[:kz]
Құлпынайды сүйіп жемейтін адам кемде-кем шығар. Осыны пайдаланған кей жандар ғаламтор арқылы құлпынай көшетін сатуға қызу кірісіп кетіпті. Не дегенмен жақсы табыс тауып жатқан да сияқты. Себебі бағасы да арзан емес. Ақысын төлесеңіз болғаны, құлпынайдың көшеті салынған топырағы бар шағын қорапты пошта арқылы жібере қояды.
«Голландская клубника» атты сауда белгісімен шығатын бұл жемістердің әлеуметтік желілердегі жарнамасы да керемет. «Үй жағдайында өсірілетін құлпынай! Үш жыл қатарынан әр 2-3 апта сайын 6 келіге дейін құлпынай ала аласыз. Сөйте тұра ешқандай артық шығын шығармайсыз. Бір жемістің салмағы 100 грамнан асады. Құлпынай өсіруді кәсіп көзіне айналдырып, күніне 20 мың теңге табыс табуға мүмкіндік бар. Оңай! Тиімді! Ақшалай! Дәл қазір тапсырыс беріңіздер», – деп айқайлап-ақ тұр.
Құлпынайдың тәбет оятар суретіне қарап аузының суы құрыған адам әп-сәтте әлгі сайтқа кіріп, телефон нөмірін жазып қалдырады. Содан соң менеджер хабарласып, қажетті ақпараттарды беруге тырысады. Тіпті әлгі сайтта «Қазақстандағы құлпынайдың бағасы 2200-4500 теңге аралығын құрайды» деген мәлімет те көрсетіпті. Өз басым бұрын-соңды ондай баға көрмегендіктен аса сеніңкіремедім.
…Желіге кірсең болды, көз алдыңнан көлбеңдеп шыға беретін бұл құлпынай жарнамасының жайын білмек болып мен де байланыс нөмірімді қалдырдым. Шұғыл түрде маған хабарласқан менеджер алдымен менің бұрын үй жағдайында құлпынай өсірген-өсірмегенімді, көшеттерді кәсіп үшін немесе өзім үшін сатып алатыным туралы сауалдарға жауап алды. Содан соң: «Сіз құрамы жағынан денсаулығыңызға қауіп тудырмайтын жеміс-жидек түрін алғалы отырсыз. Егер құлпынайды дүкеннен немесе базардан сатып алар болсаңыз, оның құрамында көптеген нитраттар мен пестицидтер бар, сондай-ақ оның сақтау мерзімін ұзарту үшін арнайы сұйықтықпен өңдейді», – деп сендіруге тырысты. Менеджер қыз «Кимберли», «Гигантелла», «Эльвира», «Королевский визит» деп аталатын төрт түрлі сұрыптың бар екенін айта келе олардың әрбіріне жекелеп сипаттама беріп шықты. Сипатына қарасаң, бәрі де бір-бірінен өткен керемет. Ірілігі мен дәмділігінде шек жоқ секілді.
Соңында бағасына тоқталды. «Бір қорапта тыңайтқыш араласқан топырақ және бір көшет болады. Көшеттер 2 – 2,5 жылға дейін гүлдейді. Оның акция бойынша бағасы 830 теңге, бірақ ол үшін сіз 8, 5 және 3 қораптан тұратын үш түрлі жинақтың бірін сатып алуыңыз керек. Ал жалғыз қорапқа тапсырыс беруге болмайды. Мәселен, «Стандартный» жинағы 8 қораптан тұрады. Мұнда бес қорап тегін, сіз тек үшеуінің ғана толық ақысын төлейсіз. Сыйлыққа тыңайтқыш пен келесі тапсырысқа 8355 теңгеге жеңілдік беретін купон беріледі. Бұл жинақтың бағасы – 33 мың 270 теңге.
5 қораптан тұратын «Оптимальный» жинағы – 24 мың 850 теңге. Оның үшеуі акция бойынша 830 теңге. Мұнда да жоғарыда айтылған купонды сыйлық ретінде ала аласыз.
Үшінші жинақ «Ознокомительный» деп аталады. Мұнда 3 қорап бар. Бағасы – 16 мың 630 теңге», – деп орыс қыз әп-сәтте тауар бағасын тізбелеп шықты.
Айтуларынша, құлпынай өсіру үшін көп нәрсенің қажеті жоқ екен. «Қорапты ашып, көшеттерді отырғызып, терезенің алдына немесе күн сәулесі түсетін кез келген бөлмеге қойып, күніне бір рет 200 грамм су құйып суғарып тұрса жеткілікті», – деп түсіндірді. Сосын небәрі 3-4 аптадан соң құлпынайға қарық болатынымды қоса жеткізді.
Сөз арасында олардың мекен-жайларының Алматы қаласында екенін де білдім.
Кей сайттарда құлпынай бағасын рубльмен көрсеткеніне қарап, тауар Ресейден келе ме деген күдік те болды. Мақсатым құлпынай сатып алу емес, ақпарат білу болғандықтан оларға кейінірек хабарласатынымды айтып, тұтқаны қоймақ болдым. Менеджер қыз да сақ екен: «А что сейчас вас смущает делать заказ?» – деп саңқ ете қалды. Әзірге қолымда ондай дап-дайын қаражатымның жоқ екенін сылтаураттым. Олар оның да жолын тауып қойғандай екен. «Бірден ақы төлеудің қажеті жоқ. Жіберілген тауар 7-14 күн жолда жүреді және бір апта пошта бөлімінде сақталады, сонда сіздің оны сатып алуыңыз үшін 3 апта уақытыңыз бар», – деп көндіргісі келіп-ақ тұр. Ойланатынымды айтып, телефонды сөндірдім.
Ертесіне өзін интернет-дүкенненмін деп таныстырған орыс келіншек және хабарласты. Мен өздерімен кеше ғана сөйлескенімді, әзірге тапсырыс бермейтінімді айтып жатырмын. «Сізге барлығын толық түсіндірді ме?» – деді тұтқаның арғы жағындағы әйел. «Иә», – деген жауабыма қанағаттанбаған болуы керек, «Сізге бағасы минималды болатын нұсқаларды ұсынды ма?» – деп қайта сұрақ қойды.
– Иә.
– Сізге құлпынайдың 3 жыл қатарынан мол өнім беретінін де айтты ма?
– Иә.
– Бәрібір бас тартасыз ба?
– Иә.
– Бәлкім сіз үшін арнайы жеңілдіктер жасармыз? Мәселен, екі қорапты 11 мың теңгеге сатып алуға болады дегендей.
Осы жолы: «Жоқ», – дедім. Не керек, әйтеуір менімен әзер қоштасты. «Ойпыр-ай, мыналарға бір тұтылсаң, құтылуың қиын екен-ау!» – деп өз-өзіме сөйлеп қоямын.
«Осыны сатып алып, одан өнім алған біреу бар ма екен?» деген өзімше сауалға жауап іздеп көрдім. Сөйтіп біраз уақытымды жарнаманың астына жазылған пікірлерді шолып шығуға жұмсадым. Бақсам, бәрінің де аузы күйіп отыр. Ішінде құлпынайға қарық болдым деген бірде-бір адам жоқ. Осыдан кейін-ақ мұның тегін жатқан «батпан құйрық» емес екенін түсінгендей болдым.
Бірі: «150 грамм жерді (топырақ дегісі келген болар) 10 мың 880 теңгеге сатып алып отырмын. Лохотрон болғанда керемет! 10 мың 880 теңгеге кішкентай қорапты сатып алып, бетіне қарап отырмыз. Өзім алдым, бір ай болды. Ештеңе де шыққан жоқ. Алған адамдар жазып жатыр. Сенбесеңіз, алып көріңіз», – деп ашынса, тағы біразы адамдардың бұған сенбеуін, мұның жалған жарнама екенін айтып әлек. Барлық пікір осыған саяды.
Айдын Шохиев есімді әлеуметтік желі қолданушысының бірінен осы жайында сұрастырып көрдім.
«Мен осыдан бір ай бұрын бұл жарнаманы әлеуметтік желіден көріп, 14 мың 800 теңгеге екеуін сатып алғанмын. Тапсырыс берген соң бес күннің ішінде келді. Кішкене ғана қораптың ішіндегі целлофанға топырағымен көшет салыпты, ішінде бес тал көшет болады деген еді, бірақ біреуі ғана шықты. Қаладан қара топырақ алғыздым. Нұсқау бойынша ектім. Бәрібір ештеңе шықпады. 4-5 күннен соң қурап қалды.
«Келесіде сатып алатын болсаңыз, 2800 теңгеге жеңілдік жасаймыз» деген болатын. Қайта хабарлассам, тұтқаны көтермейді. Неше рет қоңырау шалып, ақыры қойдық. Көпшілігі әлеуметтік желіде жарысып жазып жатыр ғой, ешкімде ештеңе шықпаған», – дейді ол кісі.
Аты-жөнін көрсеткісі келмеген тағы бір адам ғаламтордан көшет сатып алған танысының өнім тұрмақ, көшеттің өзінен әзер құтылғанын айтады.
«Танысым терезенің алдына егіп қойған. Ештеңе өспеген. Есесіне өсімдікке қара шіркей қаптап кетіпті. Оның қайдан, қалай келгені белгісіз. Адамға қонса шағып, жара қылады екен. Содан соң далаға тастапты. Мен де сатып аламын деп жүргенмін, оны естіген соң ол ойымнан бас тарттым. Дегенмен пәлен дей алмаймын, бәлкім бабын таппады ма екен?» – дейді ол.
Осыдан соң-ақ өнімдеріне 50 пайыз жеңілдікке дейін жасап, қораптарды түрлі жағдайда сатуға тырысып жатқан бұл адамдарға аса сене бермеген де дұрыс па деп қалдым. Неге екенін қайдам, сатып алғандар тауарға төлеген ақшаның құнын әртүрлі етіп айтады. Соған қарағанда, сатушылар жағынан бағада тұрақтылық жоқ сияқты. Бұл да адамға күмән келтірмей қоймайды.
Не дегенмен терезенің алдына құлпынай өсіріп, оның өнімін жеп немесе сатып қарық болған бірде-бір оқиғаны естімеппін. Су мен жарықты жақсы көретін бұл жеміс түрін өсіру үшін арнайы бап пен күтім керек. Ал құлпынайдың бір көшетінен бірталай өнім алады деу шындыққа жанаспайтын сияқты.
Бүгінде ақша табудың адал жолынан гөрі оңай жолын көбірек көздейтіндер көбейіп келе жатқан заман болды. Мұндай нәрселерде ақша төлеуге асықпаған дұрыс шығар. Әйтеуір абай болайықшы!
[:]