[:kz]
Ресейдің Қиыр Шығысындағы халық қытайлықтардан әбден зәрезап болған. Мыңдаған гектар жерді жалға алған олар осынша аумақтың орманын отап, қаптаған жылыжайлар салған.
Бүгінде Ресейдің қыруар ағаштан айырылғанын, экологиясына, флорасы мен фаунасына батпандап зардап келіп жатқанын айтып дабыл көтеріп жүргендер көп. Өйткені Қытай диқандары жерді тыңайту, өнім көрсеткішін арттыру үшін топыраққа сырын адам түсініп болмайтын түрлі химиялық заттар қосады. Мысалы, қазір ғана көкпеңбек болып тұрған қызанақты арада көп өтпей-ақ қызартып, пісіретін тәсілдері бар. Мол өнім алу үшін одан басқа да түрлі айла-әдістер қолданады.
Олардың нарыққа шығаратын өнімі де жергілікті шаруалардікінен арзан, сондықтан орыс диқандары қытайлықтармен бәсекелесе алмай жүр. Жергілікті тұрғындар үшін бұл бір үлкен проблемаға айналып отыр.
Қытайлықтардан келіп жатқан қиыншылық бір бұл ғана емес. Олардың жанды-жансыз нәрсенің бәрін азыққа пайдалана беретіні белгілі. Соның салдарынан Қиыр Шығыста кейбір емдік шөптер жойылып кетудің алдында тұр. Қытайлар ұсақ жәндіктерді де асқа, емге жаратып тұқымын тұздай құртуда.
Соңғы бірнеше жылдан бері қытайлықтар Ресейдің символы болып табылатын аюларға да қырғидай тиюде. Әсіресе оның табаны мен өтіне сұраныс көп.
Аюдың табаны Қытайда және Оңтүстік-шығыс Азияның бірқатар елдерінде деликатес саналады екен. Оны торлы темірге керіп, қуырып жейді, сорпа жасап ішеді. Аю табаны бойға қуат дарытады, шипалық қасиеттері зор деп сенеді. (Аюдың қарны ашқанда табанын соратыны жайдан-жай емес сияқты).
Бүгінде аюдың табаны 1000 доллар тұрады екен. Сондықтан Қиыр Шығыстың кейбір тұрғындары да аю аулап, оның өті мен табанын Қытайға асыруға тырысады.
Осындай «бизнесті» жолға қойғандар шекарадан аю табандарын килолап та, тонналап та түрлі тәсілдермен алып өтуге тырысады. Ұсталып жатқандар бар. Мысалы, 2009 жылы бір орыс азаматы Қытайға 348 дана аю табанын алып өтпек болғанда, 2010 жылы тағы біреуі 500 жұп аю табанын апара жатқанда ұсталған. 2013 жылы 480 кило табан әкетпек болған біреу ұсталған болатын. Айта берсек, мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Ал қонжықтар мен ересек аюлардың біреуінің өзінің табан салмағы 200 грамнан 2 килоға дейін жетеді екен.
Қысқасы, бүгінде Ресейде орыс табиғатының символы болып саналатын аюды ақшаға құныққан браконьерлерден қорғап қалу керегін айтып, дабыл көтеріп жатқандар көп.
Т. Тұран.
[:]