АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]11 жастағы орыс қызы дәстүрлі ән өнерін дәріптеп жүр[:]

[:kz]

 

Алматы облысының 11 жастағы тұрғыны халық әндерін шырқап, көптің алғысын алып жүр! Текелі қаласында тұратын Яна Адамова халық әндерін орындап қана қоймай, қазақтың күйін де күмбірлете шертеді екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия арнасына сілтеп хабарлайды. 

Яна Адамова бар болғаны 11 жаста. Қазақтың халық әндерін нақышына келтіріп орындайтын ол, талайды талантымен тамсандырып жүр. Домбыраның қоңыр үнін алғаш рет балабақшада естіп, содан оған қатты қызығыпты. Қос ішекті аспапқа аңсары әбден ауған Яна, көп ұзамай арнайы үйірмеге де жазылған.

 

Ұлттық өнерге деген қызығушылығы осылай оянған екен. Янаның қазақтың ән өнеріне деген құштарлығын алғаш байқағандардың бірі — еліміздің еңбек сіңірген артисі Мырзахмет Мүкаманов. Бала бойындағы дарынды бірден сезген кәсіби маман, қаршадай қызды өзіне шәкірт қылып алды. Қазір бар білгенін үйретіп, ұлттық өнердің қыр-сырына қанықтыруда.  

«Янаның бойында қасиеті, ән үйренем деген қасиеті маған ұнады. Ән салғым келеді. Өзі орыс қызы бола тұра қазақ әндерінен домбырамен айтуға құштар болды. Қазір бір ән түсіндірсең қағып алады. Келесі аптада өзіңе айтып тұрады» — дейді ҚР еңбек сіңірген артисі Мырзахмет Мүкаманов.

Жас өнерпаздың бүгінге дейін жеткен жетістіктері де аз емес. «Ғұмырдария», «Жетісу жұлдыздары», «Бала әлемі» деген байқауларға қатысып, топ жарған. Яна ендігі болашағын осы дәстүрлі ән өнерімен байланыстырғысы келеді. Сондықтан, қазір қазақ сыныбына ауысып, мемлекеттік тілде білім алуда.  

«Қазақ әндерін айту үшін қазақ сыныбына түстім. Алғашында қиын болды. Қазір бәрі жақсы. Енді 9-сыныптан кейін музыкалық колледжге түсемін», — дейді жас өнерпаз Яна Адамова.

«Мен қызымды мақтан тұтамын. Домбырамен ән айтуға оны ешкім күштеп үгіттеген де жоқ. Өзі қызықты. Ынтасы осыған ауды. Мен құптаймын. Сондықтан, қазір қызымның костюмері де, қолдаушысы да болып жүрмін», — дейді анасы Инесса Паниш.

Яна бойындағы дарынын одан әрі шыңдағысы келеді. Оны отбасындағылар да қолдап отыр. Сондықтан, олар алдағы уақытта Текеліден облыс орталығы Талдықорғанға қоныс аудармақ ниетте.

 

[:]