[:kz]
Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров «Ресей мен Қазақстан: шекарасыз әріптестік» атты мақаласында «Қазақстандағы орыстілділерге қысым» атты ойдан шығарылған тақырыпты тағы да қозғады.
Лавров былай дейді: «Қазақстан мен Ресейдің жаңа тарихында екі ел әріптестік пен ұлттық қатынас саясатында қоғамды біріктіру, халықтар арасындағы гармонияны сақтауды сәтті іске асыруда. Өкінішке орай соңғы уақытта біз Қазақстандағы орыстілді тұрғындарға қатысты ксенофобиялық әрекеттерге куә болдық. Жекелеген жағдайлар сырттан арнайы ақпараттық әдістеме беру арқылы іске асып, Ресеймен қатынасты нашарлату мен жергілікті ұлтшылдықты дәріптеуге бағытталған».
Бұл сандыраққа Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева жауап қатты.
Депутат былай деді «Азаттыққа» берге қысқаша пікірінде: «Қазақстанда ешқандай ксенофобия жоқ. Мен өзім беларуспын. Ешқашан да өзім ксенофобияны, теріс қарағанды сезінген жоқпын. Басты қатырмасын» . Міне, қысқа-нұсқа түсінікті жауап.
Бұл депутаттың жауабы. Бірақ біздің СІМ үнсіз. Ресейлік әріптесіне жауап қататын жан табылмағаны ма? Ресейдің министріне жауап министрлік тарапынан болуы заңдылық емес пе?! Алайда әлі жауап та, пікір де айтылмады. Мәскеу «үндемеу дегеніміз — келісу» деп түсінері анық. Жалпы Ресей қоғамы осы принциппен күн кешеді.
Ресей билігі «орыстілділерге қысым» атты ертегіне шығарып, өз аудиториясын соған сендіріп, енді оны Қазақстан билігіне қысым жасау үшін қолдануда. «Орталық Азиядан келгендер кетіңдер» деп ұрандайтыр ксенофобияның отаны саналатын Ресейдің бұл қысымына жауап анық әрі нақты болуы тиіс. «Бұға берсең, сұға береді» деген атам қазақ. Үндемей қалу немесе байқамаған сыңай таныту кейде асқан дипломатияның белгісі емес-ау.
Қазақ жеріне қатысты Никонов, Федоров пен Жириновскийлер аузына келгенін айтып, сандырақтаған сәтті де көрдік. Соңғы екі жылда Ресейдің шекаралас көршілеріне қысым саясатын ұстанып, қыр көрсетуі артты. «Аумақтық тұтастық пен тіл мәселесін» қозғап, шу шығаруда.
2020 жылдың, 21-маусымында Путин «Кеңес Одағы құрылған кезде, одақтан шығу құқығы жайлы жазылды, алайда шығу үрдісі жазылмағандықтан үлкен сұрақ туындайды: Егер қандай да бір ел Кеңес Одағына кірген соң өзіне ресейдің тарихи жерінен үлкен аумағын алса, артынша Одақтан шыққысы келсе, онда қандай жермен кірді, сондай жермен шықсын. Орыс халқының сыйлығын өзімен бірге ала кетті. Оның бірде біреуі жазылмады ғой. Мен біздің Конституцияға өзгеріс енгізіп жатқанымызды дұрыс санаймын» деген еді. Артынша ресейлік саясаткер Вячеслав Никонов «Большая игра» бағдарламасында: «Қазақстан болған жоқ, Солтүстік Қазақстанда бұрын мүлде халық қоныстанбаған еді. Олар болған, бірақ оңтүстікке жақын. Шын мәнінде, Қазақстан территориясы — Ресей мен Кеңес Одағының үлкен сыйлығы», — деді. Федоров пен Мединский де аумақтық тұтастығымызға күмән келтіре сөйледі. Жириновский тіпті «қазақтар өздеріне қала салып, қазақша атап алсын. Петропавл мен Павлодар сынды қалаларға тиіспесін» деді.
Оларға Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед және қоғам белсенділері жауап қатты. Министрлік наразылық нотасын жолдады. Алайда аумақтық тұтастыққа келгенде реакция танытқан министрлік, «тілдік қысым» деген өтірікке қатаң реакция танытпай отыр.
Асхат ҚАСЕНҒАЛИ,
«Адырна» ұлттық порталы
[:]