[:kz]
Студияға пышағымен келіп, шыны табақ сындырып ерекше рәсімдерді жасаған мыстан Ханша өз бойында тылсым күш барын айтты. «Анамның құрсағында жатқанда мені екі орыстың кемпірі шоқындырған» дейді ол.
Ханша есімді мыстан «Астарлы ақиқат» бағдарламасында қонақ болды.
Студияға келген ол алдымен шыны табақты сындырды. Өзімен бірге суық қаруын ала келді. Бұны көпшілік түсіне алған жоқ. Ал, кадр сыртында түсірілген видеода ол өзінің адамдарға көмекке келгенін айтады.
«Анамның құрсағында жатқанда мені екі орыстың кемпірі шоқындырған» деп бастады сөзін.
«Олар менің келгенімді күтті. Маған «Сен бір қолыңмен ем бересің, бір қолыңмен жамандық бересің» деді. Мен ешкімнен қорықпаймын. Керісінше менен қорықсын. Елде балаларды санамағанда 21 млн халық бар. Оның бірі мені қолдайды, бірі жамандайды. Құдайға табынатындар мен туралы жақсы нәрсе айтады. Мен туралы жаман нәрсе айтатындар — олар тозаққа баратындар. Мен әр пікірді қарап отырам. Мені сөгетіндердің суреттері керек емес маған. Мен түнде сол адамға барып, жанын аламын», — деді ол.
Мыстан Ханша қолындағы пышақты қорғану үшін алып жүретінін айтты.
«Пышақпен адам өлтіруге де болады, нан кесуге де болады. Бұл менің қорғаным. Пышақты базарлардан сатып алам. Түнде дастарханға ас қалдыруға болмайды. Егер ашық тамақ қалдырсаңыз, біздер, періштелер, шайтандар барып соны жейді. Ашық қалған тамақты түнде жеуге болмайды», — дейді Ханша.
Айтуынша, үйдегі дастарханның өзі дөңгелек болуы тиіс. Егер төртбұрышты болса, онда адамдар жекеленіп кетеді. Үйде береке болмайды дейді ол.
«Құдай мені жаратты. Бірақ ол маған аздап қатаң қарайды», — деді Ханша.
Әр нәрсенің басын шалған әйелдің сөзін түсінбеген желі қолданушылары түрлі пікір жазды.
«Бұл кім өзі? Не айтып отыр? Адамның жанын алатын, сен кімсің?», «Психикасы дұрыс емес немесе ішінде жыны бар адам, емделу керек», «Қазір өзін әулие санайтындар көп», — дейді желідегілер.
[:]