[:kz]
Алғашқыда Super Star.kz байқауы арқылы танылып, кейін «Арнау» дуэтінде ән салған Жанар Хамитованың 11 жылдан кейін жұрт назарына шығуы ғаламторда қызу талқыға түсуде. Осы уақытқа дейін жеке өмірін жұмбақ ұстап, таяуда ел күтпеген мәлімдеме жасаған эстраданың экс-өкілімен Stan.kz тілшісі сұхбаттасып қайтты.
«Бұл өмірде ештеңе бекерден бекер болмайды екен. Super Star.kz жобасына және шоу-бизнеске келуім тағдырыма солай жазылған деп білемін. Негізі мен Қарағандыдағы ішкі істер академиясына түсейін дегенмін. Өйткені менің туысқандарымның барлығы құқық қорғау органдарында жұмыс істейді. Мен де солар сияқты боламын деп ойладым. Мені әкем өте қатал тәрбиеледі. Тіпті бір тал сіріңке жағып, сол жанып біткенше тез киінуге үйретті. Спортпен бала кезден шұғылдандым. Ер бала сияқты өстім. Бірақ Super Star.kz бүкіл өмірімді өзгертті. Ал, шоу-бизнеске қайта оралуым өзімнің қалауым. 10 жыл бойы түсіме бір ғана сәт кіре берді. Ноталар, әндер, сенің үнің бар дегендей. Ол – өнерге оралу! Музыка жүрегімде. Оны ешқашан тастап кете алмайды екенсің. «Ән көңілдің ажары» дейді ғой. Сол рас екен», — дейді Хамитова.
Шоу-бизнеске оралған Жанардың құпиялары мұнымен шектелмейді. Ол қиын кезеңде өзіне қолдау көрсеткен танымал жұлдыздардың жақсылығын да еш ұмытпаған. Мәселен, осыдан 5 жыл бұрын цирк әртісі Мұрат Мұтырғанов пен Жанардың арасында «махабббат диалогы» өрбіген көрінеді.
«Мұрат Мұтырғанов маған 30 мың теңге берді. Сол кезде маған «Құдай-ай, сенің екі балаң бар. Мен саған кезінде маған тұрмысқа шық» деп айттым ғой дейді. (Күледі.) Мұрат кезінде менің соңымнан жүгіріп, сезімін білдірген еді. Менің жауабым «Мұрат, екеуміздің де бойымыз кішкентай. Бізден қандай балалар дүниеге келеді» деп қалжыңдадым. Мен өзімнен бойы ұзын азаматқа тұрмысқа шықтым. Өйткені балаларымның ірі денелі, қаны жақсы болғанын қаладым», — дейді Жанар.
Жанардың жеке өміріндегі жайсыз хабардан кейін, әншіні бірінші болып қолдаған – Сиви Махмұди. Таяуда ғана танысқан өнерпаздар, аздаған уақыт ішінде сырлас құрбыларға айналып үлгерген секілді.
«Дәл қазір Сивимен танысып жатырмын. Сивимен кездесуіміз бекер емес. Бірақ кездейсоқ кездесу болды. Бізді таныстырған Радик есімді досым. Мен ол жігітпен осыдан 13 жыл бұрын Super Star.kz жобасынан кейін танысқанмын. Содан бері көрген жоқ едім. Біз бір ай бұрын кездейсоқ кездесіп қалдық. Телефон алмастырдық. Ол мені аш жүрген кезімде тамақтандырды. Теледидарға шыққаннан кейін маған хабарласты. Сивимен таныстыратынын айтты. Сиви – мен үшін әйелдер қауымының эталоны. Үш баланың анасы, мен де анамын. Біз бір-бірімізді тез түсінісіп кеттік. Ештеңеге қарамастан алға ұмтылу керектігін ұқтым. Менің бұл әрекетімді «хайп» деп қабылдап жатқандары да бар. Кім қалай ойласа, солай қабылдасын. Мен ашық адаммын. Қалай бармын, солай айтамын. Егер алға қойған мақсатыңа жеткің келсе, барлығына үлгеру керек. Хайп болсын, қара пиар болсын, мен ештеңені жасырмаймын. Бұл менің өмірім», — дейді әнші.
Тұрмыстың тауқыметін тартқан Жанар, жарымен ажырасқалы мейрамханаларда ыдыс-жуып, жалдамалы пәтерде күнелтіп жүргенін де жалпақ жұртқа жария қылған еді. Бұдан былай Хамитова да жаңа қызмет. «Арнау» тобының экс-әншісі енді Сивидің ойын-сауық кешеніне келген меймандарға ән шырқайтын болыпты.
«Сивидің мейрамханасында қонақтарға ән салып тұрамын. Бұл жерде керемет атмосфера. Мейрамханада ыдыс-аяқ жууды тастадым. (Күледі.) Мен төрт жасымнан жұмыс істеп жүрмін. Ең алғаш сағыз сатқан кездерім болған. Мен кім болып жұмыс істемедім десеңізші. Даяшы да болдым», — дейді Жанар Хамитова.
Айта кетейік, бүгінде Жанар Хамитова балаларының әкесімен заңды түрде ажырасқан. Бұрынғы ерлі-зайыптылардың ортақ некесінен екі ұлы бар.
[:]