[:kz]
Қызылордада үш жасар бүлдіршін жалғыз өзі Алматы-Ақтөбе бағытындағы пойызға отырып, жолға шыққан. Билетсіз жолаушыны полицейлер тек ата-анасының арыздануымен іздестіріп, қаладан 80 шақырым жердегі станциядан түсіріп алыпты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарт агенттігі «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап.
3 жастағы бүлдіршінді сол күні әжесі вокзал маңындағы саябаққа ойнату үшін әкелген екен. Ал вокзалға пойыз келгендегі абыр-сабыр кезінде қария немересін жоғалтып алған.
Ата-анасы полицейлерге шағымданған соң баланың өз бетінше пойызға мініп кеткені белгілі болды.
«Жалаңаш станциясынан пойыз тоқтатылып, оныншы вагоннан бала түсірілді. Сонымен қатар, ата-анасына ешқандай жарақатсыз табысталды, қазіргі уақытта бала отбасымен бірге», — деді Қызылорда стансасындағы жергілікті полиция бөлімшесі бастығының міндетін атқарушы Серік Тоқтыбаев.
[:]