[:kz]
Қоғамдық мәселелерді көтеруде белсенділік танытуда алдыңғы шепте жүретін танымал заңгер Айгүл Орынбек Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жолдады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Заңгер президентке жазған хатын facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жариялаған. Хатында ол, Арыс қаласының маңында зардап шеккен сарбаздар жайлы, олардың есепшотына он миллион теңге моральдық, материалдық көмек беру керектігі және Ермекбаевты жазалау жайлы жазды.
«Құрметті Президент Қ.Тоқаев!
Қорғаныс министрі Ермекбаевты трибуналға жіберуіңізді сұраймын!
Жап жас жігіттер бейбіт күнде мүгедек болып, бұйрықпен барып, енді үстінен қылмыстық іс қозғалып, қару жараққа салғырт қарағаны үшін, 6000000 теңге айыппұл салынған.
Бұйрықты орындамай, бармаймын десе, «Еліне сатқындық» — деген баппен қудалайтын еді.
Жастарда таңдау жоқ!
Себебі, әскерде бұйрықты талқыламайды, бұйрықты орындайды.
Мына 20 жастағы жас жігітті, оқ дәрілерге жолатқан Ермекбаевты трибуналмен тез арада жазалау керек!
Қайда мықты стажы бар саперлар?
Неге министрдің өзі салғырттық танып отыр Арыс қаласына?
Бұл жігіт мемлекетке 6000000 шығып келтіріпті міш. Ол қандай шығындар бізде біле жүрейік?
Неге жас жігіттерді ондай қауіпті аймаққа жібереді?
Ермекбаевтың өзі неге барып, оқ дәріні тазалап, утилизация жасамайды?. Соғысқа бармай көкіректеріне бүкіл темірлерді жинап алған шалдарды жіберіңіз! Тазаласын Арысты! Ал жас ұрпақты қолдан мүгедек жасауды доғарыңыздар!
Қызмет бабын асыра сілтеп пайдаланып, мына сарбаздың үстінен қылмыстық іс қозғаған қызметкерлердің бәрін трибуналға жіберуіңізді сұраймын !
ҚР заңы бойынша адам және оның өмірі басты қазына!
Арыс маңынан денсаулығына байланысты, жапа шеккен, мүгедек болып қалған азаматтарға!
Мемлекет тарапынан үй , балаларына 18 жасқа дейін жәрдемақы және оқуға тегін түсіріп беруді қастамасыз етуді сұраймын.
Денсаулығына келтірілетін зардаптары үшін мемлекет тарапынан өмір бойы тегін емделуді және моральдық және материалдық шығын ретінде әрбір сарбазға он миллион теңге есеп шотына аударылсын!
Сарбаздарға қатысты Қылмыстық қылмыстық іс тоқтатылсын!
Арыстан жапа шеккен сарбаздар болса, маған хабарласыңыздар! Министрді сотқа береміз!
Суретте Ақтауда полигонда болған жарылыс құрбаны.
Арыста бір емес , бірнеше жарылыс болды. Содан бірінші төрт, содан он, кеше ғана тағы біреуі болып, майор қайтыс болды. Бірақ ешқандай қызметкерлердің отбасы сұқбат бермей отыр. Себебі журналистерге шықпаңыздар деп қысым көрсетіліп отыр екен. Жақында Алматыда госпитальда жатқан баланың анасы таныс арқылы шығып, «баламның үстінен іс қозғаймыз деп жатыр. Не істейміз?» — дегенде сенбегем! Мына оқиғадан кейін сеніп, алаңдай бастадым!», — деп азаматтық пікірі мен ұсынысын жолдады.
Заңгердің бұл бастамасына желі белсенділері де қолдау танытуда. Мәселен, «Жарайсыз, қайратты екенсіз, аман болыңыз, қолдаймын, зардаптар жойылсын» деген секілді пікірлерін қарша боратуда.
[:]