[:kz]
Алматы облысында белгісіз біреулер 16 жастағы оқушы қызға қорлық көрсеткен. Мұнысымен қоймай олар бұл әрекеттерін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген. Бойжеткеннің ата-анасы кінәлілердің жазалануын сұрап отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Астана” арнасына сілтеме жасап.
Сұмдық оқиға 24-ші желтоқсан күні кешкі уақытта болған. 16 жастағы бойжеткен әлеуметтік желі арқылы танысқан екі қызбен өзеннің маңында кездеседі. Оның айтуынша, қыздар осы жерде бойжеткенді ұрып-соғып, зорлық-зомбылық көрсететін екі жігітті шақыртқан.
Галинаның айтуынша, қос бойжеткен өзін сырттай бақылап жүрген. Кездесу кезінде ештеңе түсіндірместен жұдырық ала жүгірген. Басынан ұрып, денесінің сау-тамтығын қалдырмаған.
“Олар маған ауылда өздері туралы қауесет тараттың деп сес көрсетті. БІздің нашақор екенімізді, есірткі қолданатынымзды кімге айттың деп ұра бастады. Мен оларды мүлде танымаймын да. Әлеуметтік желіде кездесу туралы жазғанда да қоқан лоққы көрсетті”, – дейді Галина Тыркова.
Бойжеткен қорланғаны жайлы алғашында үйдегілерге тіс жармаған. Үш күннен соң әлгі қыздар оны қайта соққыға жыққан. Киімін шешіп мазардың ішімен ары-бері жүгіруін бұйырған. Сорақысы бұл қылықтарын видеоға түсіріп, желіге жүктеген.
“Желтоқсанның 27-і күні қызым үйге көк ала қойдай боп келді. Мұрны сынған. Беті аузы ісіп кеткен. Алғашында не болғанын сұрағанымда айтпай қойды. Кейін мән жәйді түсіндірді. Бірден полицияны шақырдым. Біз зорлық көрсеткен екі жігіттің де оларды видеоға түсірген достарының да әділ жазалануын сұраймыз”, – дейді анасы Надежда Тыркова.
Полиция Департаменті іс бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
“Аталған факт бойынша ҚР қылмыстық кодексінің 123-ші бабы екінші тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда істің мән-жәйі анықтау мақсатында, тиісті сараптамалар тағайындалып тергеу амалдары жүргізілуде”, – дейді Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі.
Ал бұл бап бойынша 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
[:]