[:kz]
редакциямызға «Қыздар да насыбай ататын болған ба?» деген тақырыппен xат келді. Отырарлық С. есімді бейтаныс бір оқырманымыз Шымкенттегі тойxананың әйелдер әжетxанасынан насыбай қалдықтарын көріп жағасын ұстағанын таңырқай жазады.
«Болашақ ана деп жүрген аруларымыздың кейбірі енді арақ, темекі, калянды ысырып қойып, насыбай атуға көшкен бе? Мынаны көргеннен кейін не айтарымды да білмей тұрмын. Сіздер не дейсіздер? Қандай ақыл-кеңес бересіздер? Қыздарымыз ерсі қылықтарға ұрынбас үшін не істеуге болады? Аталарымызбен жарысып насыбай ататын қыздарға оның зияндығы туралы айтып, түзу жол көрсетсеңіздер екен», – деп шырылдайды. Соған орай бір адам болса да, жөнге келіп, түзелер, өзгелерге де ой салар деген мақсатпен төмендегі шағын кеңесті жариялап отырмыз.
Насыбайдың құрамындағы заттардың адам денсаулығына зияны өте көп. Никотин, тауықтың саңғырығы, әктің суы, сексеуілдің күлі, қара ағаштың шайырын қосып, қайнатып, одан шыққан қоймалжыңды үгітіп-тартып кәдімгі насыбайды әзірлейді. Бұл да темекі сияқты әсер етеді. Насыбай ататындардың 80 пайызға жуығы ауыз қуысы, ас қорыту жүйесін зақымдап, қауіпті дертке шалдығады. Осылайша әуелде қызық үшін бастаған адам біртіндеп насыбайға тәуелді бола бастайды. Асқа зауқы қашып, басы айналып, онсыз тұра алмайтын жағдайға жетеді. Мазасызданады. Қысқасы, әдетке айналады.
Бағасы арзан деп насыбай атып, өз денсаулығын аямайтындар ақыры соңында жазылмас дертке шалдығып, сан соғып жатады. Сондықтан жұртшылық, әсіресе қыздар жағы осындай жат әдеттен бойларын аулақ ұстаса екен.
Ілгеріде көнекөз қарияларымыз қыз баласын насыбайға жұмсай да алмаушы еді. «Атын айтудың өзі ұят қой. Оны сатушыдан қалай сұрайды?» – деп отыратын.
Жалпы, қыз болсын, ұл болсын, қайсымыз болсақ та зиянды әдеттерден бойды аулақ ұстайықшы, ағайын!
Н. ЖҮНІС
zamana.kz
[:]