АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Мен ғаламтор арқылы қалай «қарық» болдым?[:]

[:kz]

«17 – 40 жас аралығындағы қыз-келіншектерге «Инстаграмда» ақша табуды үйретемін. «Фаберлик», «Орифлейм», «НЛ» емес. Пирамида емес. 100 пайыз ақша өз қалтаңызға түседі», «Қосымша жұмыс іздеп жүрсіз бе? Күніне 5000 – 10.000 табасыз. Сетевой маркетинг емес. Команда құру жоқ. «Орифлейм», «Эйвон» емес. Бәрі шынайы», «Ақшаны оңай әрі тез табуды үйретемін. Күніне 10 – 15 мың теңге. Қолыңда осындай ақша болғанын қаласаң, маған хабарлас»…

 

Әлеуметтік желіні жаулаған осындай жарнамалардың біріне мен де хабарласып көрдім. Жауап берген жас қыз: «Бұл «Франшиза» деп аталады. Сіз менен 5000 теңгеге бағдарлама сатып аласыз. Содан соң оны өзіңіз де пайдалана аласыз және басқа адамдарға да шексіз сата аласыз. Бұл – «Инстаграм» желісіндегі жазылушыларыңыздың санын көбейтетін бағдарлама», – деп түсіндірді де, мені ортақ чатқа қосып жіберді. Әлгі чаттан біршама ақпарат алдым да, кейінірек хабарласа жатармын деген оймен ол жерден шығып кеттім.

 

Нөмірімді сол чаттан алған болуы керек, көп уақыт өтпестен маған және біреуі хабарласып. «Ешкім білмей-ақ қойсын, бірақ аламын десеңіз, мен сізге бағдарламаны 3500 теңгеге сатамын. Себебі несиемді жабатын уақыт болып қалды, тез арада ақша керек болып тұр», – деген соң бойымда  күмән пайда болды да, сыпайы түрде бас тартуды жөн көрдім.

 

Біршама күннен кейін енді бірі хабарласып, франшизаны небәрі 3000 теңгеге бере алатындығын түсіндірді. Алмайтындығымды айттым. Себебі өз дүниелерін тықпалаған адамдарға шынында сенімсіз­дікпен қарағаным рас еді.

 

Содан не керек, әлгі соңғы хабарлас­қан адам менің досыма айнала жаздады, күнделікті жағдайымды біліп: «Не істейтін болдыңыз? Аласыз ба? Ойландыңыз ба? Өкінбейсіз», – деп жүріп, бір күні: «Алсаңыз 1000 теңгеге беремін», – дегенге көшті. Сосын қайда кетпей жатқан 1000 теңге дедім де, әлгі адамның есеп-шотына айтқан соманы аударып тындым. Созып не қылайын, мен алған бағдарлама жарамсыз күйде қала берді. Оны не пайдалана алмадым, не сата алмадым.

 

Әлгі «бәрін өзі түсіндіретін» болған «досым» ақшаны салдырып алған соң ұшты-күйлі жоқ болып кетті. Содан басында мені ортақ чатқа қосқан қызға ол туралы жазсам: «Ой, ол бала алаяқ. Сіз алданған бірінші адам емессіз. Бағдарламаны пайдаланудың жолын өзі де білмесе ол сізге қайдан түсіндірсін? Бұл бала ылғи да сөйтеді, осылай чатқа қосқан адамдарға бағдарламаны арзанға сатып, ақша жинап жүр. Негізі 5000-нан төменге сатуға болмайды. Менен алғаныңызда олай болмас еді, біздер тәптіштеп түсіндіріп берер едік», – дейді. «Пайдалану жолын енді сен түсіндіріп бер» деуге ниетім де, ынтам да болмай қалғандықтан оған ештеңе демедім.

 

Бірнеше күннен соң әлгі қыз қайта хабарласып: «Инстаграмда» ақша табудың жолдарын, құпияларын тәптіштеп түсіндіретін топ бар. Ресейдікі. Оған кіретін сілтемені сізге жіберемін, тек 5000 теңге төлесеңіз болғаны. Сол сілтемені сіз де ары қарай сатып, дәл мен секілді ақша таба аласыз. Бір күнде 15 – 20 мың теңге тауып жатқаным рас», – деген соң саудаласып жүріп, оны 3000 теңгеге алдым. Себебі ол өзінің есеп-шотына түсіп жатқан ақшаның сомасы көрсетілген бетті скрин жасап, маған жіберген болатын.

 

Содан оның жіберген сілтемесі арқылы әлгі топқа кіріп көрсем, ішіндегісі – кәдуілгі ғаламторда өріп жүрген клиент табу, жазылушы санын көбейту, суреттерді өңдеу деген секілді қолжетімді-ақ ақпараттар екен. Маған жіберілген аудиожазбада: «Біріншіден, интернеттен көп ақшаның суретін көшіріп алып, өз «Инста­грам» парақшаңызға саласыз. Содан соң есеп-шотта 15.000 теңге ақшаның сомасы көрсетілген скриншотты мен сізге жіберемін. Әзірге менің осы скриншотымды пайдалана беріңіз, өзіңіз ақша таба бастағанда өзіңіздікін пайдаланасыз. Мұны сіз өз парақшаңызға сала отырып, елге бір күндік табысыңыздың осындай екенін айтасыз. Екіншіден, осы жарнама арқылы өзіңізге хабарласқан адамдарға «Инстаграмнан» көп ақша табуға болатын жолдарды көрсететін топ бар екенін, соған кіретін сілтемені сату арқылы немесе оны өзіңіз пайдалану арқылы да қомақты табыс табуға болатынын айтасыз. Бағасы 5000 теңгеден төмен болмауы керек. Содан соң сізге ақша аударып, сатып алған адамға әлгі сілтемені жібересіз. Бұл топтан адамдар қарапайым ақпарат түрлерін алады. Уайымдамаңыз, сілтеме арқылы кірген кез келген адам еш кедергісіз топқа тіркеле алады. Оған кепілдік беремін. Сіздің жұмысыңыз – тек жаңағыдай жолмен сілтемені сату», – деп түсіндіргенде бақырайдым да қалдым.

 

Сонда жалған фотоларды пайдалану арқылы алмағанды алдым, таппағанды таптым дей отырып, қайдағы бір болмашы топтың сілтемесін сатып, арам ақшамен байымақпын ба? Тағы да алданғанымды түсіндім.

 

Содан әлгі қызға мұның алаяқтыққа жататынын,  алдағы уақытта онымен айналыспауын ескертіп, кеңес бердім. «Өзім де дәл осылай сатып алған болатынмын, енді ғана бастаған түрім еді…» – деп біраз ақталған соң ақшамды өзіме қайта салып жіберді.

 

Қысқасы, ғаламтордағы «сауданың» қаншалықты қызып тұрғанын байқағандай болдым.  Өкініштісі, бұл да әлеуметтің бір ауруы болып тұр.

 

Телефоным дың ете қалды. Хабарлама келген ғой. Ашып қарадым. «Қалайсыз? «Легко» деген проект бар, естідіңіз бе? Вход – 400 теңге», – дейді.

 

Мұндайлар қазір әлеуметтік желіде қаптап жүр. Оларға шектеу қойып, ты­йып тастау да оңай емес-ау.

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ

zamana.kz

[:]