АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]«Маған былапыт сөздер айтылып жатыр…»: Шаханов Серікжан Біләшқа өлең арнамағанын жеткізді (ВИДЕО)[:]

[:kz]

 

«Мұхтар Шаханов 40 жыл бұрын Серікжан Біләшқа арнап өлең жазған» деген ақпарат тарады. Адамдардың бірі оны ақынның қаламынан туған дүние десе, енді бірі жоққа шығарды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы, zanmedia.kz-ке сілтеме жасап.

Ал Мұхтар Шахановтың өзі «мұндай өлеңнің авторы мен емес, менің атымнан әлдекімдер жазған» деп шырылдады.

«Желіде соңғы кезде мен туралы ақпарат тарады. Мені жерден алып, жерге салғандар да, өткірікші дегендер де бар. Маған былапыт сөздер айтылып жатыр. Оларды естісең, төбе шашың тік тұрады. Ал мені қолдап жатқандар да бар. Оларға алғысымды айтамын. 40 жыл бұрын Серікжан Біләштің кім екені де, аты да, заты да белгісіз еді. Сонда мен оған қалай өлең арнаймын?» – дейді ақын.

Ол осы тұста өз ұстанымын айта кетті.

«Кім шындығын жоғалтып алса, ақты ақ деп, қараны қара деп айыра алмаса, сөзі басқа, ісі басқа болса, елдік-ұлттық мүддеге тамыр жібере алмаса, пенделігі тек өзін емес, қоғамын да алдаса, онда ақынның да, ғалымның да, саясаткердің де мазмұны, даңқы – далбаса. Сондықтан шындық биігінде жолығайық. Ұятты іспен айналыспайық», – деді Шаханов.

Еске сала кетсек, Шахановтың ертеректе жазылған «ЕРКЕКТЕРГЕ КӨЗҚАРАС немесе ӘЙЕЛГЕ СИРЕК ЖОЛЫҒАТЫН БАҚ» деген өлеңіне Серікжан Біләштың жақтастары «Қазақтың батыр ұлы Серікжан Біләшұлына арнадым» деген сөз қоса салған. Сондай-ақ, түпнұсқаның соңына «Р.S.» деп қойып, мына шумақтарды жалғаған:

«Беу, Серікжан, ардақты інім, батырым,
Сұйықтады меніңдағы ақылым.
Жас ұлғайды, білмей қалам,
Алысым кім, жақыным,
Намыссыз кім, батырым.
Тіпті кейде сеніп қалам,
Өсек айтса қатыным.

Азайғаны осы болар
Тау көтере алмас салмақтың,
Осы күні жел айдаған қаңбақпын.
Сезеді ішім азайғанын,
Жігітсің деп шығаратын бармақтың.
Кәріліктің кесірінен,
Бір иттердің шешімімен,
Кестім сенің жолыңды,
Кешір соны, ардақтым!
Кешіре гөр, Ардақтым!».

Ал Серікжан Біләш деген кім дегенге келсек, ол — тіркелмеген «Нағыз Атажұрт еріктілері» ұйымының жетекшісі ретінде «ұлтаралық араздықты қоздырып, алауыздық тудыруға бағытталған әрекеттер жасады» деген күдікпен ұсталған азамат.

 

[:]