[:kz]
Мақпал Исабекованың инстаграм парақшасы небәрі 10 сағаттың ішінде сатылып кетті. Әнші алған қаражатты қайырымдылыққа жұмсамақ.
Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Бірнеше күн бұрын Мақпал Исабекова өзінің инстаграм парақшасын сатылымға шығарған болатын. Аталған парақша небәрі 10 сағаттың ішінде сатылып кеткен. Әнші енді парақшаны сатқаннан тапқан ақшасын, отаға мұқтаж бойжеткенге табыстамақ.
“Мен үлкен әлемнің кішкене ғана бөлшегі болғандықтан, жақсы іс жасап кеткім келеді. Бұл – менің сіздерге бағытталған осы парақшадағы соңғы жазбаларымның бірі. Менімен бірге болған әрқайсыңызға алғыс айтамын. Сенімдеріңіз үшін де рахмет. Сенім – үлкен жылжытушы күш, менің тірегім. Маған сенім артпаған жандарға да алғыс. Өйткені олар маған мықты болуыма көмектесті. Парақшам небәрі 10 сағаттың ішінде сатылды.
Бүгін мен осы парақшамның арқасында тапқан 1 500 000 теңгені Әселге табыстаймын. Қытайда жатқан бұл қызға жуырда ота жасалады. Мен ода барлығының жақсы болатынына сенемін Ин Ша Аллах. Әсел, тезірек жазылып, жақын адамдарыңыздың ортасына оралыңыз. Инстаграмды астаналық бойжеткен сатып алды. Өз атымнан іздеген дүниеңізді табуыңызға тілектеспін. Жақсылықты шексіз жасай беруге болады. Жақсы істер үнемі жасалып тұруы тиіс.
Бақытты, сүйікті, ашық жарқын, қуанышқа толы болыңыздар. Жасаған істеріңізде қолдау көрсетіп отыратын адам қастарыңыздан табылсын. Армандарыңызға ұмтылып, стереотиптерді жоққа шығарудан қорықпаңыздар. Өздеріңізге, мүмкіндіктеріңізге сеніңіздер. Үнемі мейірімділік туралы ойлауға тырысыңыздар. Жақындарым мен алыстарым, мейрамдарыңызбен! Жаңа жылда менің жаңа парақшамда кездесейік. Менен үлгі алған жан болса, бақыттан басым айналар еді”, – дейді Мақпал Исабекова.
Естеріңізге сала кетсек, Әсел Құсайынова Алматы-Талдықорған трассасында болған жол апаты салдарынан аяғынан айырылған еді. Бойжеткеннің денсаулығы сыр бере бастағандықтан, дәрігерлер аяғының кесілуі мүмкін екенін айтып жатыр. Мұндай жағдайда 29 жастағы бойжеткен протезбен де жүре алмай қалуы мүмкін. Алғаш рет аяғын кескен кезде, Әселді күйеу жігіті тастап кеткен екен.
stan.kz
[:]