[:kz]
Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Ерболат Мұхамеджан Түркістан облысындағы лагерьде болған оқиғаға байланысты пікір білдірді. Аймақтағы демалыс орнында тәрбиеші балаларды ұрып соққан деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ол әлеуметтік желіде Түркістан облысы, Төлеби ауданында орналасқан «Сұңқар» жеке меншік демалыс орнындағы оқиға көпшілікті мазалап жатқанын байқағанын жеткізді.»Біріншіден, бірден айтайын балаға қарсы қолданған кез келген күштік іс-әрекет қатаң жазалану қажет. Екіншіден, жергілікті атқарушы органның мәліметіне қарасақ, аталған мекеме облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің қорытындысын да алмаған.
Үшіншіден, облыстық білім басқармасының лагерлер тізбесіне енбеген, білім саласына қарасты мекеме емес, жекеменшік демалыс үйіне жатады. Төртіншіден, «Сұңқар» демалыс орны мемлекеттік конкурсқа қатысып, ағымдағы жылдың жаз айларында Түлкібас ауданының 800-ден астам оқушыларын, Шардара ауданының 50 баласын сауықтыруда. Құжаттары болмаса ол қалай конкурс ұтып алғаны зерттелетін болады», — деде Ерболат Мұхамеджан.
Оның сөзінше, қазіргі уақытта тәрбиешінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Министрдің кеңесшісі орын алған оқиға бойынша, бірнеше заңсыз әрекеттер байқалғанын атап өтті.
«Құзыретті органдар аталған оқиға бойынша өз құзыреті шеңберінде тексеріс жұмыстарын бастап, жағдайды жеке бақылауында ұстайды. Нәтижелері бойынша алдағы уақытта хабарланатын болады», — деді ол.
[:]