[:kz]
Малайзиядан 29 наурызда елге оралған туристің хикаясы
Айсұлу Құсайынова – Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны. Қазір Малайзиядан келіп, Алматы шаһарында карантинде жатыр. Ол Малайзиядан Қазақстанға оралған сапары — өміріндегі ең қиын әрі ұзақ жол болғанын айтты. Отандасымызбен Azattyq Rýhy тілшісі сұхбаттасқан еді.
— Әлемде коронавирус індеті ушығып тұрғанына қарамастан, не себепті шетелге шығуға мәжбүр болдыңыздар? Малайзияға неше адам бардыңыздар?
— Біз саяхатымызды өткен жылдан бері жоспарлап жүрдік. Желтоқсан айында билет сатып алдық. Өте тиімді тариф еді. Сондықтан билеттің ақшасы қайтарылмайтын болып шықты. Туристік компания қызметіне жүгінбей, билетті өзіміз алған едік. Шетелде тұратын орынның да ақысын төлеп қойғанбыз. Мақсатымыз — Оңтүстік-Шығыс Азиямен танысу болды. Бұған дейін ол жаққа барып көрген емеспіз. Аталған аймақтағы елдердің қаншалықты қауіпсіз екенінен бейхабар едік. Сондықтан күйеуім екеуміз балаларды апармай, туыстарымызға қалдырып кетуді ұйғардық. Малайзиямен қатар, Индонезияға да бару жоспарда болды. Ол жақтағы жағдайды интертент арқылы бақылап отырдық. Біз барған сәтте елде ауырғандар саны 200 адамға жуықтаған болатын. Куала-Лумпурге 13-ші наурызда жеттік.
— Малайзиядағы жағдай қалай екен?
— Біз ұшақтан түскенде әуежайдағы жағдай қалыпты еді. Туристік аймаққа тән халық қарасы көп екен. Әуе рейстері де әдеттегі кестеге сай келіп-кетіп жатты. Бізге қызмет көрсеткен такси жүргізушісімен тілдескенімізде, ол елдегі жағдай жақсы екенін айтты. Арада 4-5 күн өткенде барлығы күрт өзгерді. Күтпеген жерден наурыздың 18-і елде карантин енгізілді. Мемлекетке кіріп-шығу қатаң шектелді. Қонақүйлер меймандарды қабылдауды тоқтатты. Барлығы жабылып жатты. Демалыс орнындағы барлық нысандардың есігі қаңтарылды. Дүкендер де солай. Тек азық-түлік маркеттері мен дәріханалар жұмыс істеді. Әрқайсының кіре берісінде полиция қызметкерлері кезекшілік атқарды. Бір айта кететіні, елде төтенше жағдай орнағанына қарамастан, дөрекі мінез көрсеткен бір адамды кездестірген жоқпын. Жергілікті халықпен де, шет елдерден келген туристермен де сыпайы сөйлесіп, қызмет көрсетіп жатты. Сауда орындарына кіріп-шыққандардың дене қызуы тепловизормен тексерілді. Блок-бекеттер іске қосылды. Метро, автобустар, бір сөзбен айтқанда, қоғамдық көліктердің барлығы жұмысын тоқтатты. Көшеде адам саны күрт азайды. Есесіне, такси мен тамақ жеткізу қызметінің жұмысы қыза түсті. Тамақ тасыған мотоциклдер ерсілі-қарсылы ағылып жатты.
— Сөзіңізге қарағанда, Малайзиядан Қазақстанға оралу оңай болмаған сияқты. Бұл қиындықты қалай еңсердіңіздер?
— Жүйкеміз тозды. Бес күн, бес түн көз ілген жоқпыз. Сыртта жүрсек те, Қазақстанда жарияланып жатқан әр жаңалықпен танысып, оқып отырдық. Елге келгеннен кейін 2 апта уақытты карантинде өткізетінімізді білдік. Бізді стационарға жатқызбаған күннің өзінде, өзіміз оқшауланудың жолын ойластырдық. Өйткені, бала-шаға, ата-ана, туған-туыстарымыздың денсаулығына қауіп төндіруге болмайды. Өзге адамдардың да денсаулығына зиянымыз тиіп кете ме деп үрейлендік. Малайзияға «Air Uzbekistan» әуе компаниясы арқылы барғанбыз. Олар біз елге қайтатын рейсті еш ескертусіз тоқтатып тастады. Сенімсіз компания болып шықты. Билеттеріміз күйіп кетті. Егер ертерек хабарландыру жасап, тұтынушыларын құлақтандырса, билетті ауыстырып алуға болатын еді. Кеткен шығынды әлі күнге дейін қайтара алмай отырмыз. Компанияға интернет арқылы бірнеше рет өтініш білдірдім. Ешкім жауап берген жоқ. Бәрін төтенше жағдайдың кедергілеріне, түрлі арыздардың көптігіне жапты. Бәлкім, қызметкерлер үлгермей жатқан шығар. Басқа амал болмаған соң, Малайзиядағы Қазақстан елшілігіне хабарластық. Бізбен Қуаныш есімді жігіт тілдесті. Шыны керек, бастапқыда олардың көмектесетініне көп үміт артқан жоқпын. Ойым дәл келді. Елшілік өз тарапынан ешқандай көмек болмайтынын жеткізді. Жығылғанға жұдырық демекші, ұшақ билеттері бірнеше есе қымбаттап шыға келді. Жолдасым екеумізге билет алуға 600 мың теңге қажет екен. Қазақстанға «Air Astana» әуе компаниясының соңғы рейсі 29 наурыз күні ұшатынын білдік. Санаулы күндерде осынша қаражат табу керек болды. Туыстарымыз қол ұшын беріп, соманы тауып берді. Қарыз алдық.
— Ұшақтан түскен бетте қандай тексеріс шаралары жасалды?
— Әуе көлігіне отырған сәтте бізге сауалнама берді. Денсаулық жағдайымыз, соңғы уақытта кіммен байланыста болғанымыз жайлы сұрақтар жазылған екен. Оны ұшақтан түскен бетте медицина қызметкерлеріне тапсырдық. Алматыға 29 наурыздың түнінде жеттік. Траптан түскен сәтте құқық қорғау органдарының қызметкерлері паспортымызды жинап алды. Ұшақтан түскен жолаушыларды 10 шағын автобусқа отырғызып, «Көктем» шипажайына алып кетті. Ешкім әуежай ғимаратына кірген жоқ. 15 минутта тіркеуде тұрдық. Дистанция сақтау мүмкіндігі болған жоқ. Осы кезде көпшілік біраз қарсылық танытты. Таңғы сағат алтыға таяғанына қарамастан, бізді қараған дәрігерлер жылы қабақ танытты. Бәріміз шаршағанымызға қарамастан, көңіліміз біраз орнығып қалды.
— Карантинде қанша мерзім боласыздар? Бір бөлмеде неше адамнан тұрып жатырсыздар? Денсаулықтарыңызды тексеру жағы қалай жүргізіледі?
— Қазір күйеуім екеуміз екі орындық палатада жатырмыз. Жеке санитарлық торап бар. Күніне 3 рет тамақ әкеліп береді. Тамақ пен мұрыннан сараптама алды. Нәтижесі 2-3 күнде белгілі болды. Вирус жұқтырмаған екенбіз. Дәрігерлер ыстығымызды өлшеп, өкпемізді тексерді. Көңіліміз біраз орнығып қалды. Қазақстанда коронавируспен ауырып жатқандардың статистикасын көбейтпесек екен деп ойлаймын. Бұл біздің еліміздегі ғана жағдай емес. Үкімет жалғыз өзі мәселені реттеуге қауқарсыз. Елімізде дер кезінде карантин жарияланды. Вирустың келетініне 2 апта бұрын дайындалды. Көбі қашықтан жұмыс істеуге көшті. Өндіріс саласы жұмыс істеп жатыр. Осының барлығын ескеріп, әрқайсымыз сақтанып жүруге міндеттіміз.
— Бұл сапар сізге қалай әсер етті?
— Жоспар құруға болмайды екен. Көзқарасым, өмірлік ұстанымым мүлде өзгерді. Бұрын мансап, қызмет туралы ойлайтынмын. Оның бәрі бекер екен. Қазір туыстарымды бағалай бастадым. Сол кісілермен қарым-қатынасқа басымдық беремін. Өз денсаулығымды бағаламаппын. Ол бізге берілген баға жетпес сый екен. Жастар ауырмайды деп ойлайтынмын. Кез келген жастағы азамат денсаулыққа мән беріп, күтініп жүруі керек. Бұл – менің өмірімдегі ең ұзақ және уайымға толы сапар болды.
— Сұхбатыңызға рахмет!
Эльмира Мәмбетқызы
[:]