[:kz]
Былтыр Аяжан Еділоваға қатысты істі, биылғы кәмелетке толмағандар арасындағы мектептегі зорлық-зомбылықты, Жаркенттегі 15 жасар қызды зорлауды назардан тыс қалдыруға болмайды!
Alash.online сайтында педофил мен адам зорлаушыларға жазаны күшейту және оларды түрмеден мерзімінен бұрын босатуды тоқтату туралы петиция пайда болды. Аталмыш петицияның авторы: Жеңіс Сейілбек, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Мектепте, пәтерде және тіпті қоғамдық орындарда, мысалы, Шымкенттегі лифтідегі оқиға – Қазақстанда зорлық-зомбылық оқиғасы жиілеп кетті. Былтыр Аяжан Еділоваға қатысты істі, биылғы кәмелетке толмағандар арасындағы мектептегі зорлық-зомбылықты, Жаркенттегі 15 жасар қызды зорлауды назардан тыс қалдыруға болмайды! Мұның бәрі оларға қолданылатын жазаның жеңілдігі және олардың мерзімінен бұрын босай алатынының кесірінен. Бір рет зорлық-зомбылық жасаған адам екінші рет те сондай қадамға баратыны анық. Бес-алты жыл түрмеде отырған және қайтадан зорлық-зомбылық істеп түрмеге қамалған адамдарды көріп отырмыз. Ар-намысы қорланған қыздарға не болады?
Бір күні өз қызыңыз құрбан болмасына кім кепілдік бере алады? Адам құқықтары мықтап қорғалуы керек! Ал педофилдерді өлім жазасына кесіп, осы баппен сотталғандарды мерзімінен бұрын босатпау керек!» — деп жазады автор.
Айта кетейік, Жаркентте жоғалып кеткен 15 жастағы қыздың денесі ауыл маңынан табылған. Оны зорлады және өлтірді деген күдікке бұрын екі рет сотталған осы елді мекеннің 38 жастағы тұрғыны ілініп отыр.
Тергеу мәліметтері бойынша, күдікті қылмыстың ізін жасыру үшін денені өртеуге тырысқан.
Күдіктіге қатысты «адам өлтіру», «басқа қылмысты жасыру» және «кәмелетке толмаған адамды зорлау» баптары бойынша айып тағылып отыр.
Қазақстан заңнамасына сәйкес, күдіктіге өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін.
[:]