[:kz]
Ғаламторда қызылордалық полицейдің ішкі істер министрі Қалмұханбет ҚАСЫМОВҚА жазған хаты пайда болды. Тәртіп сақшысы арыз–шағымын Zhalobakz.com сайтына жариялап, құқық қорғау органдарында орын алып жатқан келеңсіз жайттарды баяндаған.
Өзінің аты–жөнін атамауды жөн санаған азамат шамамен Арал аудандық полиция басқармасында жұмыс жасайтын көрінеді. Күнделікті басшылықтан қысым көріп жүрген қызметкер мекемедегі былықтар жайлы айтады.«Жас Алаш» сайты аталмыш хаттың мазмұнын өзгертпей толық назарларыңызға ұсынып отыр.
«Саулығыңызды тілеймін, генерал мырза! Менің сізге айтар өтінішім бар. Мен атымды жазбаймын. Жұмыстан шығарып жібереді деп қорқам. Мен Қызылордада ОПД ЖПКБ ППР ШЕП ТЖ СББ бойынша қызмет атқарамын. Біз күнделікті адам басы 2 протокол жазу керекпіз. Жазбасақ ұрысып жұмыстан кейін жаздырады. Айтыңызшы, бұл қаншалықты заңды? Әрбір инспектор өзі анықтаған құқық бұзушылыққа ғана протокол жазу керек емес пе? Ал біз басшыларымыз боқтамасын, ұрыспасын деп жүргізушілерді қинап, тырнақ астынан кір іздейміз», — деп басталады шағым хат.
Жасыратыны жоқ, кез келген полицей ішімдік ішкен жүргізушіні ұстауды армандайды. Хат иесінің жазуынша ол арман жол сақшыларын мезі етіп жіберсе керек. Мас жүргізушіні ұстаудағы көрсеткіш әбден шаршатқан екен.
«Мысалы 2018 жылы бір ауданның өзі 608-бап бойынша 70 протокол толтырған болса, биыл 2019 жылы дәл сондай жетпіс әкімшілік хаттама толтыруымыз тиіс. Орындамаған жағдайда ескерту аласың. Сол 608-баптың жылдық міндеттемесі қаншалықты заңды? Инспекторлар сол үшін өздері заңсыздыққа барып жатыр. Кішкене ұрттаған жүргізушіні наркологқа апарып ақшаға «положительный» қорытынды шығарып алып жатыр. Командирлерге күнде передвижной нарядқа түскен экипаж үш мың теңге, рубежге түссең күнде кезекте тұрғандар 5000 теңгеден жинап бересің. Бермесең сені халық жауы етіп қақпаға автоматчик қылып қояды. Жігіттерді саған қарсы қояды.
Осыған орай ДСБ тексер деп тапсырма берсеңіз. Бірақ тексеруге ақшаға сатылмайтын адамдарды жіберсеңіз. Өйткені, бізде ІІМ-нен тексеру келді деп бізден ақша жинайды. Мен болып жатқан жағдайды айтып отырмын. Ойдан қосқаным жоқ.
Сосын тағы бір сұрақ. Жақында бізде Арал каласында қызмет бабын асыра пайдаланды делінген Ниязов деген полицей мен Куздекенов, Исмайловтардың үстінен арыз түскен. Арызданушыға «Ниязов жумыстан босатылды. Куздекенов, Исмайлов басқа қызметке алмасты» деп жауап келген. Алайда, Ниязовты ғана резервке жіберіп, қалған екеуі ақша беріп мәселелерін шешіп алған. Өз қызметтерінде қалды. Сіз бұл жағдайға қалай қарайсыз? Бұл туралы естідіңіз бе?» — дейді шағымданушы азамат (Ескерту: Автордың хатына редакция тарапынан орфографиялық, эмлелік түзетулер жасалды).
Расымен, жуырда Арал қаласында тәртіпті өрескел бұзған үш полицейге қатысты шу шыққан болатын. Олардың фамилиялары Шиязов, Күздекенов және Исмаилов. Не деген сәйкестік. Бұл қызметкерлердің үстінен аудан тұрғыны Тортай БЕИСОВ шағымданған.
«Аталмыш полицейлерге қатысты оқиға өткен жылдың 14 желтоқсанында орын алды. Себепсізден себепсіз бұл үшеуі жүргізушіге жала жапты. Тоқтатқанымызға тоқтамадыңыз деп жазғырды. Сол жерде жүрген кісілерге тіл тигізіп, бірқатар заң ережелерін бұзды. Нәтижесінде, біз құқық қорғау органдарына шағымданған болатынбыз. Үш азаматқа қатысты шара қолданылған болатын», — дейді Арал қаласының тұрғыны Тортай Беисов.
«Жас Алаш» тілшісі аталмыш хатқа байланысты Қызылорда облыстық полиция департаментіне хабарласты.
«Қазіргі таңда аталмыш хатқа байланысты қызметтік тексеру жұмыстары басталды. Қосымша хабарлайтын боламыз», — деп қысқаша мәлімдеді баспасөз қызметі.
Фотоларды автор ұсынды.
[:]