[:ru]
«Мәңгілік Ел» идеясы қазақстандық бірегейлік бағытындағы ең маңызды құжатқа, екінші конституцияға айналуы қажет. Осыны ұғынуға тиіспіз. Осынау идеяны Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында талқылап, баршаға түсінікті «Мәңгілік Ел» құжатын жасауымыз керек. Мектептерде бүкілқазақстандық құндылықтар ретінде «Мәңгілік Ел» идеясы оқу бағдарламасына енуі керек».
Президент Н. Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының XVI съезіндегі сөзінен.
«Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеядан ұлттық идеологиямызға айналды. Тәуелсіздік алғанына 25 жыл болған еліміздің ұлттық идеологиясын білім беру жүйесін жаңа сапаға көтеру арқылы жасаймыз. Демек, білім беру жүйесін сапалы дамыту – «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыратын басты негіз. Білім беру жүйесі мәдениетпен тікелей байланысты. Демек, «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыру үшін білім беру жүйесінің мақсатын өзгерту керек. Ол мақсат – бүгінгі мектеп оқушыларынан болашақта шығармашылық сипатта ойлайтын «мәдениетті тұлғаны» қалыптастыру. «Мәңгілік Ел» идеясының философиялық мәдени астарын талдауда ерекше назар аударатын мәселе – ұлттық тәрбие. Ұлттық тәрбие әрбір отбасынан, мектеп қабырғасынан бастау алып, қалыптасады. Сондықтан мектептегі және отбасылық тәрбие мәдениетті тұлғаларды қалыптастыруды басты мақсат ретінде ұстануы керек. Орта білім беру мектептерінің ұстаздары болашақ жастарды ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелей отырып, олардың санасына патриоттық сезім ұялатуы тиіс.
Алматы қалалық білім беру департаменті қазір осы бағытта жұмыс істеуде. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл толу мерекесі қарсаңында Алматыдағы Әуезов ауданына қарасты №104 жалпы білім беретін мектепте Қазақстан Тәуелсіздігінің 25-жылдығына арналған тәрбие сағаттары әрбір сынып бойынша өткізіліп жатыр. Мектеп ұжымының директоры Мұхтарқұлова Айза Алпамысқызының бастамасымен Тәуелсіздігіміздің 25-жылдығына арналған мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. Директордың орынбасары Оразақынова Майгул Батырханқызы желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтармен мектепте кездесу ұйымдастырды. Ал, осы мектептегі бастауыш сыныптардың оқушылары үшін «Мәңгілік ел» идеясы аясында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл толуына байланысты үлкен мерекелік тәрбие сағаттарын өткізілді.
Әуезов ауданындағы №104 жалпы білім беретін мектептегі 3 «Б» сыныптың мұғалімі Түзелбаева Эльмира Абдрахманқызы «Тәуелсіздік таңы атты» атты мерекелік тәрбие сағатын өткізді. Кішкентай бүлдіршіндердің сахнасына «Қазақстан – Мәңгілік ел» деген сөздер алтын әріптермен жазылыпты.
— «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын балалардың санасына осы жастан бастап сіңіруіміз керек. Өйткені еліміздің болашағы осылар ғой. Біз осы жас ұрпақтың жүректеріне отанына деген сүйіспеншілікті, үлкен сенімді ұялатуымыз керек. Тәуелсіздік күні еліміздің барлық азаматтары үшін орны ерекше мереке деп білеміз, себебі, осынау жүрекжарды қуанышқа толы күнді ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандап, күтумен өтті. Тәуелсіз ел болу дегеніміз — ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатқан салт- дәстүріңді, әдет ғұрпыңды айқындап көрсететін, өзіңнің өзгелермен тең екендігін сезіну және ана тіліңде емін-еркін сөйлеуің деп білемін. Тәуелсіздіктің мағынасы зор, тамыры терең ұғым. Бұл тәуелсіздікті ата-бабаларымыз аңсаған, соған біз қол жеткіздік, — дейді Эльмира Абдрахманқызы.
Бастауыш сынып оқушыларының қатысуымен ұйымдастырылған бұл мерекелік тәрбие сағаты үш тарихи кезеңді қамтитын қойылымдардан тұрады. Бірінші кезең Махамбет пен Исатайдың көтерілісі туралы, екінші кезеңде оқушылар 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасындағы Алматыдағы жастарының тоталитарлық режимге ашық қарсы шыққандығы туралы өлеңдер оқылды. Тәуелсіздікке арналған патриоттық өлеңдер шырқалды. Домбыра шертетін, ән айтып, би билейтін өнерлі балалар да бар екен. 3-ші сыныпта оқитын 25 оқушы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған өлеңдер оқыды.
Немересінің мерекелік бағдарламасына арнайы келген Нұрманбет Ғазизаның әжесі «Қазақстанның кемеледі келешегін, жарқын болашағын білімді, өнерлі ұрпақ жасайтын болады. Болашаққа басқан қадамдарың қашанда нық болсын! Еліміздің тәуелсіздігі мәңгілік болсын! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халқымыздың еңсесі жоғары, егемендігіміз баянды болсын!» деп ыстық ықыласын білдіріп, бастасын берді.
Темірлан АЛМАС
Алтынорда
[:]