АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]«Қытайда қамалғандардың туыстары асыраушысыз қалып қиналуда»[:]

[:kz]

 

 

 

«Атажұрт» деп аталатын ерікті жастар бірлестігі әлеуметтік желіде көпшілікке арнап үндеу тастады. Мейірімді жандарды жәрдемге зәру оралман қандастарымызға көмек қолын созуға шақырған бұл үндеудің толық мәтіні мынадай:

 

«Атажұрт» ерікті жастары шақырады!

 

«Атажұрт» ерікті жастары осыған дейін  ел аралап, Қытайдың Шыңжаң аймағындағы қазақтарға жасалып жатқан жергілікті биліктің заңсыз саясатының, қатігездігінің кесірінен әке-шешесінен айырылып, туысынан бөлініп қалған, бүгінде Қазақстанда тұрып жатқан көмекке мұқтаж отбасыларға барды, олардың халін сұрап, көмектесті. Бұл жәрдем алдағы уақытта да жалғасын таба береді.

 

Ал көмекке зәру отбасылар мыналар:

 

1). Арыстанбек Сағира. Қазақстан азаматы. Алматы облысының Ащыбұлақ ауылында 3 баласымен (6 жас, 9 жас, 12 жас) тұрады. Күйеуі 2017-жылы ақпан айында Қытайға паспортының жарамдылық мерзімін ұзартамын деп барғанда сақшылар құжатын тартып алған. Содан бері 1 жыл болды, ол отбасына оралмаған. 6 айдан бері еш хабар жоқ, қайда екені белгісіз. Әйелі асыраусыз, тіпті бірнеше ай бойы ет жеп көрмеген. Балаларының кішісі 6 жаста, жұмыс істейін десе баласына қарайтын адам жоқ, жұмыс істемесе аш қалады.

 

2). Кауан Риза. Алматы облысының Сарыөзек ауылында 3 баласымен (4 жас, 8 жас, 11 жас) үй жалдап тұрады. Бұрын күйеуімен басқалардың малын бағып күнелтіп жүрген. 2017-жылы мамырда күйеуі Қытайдағы шешесі ауырып, көңілін сұрауға барғанда Қытай сақшылары паспортын тартып алған. Содан бері 9 айдай болды, отбасына орала алмаған. Әйелі үй ақысын төлей алмай, Сарыөзекте жатақхананың еденін жуып жүр. Балалары қараусыз қалып, ауырып, кезегімен ауруханаға түскен. Өзі еден жуып жүріп құлап, аяғын сындырып алған. Қазір тіпті қиналып отыр. Өздері біреудің от жағатын бір бөлме үйінде тұрады.

 

3). Гүлсанат. Қазақстан азаматы. 3 баласымен (2 жас, 5 жас, 8 жас) Басши ауылында біреудің үйінде отыр. Бұрын күйеуі Мақаншы ауылында біреудің малын бағып жүрген. Визасы бітетін болып, ұзартып келемін деп барғанында Қытайдағылар паспортын тартып алған. Содан бері 6 айдай болған.

 

Ал Мақаншыда 3 баласымен қараусыз қалған Гүлсанатты Басшиде тұратын әкесі 5 ай өз үйінде қараған. Бірақ олар да ауылда тұратындықтан, отбасы үлкен болғасын 3 баламен бөлек үйге шығыпты. Ал күйеуіне Қытайдағы сақшылар қысым жасап, бала-шағасын Қытайға алып келуге міндеттеген, жаңа жылдың алдында 1 айға ғана жіберген. Бірақ әйелі, 3 баласы Қазақстан азаматы болғандықтан оларға виза ашу үшін Қытайдан шақырту керек болып, күйеуі Қытайға қайта барып шақырту әкелуге кеткен.

 

Біз Гүлсанатқа: «Үш балаңмен Қазақстан азаматы бола тұра неге кетесің? Барма, балалардың болашағын байлайсың», – десек, ол: «Мына жерде 3 баламмен не үй жоқ, не жұмыс жоқ, әкеме де масыл болып, келіндерге де жеккөрінішті болдым. Одан да не көрсем де сол Қытайға барайын», – дейді. «Олай жасама, талай адам Қазақстанға жете алмай, зар жылап жүр, тіпті келген адамдар да Қазақстан азаматтығын ала алмай жүр. Саған біз ай сайын көмектесіп тұрайық. Балалардың болашағын ойла», – деп оны алып қалдық. Бірақ үйінде көмір жоқ, тамақтан да қатты қиналып отыр.

 

4). Әбдрахман Мәулида. Екі баласымен Талдықорған жақтағы Бақтыбай ауылында тұрады. 2017-жылы көшіп келген. Күйеуі 2017-жылы тамыз айында Қытайға барғанда сақшылар паспортын тартып алған. Содан бері 7 айдай болыпты, еш хабар жоқ. Әйелі екі баламен жұмыс жоқ, тамаққа ақша жоқ, көмір ала алмай, қатты қиналып отыр.

 

5). Ақыш Емілгүл. Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданындағы Бобровка ауылында 2 баласымен тұрады. Өзі жиі ауырады. Күйеуі Қытайда қал­ған қызын алып келемін деп 2017-жылы қыркүйек айында Қытайға барғанда сақшылар ұстап, саяси үйренуге қамап тас­таған. Содан бері әйелі екі баламен асыраушысыз, тамақтан қиналып, қыстың аязында көмір алатын ақшасы болмай, амалсыз Қытайға қайта кетуді шешкен. Бірақ «Атажұрт» жастары көмектесеміз деп алып қалды. Қазір алған үйінің ақшасын төлей алмай қиналып отыр.

 

6). Сәляхын Жәйна. Еңбекшіқазақ ауданындағы Бәйдібек би ауылында екі баласымен (2 жас, 4 жас) тұрады. Күйеуін 2017-жылы қазан айында Қытайға шақыртып, барған кезде ұстап алып, саяси үйренуге қамаған. Содан бері еш хабар жоқ. Көмектесетін ешкімі жоқ, балалары жас, тамақтан қиналып, қараусыз отыр.

 

7). Бердібек ЕрзатБердібек Серлан.  10 және 8-сынып оқушылары. Еңбекшіқазақ ауданындағы Рахат ауылында тұрады. Әке-шешесі 2017-жылы қазан айында Қытайға барғанда сақшылар паспортын тартып алып, кері қайта алмай қалған.

 

Бұл балаларға әкесінің 3-топтағы мүгедек інісі қарап отыр. Ол кісінің өзі де мүгедектікке құжат тапсыра алмай, мемлекет беретін қаражатты ала алмай қиналуда. Өзінің 3 баласы бар. Балаларды асырап-бағуда қиындық көруде.

 

8). Бейсен Гүлсынай. Жас ақын, термеші. 3 айлық баласымен Жаркентте үй жалдап тұрады. 2017-жылы қыр­күйекте күйеуі екеуі Қазақстанға көшіп келу үшін Қытайдағы заттарын әкелуге барғанда ұсталып, қамалған. Жүкті күйінде, босануға бір ай қалғанда босану үшін түрмеден уақытша шығып, Қазақстанға өтіп келген. Содан бері жалғыз өзі кішкентай баласымен асыраушысыз, қиыншылықпен тұрып жатыр.

 

9). Мәкен Жәмила. Екі баласымен Алматы облысының Қаскелең қаласында тұрады. Күйеуі 2016-жылдың соңында Қытайға барғанда сақшылар паспортын тартып алып, саяси үйрену абақтысына қамаған. Ал әйелі содан бері екі баланы жалғыз өзі асырап, қатты қиналуда. Осы уақытқа дейін ешкімге айтпай өмір сүріп келеді, бірақ қауқарсыз ананы тұрмыс қинап, меңдеп барады.

 

10). Сейіт Ажар. Алматы облысындағы Бақтыбай ауылында 3 баласымен (2 жас, 8 жас, 11 жас) және кәрі атасымен тұрады. Күйеуі Қытайға 2017 жылы наурызда барғанда Қытай сақшылары паспортын тартып алып, өзін саяси үйрену дейтін түрмеге еш себепсіз қамаған. Содан бері 1 жылға жуықтады, жас бала, кәрі атаны асырау жас анаға қиын тиіп, тұрмыстан, қаражаттан қиналып, қайғымен күн өткізуде.

 

11). Сайра. Алматы облысының Рахат ауылында екі баласымен (4 жас, 7 жас) үй жалдап тұрады. Күйеуі Қытайда қалған 8 жасар қызын алып келемін деп барғанда сақшылар ұстап, паспортын тартып алған. Содан бері еш хабар жоқ. Сайра бір баласын көтеріп, бір баласын жетектеп мектепке апарады. Баласы кішкентай болғандықтан жұмыс істей алмайды, асыраушысы жоқ. Тамақ пен ақшадан қиналып өмір сүруде.

 

12). Кенжебай Гүлжалғас. Алматы облысының Сархан ауданында үй жалдап тұрады. 2015-жылы отбасымен Қазақстанға көшіп келген. 2017-жылы күйеуі Қытайдағы науқас шешесіне бар­ғанда ұсталып, саяси үйрену дейтін түрмеге еш себепсіз қамаған. Содан бері жалғыз өзі тұрмыста қиналып, ақша жоқ, үй ақысын төлей алмай, қарызданып, күйеуім келіп қалар деген үмітпен күні-түні жылап өмір сүруде. Басқадай жақын туысы жоқ.

 

13). Әубәкір Нұрқия. Алматы облысындағы Қарғалы ауылында мектеп жасындағы бір баласымен тұрады. Күйеуі 2017-жылы қыркүйекте әкесі қайтыс болуына байланысты Қытайға барғанда сақшылар ұстап, саяси үйрену түрмесіне еш себепсіз қамаған. Содан бері баласымен, асыраушысыз өмір сүріп келеді.

 

14). Мұхан Пәтігүл. 84 жаста. Талдықорған қаласы жанындағы бір ауылда келіні және кішкентай немерелерімен тұрады, 85 жастағы күйеуі мен баласы 2017-жылы шілдеде Қытайға барғанда сақшылар паспорттарын тартып алып, баласын саяси үйрену түрмесіне еш себепсіз қамаған. Ал атамыз ол жақта балалары болмағандықтан әр үйде қонып, қаңғып жүр. Содан бері апамыз келіні және екі кішкентай немересімен қараусыз, тұрмыста қиналып, көз жасын көлдетіп өмір сүруде. 85-тегі дімкәс қа­рия­ның ол жақта не күн көріп жүргенін білмей қатты алаңдаулы.

 

15). Ескендір Бахаргүл. Қаскелеңде 3 баласымен тұрады. 2017-жылы мамырда бір қолы жоқ мүгедек күйеуін Қытай үкіметі алдап шақырып алып, еш себепсіз саяси үйрену дейтін жабық түрмеге қамаған. Содан бері 9 ай болды, одан еш хабар жоқ. Балалары жас, 3 баланы асырау жалғыз анаға оңай болмай, өмірі күні-түні жылаумен өтіп жатыр.

 

16). Қожамқұл Айбүбі. 3 баласымен Алматы қаласында үй жалдап тұрады. 2017-жылы шілде айында ата-анасы мен күйеуі Қытайға барғанда сақшылар паспортын тартып алып, күйеуін Қазақстандағы отбасына еш себепсіз жібермей отыр. Содан бері Айбүбі пәтер ақысын төлей алмай, балаларын интернатқа беріп, өзі жұмыс істеп күн көріп келеді. Балалары интернатта шешесін сағынып жылайды, шешесі бағайын десе аш қалады.

 

…Бұл отбасылар – Қытайдың Шыңжаң аймағы билігінің кесірінен асыраушысынан айырылған жүздеген отбасының аз бөлігі. Біз Талдықорған, Шелек, Ұзынағаш және Алматы – осы төрт жерге тек екі күннен, 8-ақ күнде аралап жүріп тапқан отбасылар. Әлі қанша отбасы шығады, біз бармаған қанша жер, олар естімеген әлі қанша отбасылар бар, білмедік. Мұнда тек жәрдемге аса мұқтаж отбасыларды, соның ішінде тек әйелдер мен балаларды ғана жаздық. Бұдан бөлек, әйелі Қытайда паспортынан айырылып, саяси үйрену дейтін түрмеге еш себепсіз қамалған, соның кесірінен Қазақстанда жас баланы қарап, шарасыз қалған әкелер де бар. Ал ұлынан, қызынан тірідей айырылған ата-ана, аға-інісінен, әпке-қарындасынан тірі айы­рыл­ған азаматтар қаншама… Қытайдан көшіп келіп, күйеуі мезгілсіз ажал құшқан, айықпас ауруға ұшырап, асыраушысыз қалған немесе тағдырдың тәлкегінен күйеуі тастап кеткен жас аналар мен шиеттей балалар қаншама…

 

Міне, осылай. Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі саясаттың, зұлымдықтың кесірінен Қазақстанда:

 

1. Әке-шешесінен айырылып,  панасыз, жылаған балалар қалды. 2. Әкесінен айырылып, асыраушысыз, киер киім, ішер асқа жарымай шеше мен балалар қалды. 3. Әйелінен айырылып, қолы қысқарып, шарасыз еркек пен шешесін аңсап жылаған бала қалды.

 

Құрметті бойында қазақ қаны бар Алаш баласы! Біз жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған Қазақ дейтін ұлы елдің ұрпағымыз. Ендеше өз елімізде отырып, өз қандастарымызды еңіретіп, қауқарсыз қалдыруға құқымыз жоқ!

 

Жігері құм болған әке мен шешеге жәрдемдесуге, әкесін не шешесін күткен баланы жұбатуға мүмкіндігі бар адамдар, көмектесіңіздер! Себебі сіз де – қазақсыз! Әр қазақ шамамыздың келгенінше қол ұшын берейік. Бірігейік! Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Хабарласыңыздар!

 

Қыдырәлі: +77072668899, Серік­жан: +77470639031, Қайрат: +7702­3471777, Жарқын: +77477398571, Нұр­болат: +77085209087.

Жауапты адамдар: Шаяхмет: +77714520299, Мұқият: +77057765218, Орман: +77753725131, Асылжан: +77085409068, Ермек: +77474886013.

Мына жолдар арқылы сіз де көмектесе аласыз: 1). Кез-келген терминалдан «Actіv» 87759988376 нөміріне «единица» етіп саласыз. 2). «Каспий Голд», 5169 4931 1900 2676, ЖСН (ИНН)- 890307303136 картасына кез-келген терминал арқылы сала аласыз.

Жасаған көмектеріңіз үшін Алла сауаптан жазғай!»

 Zamana.kz

[:]