АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Лукашенкоға шегінетін жер қалмады[:]

[:kz]

 

 

 

Сасқан «Батька» соңғы шараға көшті – халыққа қарсы қан майдан ашты

Белоруссиядағы жағдай жаңа сценарийге көшетін сияқты. Күні кеше Светлана Тихановскаяның Лукашенкоға қойған «кет» деген ультиматумының мерзімі өтті. Кете қойған «Батька» жоқ.

     Содан елде жаңа қарқынмен жаңа ереуілдер басталды. Күн сайын Беларусь қалаларында қарақұрым халық көшеге шығып, жаппай шерулетуде. «Билікке тас кенеше жармасуым керек» деген стратегияны таңдаған Лукашенконың енді халыққа ашық соғыс ашуынан басқа шарасы қалмады. Жаппай митингілердің басында «Мені өлтірмесеңдер, мен кетпеймін» деген Лукашенко шынымен-ақ өліспей беріспейін деп отыр.

     Енді Лукашенко шерушілерге қарсы оқ атамын деп, ресми түрде қоқан-лоқы жасауға көшті. Ол наразы халықты террористерге теңеді. «Террористер шектен шығып, мемлекетке шын қауіп төндіре бастады», – деді ол.

Осылайша Лукашенкоға бағынышты қарулы күштер мен құқық қорғау органдарына наразылық шерулерін басу кезінде кез келген қатыгездікке баруына ресми рұқсат берілді. Лукашенконың пікірінше, осы уақытқа дейін тәртіп сақшылары жұмсақтық танытып келіпті. Бірақ тергеу абақтыларына қамалғандарға қандай қатыгездікпен күш қолданылғанына әлеуметтік желілердегі түрлі видеолар куә. Беларусьта онсыз да көшедегі халыққа күш қолданылып, оқ атылып жатқаны рас.       «Теміржолдарды жауып, бағдаршамдарды бүлдіріп, шағып жатқан террористердің соғысына қарсы тұру керек» деген Лукашенко енді өз соғысын ашты. Наразылық шерулеріне қатысқан студенттерді оқудан шығарып, көшеге шыққан мектеп оқушыларының көзін құртыңдар деді. «Батька» осылайша елдегі онсыз да қиын жағдайды одан сайын күрделендіріп отыр.

      Жағдай мұндай сценариймен өрбісе – қантөгісті күте беріңіз. Ал төгілген қан үшін жауапкершілік ертең тек Лукашенконың мойнына ілінетіні қазір ол үшін маңызды емес.

[:]