан соң ату жазасын қолданды. Есірткі тасымалдаушыларды мыңдап ату жазасына кескен сайын, миллиондаған наркодилерлер жылдан-жылға көбейе берді. Бұл билік басындағылардың ашу-ызасын келтірді. Олардың қитұртқыларына таң қалмасқа болмайды. Құрбақалардың ішіне салып та тасыды. 2009 жылы қарулы полицейлер кедендік бақылауда есірткі тасымалдаушы наркобизнесмендерді күтіп тұрды. Кеменің ішіндегі заттардың барлығын тексергенімен, еш жерден шықпады. Полицейлер жалған ақпаратқа сеніп қалдық па деп әбден састы. Бір кезде еденге төсейтін қымбат плиталардың ішінен 1000 келіден аса героинді тапты. Бүгінгі таңда Қытайда есірткісіз тұра алмайтын нашақорлар саны екі миллионнан асып жығылады (өзімізде де жетісіп тұрғаны шамалы). 2009 жылы Ұлыбританияның азаматы 4 келі героинмен аэропортта ұсталған еді. Ағылшын билігі Қытаймен келіссөзге келмекші болды, өлім жазасы емес, өмірінің соңына дейін болса да түрмеде отырсын деген ұсыныс жасады. Алайда еш нәтиже шықпады. Ағылшындық азамат сол жылы атылды. 2010 жылы есірткі тасымалдаушы 3 жапондық азамат ұсталып, өлім жазасына кесілді. Туған-туыстары осыншама шырылдап, Жапония премьер-министріне хат жазып, жазаны жеңілдетуіне көмек сұрады. Алайда биліктегілер «Токио мұндай нәрселерге араласпайды» деп бір ауыз сөзбен қайтарып тастады. Үш жапон азаматы атылды. Қаншама ғасырлар бойы апиынның кесірінен талай өрімдей жастарынан айрылған Қытай Халық Республикасының, басқасы басқа, есірткі тасымалдаушыларға үкімі біреу. Ол — ату жазасы. Мейлі сен байдың қызы бол, мейлі сен хас сұлу бол — Заң барлығына ортақ! Өзге ел тұрмақ, өздерінің қытай қыздарын қатты жазалайды. Мәселен, мына ару қыз Таоджинг — Оңтүстік Қытай Республикасы ауылының кедей отбасынан шыққан қыз. Үйленейін деп жүрген наркодилер жігіті үгіттеп, ақыры осы есірткі тасымалдап жүрген жерінен ұсталады. Ал сүйген жігіті қызының осындай күйге түскенін ести салысымен, ізім-қайым жоқ боп кетеді. Таоджинг ату жазасына кесіледі. Өмірінің соңына дейін үмітпен ғашығын күтеді. Мына суретте сұлу қыз қатты күйзеліп, жігітін іздеуде. Полицейлер соңғы сөзін айтып, арманын сұрағанда, ол тек басын шайқай берген. Мүмкін, арамза жігітін қатты сүйгенінен болар, оны, керек десеңіз, жазалауын да айтпаған. Махаббат дегенге сенген қыз, мүмкін сол ертегімен мәңгі ұйықтағысы келді ме, кім білсін… Соңғы рет тамақ ішіп отырған мына суреті кімді болмасын еріксіз жылатады. Таоджиннің өмірін жазамын деп, жүрегім қатты ауырып кетті. 1991 жылы Таоджинг өлім жазасына бірер секундтар қалғанында небәрі 20 жастағы қыз еді… Міне… Қыздар жігіттер сияқты емес, сүйсе, жан-тәнімен сүйеді. Өйткені оларда жүрек біреу. Сол жүрекке тірек іздеп, талай қыздарымыз отқа да, суға да түсіп жүр. Қыздар, абайлап жүріңіздер, көп әдемі сөзге сене бермеңіздер! Ал жігіттер, жаныңда жүрген ғашықтарыңызды бағалай біліңіздер… «Таоджинг өлер алдында да әдемі жымиып о дүниеге аттанды» деп жазады сол кездегі газеттер. Жаның жаннатта болсын, ару қыз! Неше күннен бері не үшін Қытайдағы «Апиын соғысын» жаздым? Тырнақ астынан кір іздегендер «Қытайда нең бар?» дейді (инстадағы достарыма қатысы жоқ). Жауабым: Ол жақта осы есірткімен ұсталған, небәрі жиырма жастағы Ақжарқын бар. Қаракөз қызымыз қысық көздердің абақтысында екі көзі төрт болып отыр. Дәрменсіз қызымыз өмірінің соңына дейін абақтыда отырады… Қытай ақшаға сатып ала салатын біздің ел, әлде Ресей емес. Олар сан ғасыр осы апиын соғысымен күресіп келеді. Қайта біздің қызымыздың жазасын жеңілдетіпті. Әйтпесе, басқа мемлекеттің азаматтарын аяп жатқан жоқ. Есірткі тасымалдаушылардың алатын жазасы — Өлім! Өз басым есірткіге қарсымын! Себебі осыдан қаншама жастарымыз ажал құшып жатыр. Ал анаша шеккен, әлде қолына дәрі еккен нашақорларды адам санатына жатқызу өте қиын. Әйтсе де, Тайландтағы монахтар тегін емхана ашыпты. Ол жерге дүние жүзінен миллиондаған нашақорлар барады екен. Бірақ қатаң тәртіпке бағыну керексің. Өздерінің шөптен жасалған дәрілерін беріп, ішті тазалайды. Сөйтіп біразға дейін аш ұстайды. Күніге 14-16 сағат еңбек жұмысына жегіп қояды. Бұған тек төзу қажет. Американдық нашақор өзінің осы дерттен арылғанын былай деп жеткізеді — Бастапқыда өмірім қара түнек болып кеткендей көрінді. Дәріні ішкенде өліп тірілгендей күй кештім. О дүниеге де барып келдім десем артық айтқандық емес. Одан кейін күніге қара жұмыс істеп, ұйқы дегенге зар болдым. Бірінші күндері барлығын тастап, қашқым келді. Алайда, бұл жерден кетсем бұдан да жаман өмір күтіп тұрды. Нашақорлық көріп азап шеккенше, осылай жанымды қинағанды жөн көрдім, — дейді. Қытайдағы Қазақстан елшісі Шахрат Нұрышевтың айтуынша, Ақжарқын Тұрлыбайды әзірге елге алып келу мүмкін емес. Қытайдың Заңы қатты. Ресейдің 38 жастағы журналисі Марина Лопатина да дәл осылай Қытайдың аэропортында төрт келі есірткімен ұсталып, ату жазасына кесілді. Ресейлік Мария Дапирк деген қыз Вьетнамға зат апармақшы болып келісіп, ақыры аэропортта журналдың арасына жасырылған екі пакет героинмен ұсталады. Оны да өлім жазасы күтіп тұр. Ресейліктер қазір осы қыз туралы шулап жатыр. Оның өмірін сақтап қалу үшін ВК желісінде үгіт-насихат жүргізіп жатыр. Алайда, әзірге ешқандай нәтиже жоқ. Ал енді Ақжарқын Тұрлыбайды жазғырып, анасы қайда қарады дегендерге нағашы әжемнің мына бір аңызын айтып берейін. Ертеде бір ана дүниеге сәби әкелген. Сөйтсе киіз үйден босандырып жатқан әйелдер үрке қашыпты. «Не болды?» деп молда кіріп келсе, Ананың құрсағынан басы адамдікі, денесі қап-қара жылан сияқты шұбар бала дүниеге келген екен. Мына сұмдықты көрген ел шулап, «қарасын құрту керек, тезірек көзін жояйық» деп жанұшырады. Сонда сәбиін емізіп отырған Ана жылап, «Ішіме сыйған шұбар жыланым, сыртыма да сыяды» деп жылан баласын беліне орап алып, тоғайдың ішіне сүңгіп кеткен екен. Міне, Ақжарқынның анасы да дәл осылай ішіндегі шұбар жылан баласына ағыл-тегіл болып жүр. Баспаналарын сатып та, банктен несие алып та жатыр екен. Шырқыраған Ана баласының қапаста отырғанын ойлаған сайын түн ұйқысы төрт болатын шығар… «Баламның табанына кірген жантақ, менің маңдайыма қадалсын» деп жүрген Ананы елестетемін де, қайтып айналып Ақжарқынды қаузай беремін. Өмірімде көрмеген қазағымның қаршадай қызы қысық көздерге қор болмаса екен… Ал сіздер айтасыздар нең бар Қытайда деп… «Үмітсіз — шайтан» демекші, Ақжарқын Тұрлыбай сіңліміз, бәлкім кінәлі де шығар, мен білмеймін… Бір білерім, ол тым жас. Менікі жазасын елге келіп өтесе деген жанашырлық тек.
Автор: Бибігүл ДӘУЛЕТБЕКҚЫЗЫ
Дереккөз: bimedia.kz
«Қамшы» сілтейді
http://qamshy.kz/Home/Show/14016
[:en]
[:]