[:ru]
«Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» республикалық қоғамдық кеңесінің мүшелері жұмыс сапарымен Шымкент қаласына келді, деп хабарлады «Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі.
«Мирас» республикалық кеңесінің көшпелі отырысында мәдениет саласын цифрландыру мәселелері талқыланды мәдениет саласын цифрландыру және еліміздің театрларындағы қазіргі репертуар жайлы өзекті мәселелерді талқылады. Кеңес мүшелері Шымкент қаласындағы әдеп-ғұрып және салт дәстүр орталығының, «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасының жұмысымен танысты. Кітапхана қорында 390 мың кітап бар, оның 438-і электрондық форматқа көшірілген. Қонақтар «Коворкинг» орталығымен, жақында пайдалануға берілген кюар бұрышының жұмысымен танысты.
– Мен әлемдегі ең жақсы кітапханаларда болғанмын. Әрбір ел өзінің ерекшелігін сақтап қалуға, оны болашақ ұрпаққа беруге талпынады. «Отырар» кітапханасындағы коворкинг орталық заманауи талаптарға сәйкес, сонымен қатар бұрыштар ұлттық дәстүрмен безендірілген. Бұл кұптарлық жайт, — деді республикалық кеңес мүшесі Аскер Пириев.
Қазақстан халқы Ассамблеясы мәжіліс залында өткен көшпелі мәжіліске «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» республикалық кеңесі мүшелері, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалы белсенділері, зиялы қауым өкілдері, тарихшылар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Қоғамдық кеңес төрағасы, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан іс-шараның өзектілігі мен маңыздылы туралы атап өтті.
– «Нұр Отан» партиясы мен Қазақстан Жазушылар одағы жас жазушыларды, ақындар мен зиялы қауым өкілдерін қолдау мақсатында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол койды. Партия жазушылармен бірлесіп Республикалық жас жазушылар байқауын, жазушылардың шығармашылығын насихаттайтын тележоба ашуды, кітапханаларда ашылған коворкинг орталықтарда жазушылармен кездесулер ұйымдастыру, арнайы YOUTUBE-каналдарын ашып, барлық жазушылармен жұмыс жасауды жоспарлап отыр. Бұл өте жақсы жаналық, маңызды бастама, — деді депутат Бекболат Тілеухан.
Мәжіліс барысында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Мәдениет және өнер» департаментінің директоры Әбіл Жоламанов, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақтыбек Смағұл, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нұртай, жазушы Захардин Қыстаубайұлы мәдениет саласын цифрландыру мәселелері бойынша баяндама жасады. Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры директорының міндетін атқарушы Назарбек Үсіпахметов еліміздің театрларындағы қазіргі репертуарлар тақырыбы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде пікірін ортаға салды. Сол күні Шымкентте кенес мүшелері Тәуелсіздік саябағында ағаш отырғызып, «Ескі қалашық» аумағын абаттандыру және қайта қалпына келтіру жұмыстарын бағалап, «Қазақ еліне мың алғыс!» монументіне гүл шоқтарын қойды.
Айта кететін жайт, «Мирас» республикалық қоғамдық кеңесінің көшпелі отырысы Шымкентте алғаш рет өткізіліп отыр. Елбасы Жолдауы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында айтылған ұсыныстар мен пікірлер бойынша хаттама түзіліп, ол атқарушы органдарға орындау үшін жолданатын болды.
Темірлан АЛМАС
[:]