[:kz]
– Әміржан мырза, қазіргі уақытта немен айналысып жүрсіз? Президенттікке кандидат болған Қосанов не қызмет атқарады, отбасын қалай асырап жүр, жеке бизнесі бар ма, өкіметтен тендер алады ма?
Қосанов мырза, өзін бай адамдардың санатына қоса ма? – 1997 жылдан бері ашық саясатта, оппозициядамын. Сондықтан Президент сайлауына дейін, одан кейін де мемлекеттік қызмет пен бизнесте жоқпын.
Жұмысым – журналистика, қоғамдық-саяси және ағартушылық қызмет. Оның салалары мен бағыттары баршылық. Мәселен, «Жаңа Қазақстан» жобасы аясында Дос Көшім, Расул Жұмалы секілді азаматтармен арнайы «Ютуб» арнасын ашқанбыз, апта сайын хабар түсіріп келеміз. Мені асырап жүрген – мамандығым. Жеке бизнесім жоқ, билікті сынап жүрген маған бұл өкімет қандай бизнес жасатар еді?
Керісінше, кезінде 1998 жылы «Реформа» атты қоғамдық қор құрғанбыз, бірақ 2003 жылы менің үстімнен қылмыстық іс ашып, оны жауып тынды.
Өкіметтен бір де бір тендер алып көрмеппін. Өзімді бай адамға жатқыза алмаймын. Орта тапқа жататын шығармын…
– Келесі сауалға бұған дейінгі сұхбаттарыңызда жауап бергенсіз, дегенмен оны айналып өту мүмкін емес болып тұр. 2019 жылғы Президент сайлауы кезінде сізді Оңтүстік жұртшылығы жақсы қолдады. Ал Қосанов сайлаушыларының сенімін ақтай алды ма деген сауал көп қойылады? Жалпы бәрі қалай басталып, қалай аяқталды? –
Иә, Президент сайлауына қатысты көптеген сұхбат бергенмін. Сіз сұраған соң, қысқаша жауап берейін.
Мен сайлауға бүкіл оппозицияның атынан түскен жоқпын.
«Ұлт тағдыры» атты бір ұйымның атынан түстім. Қолымнан келгеннің бәрін жалғыз жүріп жасадым. Айтарымды айтып қалдым. Жаңа Конституция қажеттігін, ұлттық демократиялық мүддені басшылыққа алу, Желтоқсан, Жаңаөзен, қаза тапқан және сотталған оппозиция өкілдерінің атын жаңғырттым. Сол сөздерімнен әлі де қайтқан жоқпын.
Бір де бір оппозициялық партия немесе аты белгілі жеке оппозиционерлер мені қолдаған жоқ.
Керісінше, өзін оппозиция қатарына қосып жүргендер маған қарсы шықты, қаралады, «бойкот» деді, менің штабыма келмеді. Олардың осы әрекеті менің біраз дауысымды жоқ етті. Өйткені оларға сенген жұрт болды.
Ұлттық буржуазия қол ұшын бермеді. Менің есеп шотыма небәрі 3 миллион теңге ғана түсті. Мен сайлауға өзімнің жиған-терген ақшамды салдым.
ОБСЕ-нің пікірі бойынша мен екінші орын алдым. Соны мойындадым. Дауыс беру күнінен кейін 10 маусым күні сағат 12-00-ге сыртта жүріп, мені қаралаған Әблязов «сайлау нәтижесіне қатыссыз, барша жұртты көшеге шақырды».
Егер де мен сол түні мойындамағанда, көшеге 4 мың емес, 40 мың адам шығар еді. Ал оның арты – қан болар еді! Жаңаөзенде бір мұнай компаниясының сасық мүддесі үшін елді қырып салған бұл өкімет президенттік билік тағдыры шешіліп тұрғанда, жападан жалғыз қалған Қосановқа Ақорданы бере салады дегенге Сіз сенесіз бе?! Сондықтан мен қантөгісті қаламадым. 23 жыл бойына ашық оппозицияда жүрмін. Осы мәлімдемемнің арты не боларын білдім. Мені сынайтындар табылатынын да білдім. Сонда да осындай қадамға бардым.
Маған саяси амбициям емес, елімнің тыныштығы қымбат!
Бір сәт хайп ұстап, герой болып қалуыма болатын еді. Бірақ, саясат тек мүмкіндік емес, ең алдымен, орасан зор жауапкершілік!
Сол кезде қан төгілмегеніне, өз амбициям мен карьерамды құрбан еткеніме еш өкінбеймін.
Керісінше, сол кезде және қазір менің сол позициямды түсініп, қолдап жатқан ағайын көбейіп келеді. Соған тәуба. «Тән көмілер, көмілмес еткен ісім, ойлайтындар мен емес бір күнгісін. Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын, Ел — бір күншіл, менікі — ертеңгі үшін», – деп Ахаң айтқандай, бір күндік мақсатты емес, елдің болашағын ойлау тұрғысынан, менің сол шешімім дұрыс болды деп санаймын!
Өзіме қатысты сынға мен философиялық тұрғыдан қараймын. Бұл өмірде бәріне бірдей ұнау мүмкін емес. Оның үстіне адам саясатта неғұрлым көп көзге түскен сайын саяси қарсыластарының оған шүйлігуі күрт артады. Менің сол сайлаудағы ресми түрдегі 16,2 процентімді жоққа шығару үшін билік мені қаралау науқанын ұйымдастырып, небір құйтырқыға барды емес пе?!
Әйтпесе, Президент сайлауынан кейін оппозиция бірігіп, Парламент сайлауында сол көрсеткішті көбейткенде, қазір демократтар Парламент төрінде отырар еді ғой! Мұның бәріне сол адамның өз қатарластарының пендешілігін, қызғанышын тағы да қосыңыз. Саясатта ондай да болады… –
Сіз өзіңізді оппозиционер санайсыз ба? Бір оппозиция бар, қазіргі билікпен ымыраға келеді, қажет жерінде қолдайды, қажет жерінде қолдамайды.
Бір оппозиция бар, билікпен ешқашан да ауыз жаласпайды. Сіздің ойыңызша, қазіргі қазақ қоғамына қандай оппозиция керек? – Білесіз бе, 1998 жыл біз билікке ашықтан-ашық қарсы шыққан РНПК партиясын құрғанда жұрт өзін «оппозиция» деп атауға қорқатын. Тіпті бізге жіберген мақалаларын бүркеншік атпен жариялауды, фотоларын салмауды сұрайтын.
Қазір болса, жағдай бөлек. Яғни жұрт өзін оппозиция деп атаудан қорықпайды. Жалпы процесс үшін бұл жаман емес. Тіпті «Оппозиция деген — мен, басқалар — сатқындар!» немесе «Нөмірі бірінші оппозиция -мен, мен ғана лидермін, қалғаныкі – далбаса!» деушілер аз емес! Өз басым мұны «солшылдықтың балалық ауруы» деп санаймын. Иә, оппозиция да қоғамның бір бөлігі, қоғам қандай болса, оппозиция да сондай болуы заңды. Құдай жасанды, қуыршақ оппозициядан сақтасын! Сонымен бірге, қоғамда елдің бүгіні мен болашағына қатысты әрқилы ұстаным бар. Оппозиция да біркелкі емес. Оңшыл, солшыл, центристер бар. Қантөгіс боларын біле тұра, бір күнде билікті төңкеріп тастағысы келетін радикалдар, революционерлер де бар. Бірақ ол жолдың ішкі және сыртқы қауіптері жетерлік.
Біздің кейбір әсіребелсенді, етқызу ағайын осы жағын көп түсіне бермейді. «Бізге түбегейлі өзгерістер керек. Бірақ, билікке таласамыз деп жүріп, Қазақстанның Тәуелсіздігінен, жер тұтастығынан айырылып қалмайық! Өзгерістер қантөгіссіз, бейбіт түрде өтуі тиіс!», – дейтін эволюционерлер де бар.
Жасыратын несі бар, бізде кландық, топтық жүйе болғандықтан, белгілі бір топ не тұлғалардың сойылын соғатын «оппозиция» да бар. Олар кейде жалпыдемократиялық принциптерден гөрі, жеке бас пиғылды ұстанады, саяси күресті жеке кек алу, саяси вендеттаға айналдырып жібереді. Билікпен ауыз жаласып жатса, оппозициялық ұстанымынан бас тартуы да ғажап емес. Қазақ қоғамына ұлтшыл, демократияшыл, мемлекетшіл оппозиция қажет деп санаймын.
Оның негізі қоғамның өне бойында бар. Президент сайлауы кезінде мен сол мықты күштің нобайын байқадым. Ендігі мәселе – ортақ бағдарлама төңірегінде топтасып, қимыл-әрекет жасау. – Бір кездері премьер Әкежан Қажыгелдиннің баспасөз хатшысы болып жұмыс істедіңіз. Қазіргі уақытта онымен араласып тұрасыз ба? Жалпы Қажыгелдин кім? Қазынаның қаржысын жеген қу ма, әлде жазықсыз жапа шеккен қайраткер ме? – Ол кісімен байланыс үзілген жоқ. Әрине, саясат болған соң, кей мәселе бойынша тактикалық пікірталастар боп қалады. Оның да, менің де өз түсінігім бар ғой.
Қажыгелдин – реформа жасаған үкімет басшысы болған адам. Кез келген реформа оңай өтпейді, оның жақтастары мен қарсыластары болады. Ең бастысы ол кісі шешім қабылдап, жауапкершілікті өз мойнына ала алатын премьер еді. Қазіргі үкіметте бәрі: «мұның бәрі Елбасының не Президенттің шешімі», – деп бар жауапкершілікті жоғары жаққа аудара салатын қиын жағдайда дәл Қажыгелдиндей тұлғалар жетпейтіні көрініп-ақ жатады. Оған тағылған айыптарға қатысты ол кісі өз түсініктемесін кезінде берген. Өз басым оны таза саяси себеппен қудалады деп санаймын.
– Жаңаөзен оқиғасына қатысушыларды қолдағаныңыз үшін жауапқа тартылғаныңызды білеміз. Жаңаөзен оқиғасының біз үшін маңызы қандай болды, келешекте ол Қазақстан тарихы оқулығына қалай жазылады деп ойлайсыз.
– Жаңаөзен қырғыны – жалпыұлттық трагедия! Оған тікелей қатысы бар адамдар билікте отырғанда, оған әділ баға берілуі екіталай. Уақыт келеді, қанішерлердің аты аталып, түсі түстеледі!
– Сіз қай партияның мүшесісіз? Егер Әміржан Қосанов партия құрса, оның бағыты қандай болар еді?
Кезінде Жармахан Тұяқбаймен бірге ЖСДП деген партия құрғанбыз. Оның жалғыз орынбасары ретінде ел-елді аралап, партияның негізін қалағанбыз. Ол партиядан шығу туралы арыз жазған жоқпын. Бірақ кезінде билік тапсырмасы боп, мені тапа-тал түсте партия съезіне кіргізбей, сырттай қызметімнен алып тастаған болатын. Партия құру – оңай шаруа емес. Оған идея мен жақтастармен қатар біршама қаржы да керек. Биліктен ақша алу ұят, ал жеке олигархтардан алсаң, олар өз дегенін істетуі мүмкін. Ал өркениетті елдердегідей қоғамнан қаржы сұрау дәстүрі бізде әлі қалыптаса қойған жоқ. Қиналып жатқан елден жылу жинаудың өзі ыңғайсыз емес пе? Сондықтан орта және шағын бизнес, ұлттық буржуазия оянуы керек деп санаймын. Президент сайлауынан кейін маған сондай азаматтар көптеп хабарласып жатыр. Ондай партия құрылып жатса, оның басты ұстанымын халық өзі анықтауы тиіс. Меніңше, жоғарыда айтқанымдай, ұлттық, демократиялық, мемлекеттік тұғырнамаға негізделген партияның болашағы зор болмақ!
– Екі тілде еркін көсілетін саясаткерсіз. Келешек саясаткерлер, шенеуніктер үш тілде еркін сөйлей алады ма? Жалпы қазіргі биліктің тілге қатысты саясатына не айтасыз?
– Мен қазақ ауылында туып-өсіп, қазақ мектебі мен қазақ факультетінде оқыған адаммын. Орысшаны сол тілдегі көркем әдебиетті оқып, үйренгенмін. Ол үшін бала кезімде кітапханаға жетелеп апарған әкеме рахмет! Заман мен қоғам өзгеріп жатыр! Сондықтан қоғамдық өмірге үш тілде еркін сөйлейтін ұрпақ келеді. Ол сөзсіз! Бірақ, кім болса да, ең бастысы, мемлекеттік тілді білуі шарт. Мәселен, мен президентікке түскенде қазақ тілінен емтихан тапсырдым. Олай болса, мемлекетттік қызметке барғысы келген барлық азамат мемлекеттік тілден неге осындай тесттен өтпейді?! Менің сайлауалды бағдарламамда сондай бап болған. Сол себепті көптеген жұрт – қазақ тілін білмейтіндер мен білгісі келмейтіндер – маған қарсы дауыс бергенін де білемін. Осындай талап енгізілсе, тіл мәселесінде біраз нәрсе өзінен өзі шешіліп қалар еді. –
Алдағы Президент сайлауында сізді кандидат ретінде көруіміз мүмкін бе? – «Құдайды күлдіргің келсе, оған ертеңгі жоспарыңды айт!» деген әзіл-шыны аралас бір нақыл сөз бар. Мен де Құдекеңді күлдірмей-ақ қояйын. Осыдан 23 жыл бұрын және өткен президент сайлауы алдында айтқан бір сөзімді қайталайын: «Кезекті президент сайлауы боп жатса, өзін ағымдағы билікке қарсы деп санайтын баршы ұйымдар мен тұлғалар жиналып, өз арасынан бір кандидат ұсынуы шарт! Әйтпесе, «бас-басына би болып», билік кандидатына қарсы лайықты тойтарыс бере алмайды! Осы ұстанымнан әлі де айныған жоқпын!
Әңгімелескен Мария СӘУЛЕБЕКҚЫЗЫ
[:]