[:kz]
Жуырда ғана қос қыздан кейін ұлды болған «Меломен» тобының әншісі Ғабитпен stan.kz тілшісі сұхбаттасып, сырласып қайтты.
Сәбиіңіздің бауы берік болсын. Қос қыздан кейін ұлды болдыңыз. Бойы, салмағы, есімі туралы айтып өтіңізші…
Салмағы 3 келі 590 грамм, бойы 53 сантиметр. Есімін Алишах деп ата-апасы қойды.
Кіндік әке-шеше таңдадыңыздар ма?
Жоқ, тіпті кіндік әке-шеше таңдау ойымызда да болмаған. Алдыңғы екі қызымыздың да өкіл ата-аналары жоқ. Ойлап отырсам бізге ешкім кіндік әке-шеше болыңыздар деп айтпаған да екен. Өзіміз ондай жауапкершілікті сезінбегесін шығар, балаларымызға қатысты ойланған емеспіз.
Ер адамның партнер болып кіруін қолдайсыз ба?
Мен оны қолдамаймын. Ойымда болған да емес.
Сіздің ойыңызша: «қыз кезінде бәрі жақсы.Жаман қатын қайдан шығады?»
Бұл сұраққа жауап бере алмайды екенмін. Себебі, әлі енді ондай қиын жағдайға келмедік. Отбасылық өмірде кейде қисайып қалатын сәттер болады. Оған «чих-пух-пах» деп ат қойып алғанбыз. Арасында сондай сәттер болады. Ал, әзілсіз айтсам, «қырқында қылық шығарыпты» деген де сөз бар ғой. Әйел адамның бір кезеңдері шығар. Ғабит Мүсірепов атамыздың «ең жаман әйелдің қолынан дүниеге бала әкелу келеді» деген сөзі бар. Дүниеге сәби әкелген соң олардың ағзасы да өзгереді, жүйкесі де тозады. Бұл оңай емес. Меніңше жаман әйел еркекке байланысты сияқты. Ер адам өзін түзу ұстаса әйел асып ешқайда бармайды.
Ғабит оқуға кеңес ететін үш кітап қандай?
Кітаптардың ең құдыреттісі мен үшін Құран Кәрім. Одан кейін Осман Нури Топбаштың кітаптарын жақсы көремін. Омар Жәлелдің кітаптарын оқуға кеңес беремін.
Осы жерде бір сұрақ туындайды. Қоғамда Омар мырзаның әйелді тауарға, маркерге теңеуіне наразы топтар пайда болды. Ал, сіз қолдайсыз? Солай ма?
Иә, әрине қолдаймын. Омар Жәлел ағамызды 100% қолдаймын. Ол кісі тікелей мағынада айтпады. Құранда да: «әйелдерді еркектерге басыбайлы көмекші ретінде жараттық» дейді. Қазақта да «қыз-қонақ» деген сөз бар. Сол мағынада айтылған сөз. Көп отбасылар қыз баланы табыс көзіне айналдырып алды. Қыз балаға көп білім беріп, ұлға қарағанда көп үміт артатын болған. Оқытып-тоқытып алып,тұрмысқа берместен жұмысқа салады да,жемісін көреді. Ол кісінің «тауар» деп айтқаны сәл қаттылау естілген шығар. Мысалы, «әйел» деген сөзді «қатын» десе біреулер өкпелеп қалады ғой. Бұл да сондай жағдай. Оны тікелей қабылдауға болмайды. Ол кісі ашынып кетіп қайтты. Омар ағамыз «барлық инвестицияны ұлға құю керек. Ал, қызды отбасылық өмірге бейімдеу керек» деді. Бейімдеу дегеніміз-оқытпаңыз деген сөз емес. Шамаңыз келсе мықты оқу орындарында оқытыңыз. Бірақ, басты өмірлік мақсаты бір ердің етегін ұстап, соның шаңырағын жайқалту екенін ұғындыру, есіне салу. Ерге қызмет еткен әйел- елге де қызмет ете алады. Егер әйел ер азаматын жықпай, қолдап отырып, барлық нәрі мен қуатын берсе, ол еркек елдің алдында ер бола алады. Омар ағамыздың да айтпағы осы болды.
Карантиннен кейін ең бірінші қайда барар едіңіз?
Үйден шыға салып тауға барар едім. Тауды, таудың ауасын сағындым.
[:]