АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]«Қытайда қысым көрсетіп жатыр»: шекарадан елімізге екі қазақ жігіт қашып келді (ВИДЕО)[:]

[:kz]

Өздерін Қастер Мұсахан және Мұрагер Әлімұлы деп таныстырған бұл жас жігіттер Қытайдағы қазақтардың ол жақта қорлық көріп жатқанын жеткізді.

Бүгін екі этникалық қазақ Қытайдан Қазақстанға шекара бұзып қашып келді. Оларды журналист Тоқтар Жақаш өзінің facebook парақшасында тікелей эфирден көрсетті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бейнежазбадан байқағанымыздай, Шығыс Қазақстан облысы арқылы Алматыға жеткен қос азаматтан 31 телеарнаның тілшісі де сұхбат алып жүрді. Ал Тоқтар Жақаштың шағын сұхбатынан түсінгеніміз, өздерін Қастер Мұсахан және Мұрагер Әлімұлы деп таныстырған бұл жас жігіттер Қытайдағы қазақтардың ол жақта қорлық көріп жатқанын жеткізді.

Екеуі Қытайдың Дөрбілжің ауылынан шекара бұзып қашып келген де, еліміздегі Шілік деген елді мекенге табан тіреген. Ол жақтан бері қарай өтіп кеткендерін шекарашылар көрмеген.

Сұрақтарға бірінші жауап берген Қастер Мұсахан: «Әкем қайтыс болған. Шешем, қатын-балам бар. Олар Қытайда қалды», — десе, оның серігі, 1994 жылғы Мұрагер Әлімұлы да артында өз бауырлары, әйелі және баласы қалғанын айтып отыр.

«Қытайда қорлық көріп өлгенше, өз елімізде өлейік деп келдік. Одан басқа ойымыз болған жоқ», — деседі екеуі. Айтуларынша, қытайлар өзге ұлт өкілдерімен қатар, қазақтарға да абақтыда «бүгін біреуін шығарса, ертең біреуін кіргізіп, қатты қысым көрсетіп жатыр» екен.

Осылайша, тарихи Отанынан жанұшыра көмек сұрай келген бұл екі азамат көрші елде мал сатумен айналысқан көрінеді. Ақылдаса келе, жаяулап-жалпылап атақоныстарына қашып кетуге шешім қабылдаған. Енді оларды бұл жақта не күтіп тұрғаны белгісіз. Алматы орталығында тілшілерге сұхбат беріп жүргенде де ол маңайдан жергілікті құзырлы орган өекілдері төбе көрсеткен жоқ.

Тоқтар Жақаштың тікелей эфирде ескертуінше, екеуіне қатысты жаңалықты бүгін кешке 31 және КТК телеарналары да көрсетеді.

 

[:]