[:kz]
Әлеуметтік желілерде Маңғыстау облысындағы шенеунік жоғары тұрған басшылармен қалай қарым-қатынас жасауды түсіндіріп отырғаны түсірілген видео тарады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл ретте видеода сөз болған облыстық басқармалардың басшылары ресми шағым түсірді. Олардың екеуі де әйел.
«Мұнайлы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Б. Қуанышбектің әріптестерімен әңгімелескен бейнежазбасы сыбайлас жемқорлыққа шақыруды насихаттайды. Бұл туралы екі басқарма басшыларының мәлімдемесінде айтылған», — деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
«Бөлім қызметкерлері өз кезегінде «сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңды елемей, бұл әңгімеге кедергі келтірмеген. Бұл әрекет те қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады», — деп ескертеді шағымавторлары.
Мемлекеттік қызметші Б.Қуанышбектің негізсіз әңгімесі әйелдердің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіреді, деп санайды арыз берушілер.
«Осының бәрін ескере отырып, кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Ж.Тоқбаева мен инвестициялар және туризмді дамыту басқармасының басшысы В. Мұстапаева уәкілетті органдардан «сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс — қимыл туралы» Заң мен «ҚР мемлекеттік қызметшілерінің этикалық нормалары мен мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Кодекске сүйене отырып, Б. Қуанышбекке қатысты қатаң шаралар қабылдауды сұрайды», — деді әкімдікте.
Сонымен қатар, басқарма басшылары мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің бұзылуын мойындауды және видеодағы бөлім қызметкерлеріне қатаң шаралар қабылдауды талап етеді.
Арызда әлеуметтік желілерде моральдық залал келтіргені үшін айыппұлдарды және ресми кешірім сұрауды өндіріп алу тәсілдерін қарау туралы өтініш те көрсетілген.
Қазіргі уақытта бөлім бастығының міндетін атқарушыға қатысты қызметтік тексеру басталды.
Кейіннен Мұнайлы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бахтияр Қуанышбек қызметінен босатылғаны белгілі болды.
Маңғыстау облысының әкімдігінде Бақтияр Қуанышбек мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің талаптарын бұзғанын мәлімдеді.
«Мұнайлы ауданының әкімі Рахат Елтизаровтың өкімімен Мұнайлы ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бақтияр Қуанышбек Қазақстанның мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің талаптарын бұзғаны үшін қызметінен босатылды», — деп хабарлады өңірлік әкімдіктің баспасөз қызметі.
[:]