[:kz]
Садақшы Жайна Майдарқызы
Жасөспірімдер арасында садақ атудан әлем кубогының жүлдегері Жайна Майдарқызы дүниежүзілік олимпиадаға қатысып, жеңімпаз болуды армандайды
18 жастағы садақшы Жайна Майдарқызы бірнеше күннен кейін Моңғолияның ұлттық құрамасындағы ересектер қатарына қабылданады. Кәсіби спортқа қадам басу алдында тұрған бойжеткен соңғы төрт жыл ішінде нысана көздеуден жеті мәрте Моңғолия чемпионы атанған. Қазір алдағы жарыстарға дайындалып жүр.
— Биыл 12-сыныпты бітірдім. Бірақ жоғары оқу орнына тапсырмадым. Өйткені 2019 жылы ақпан айында Қытайда өтетін чемпионатқа қатысу үшін күні-түні дайындықтамын. Сабақ оқуға әзірге уақытым жоқ. Одан кейін бұйыртса, Токио. Сондықтан ешқандай оқу орнына құжат тапсырмадым, — дейді Жайна.
Азаттық тілшісімен болған әңгімеде бойжеткен садақ ату бойынша 2020, 2024 және 2028 жылдары өтетін олимпиадаларға қатысуды мақсат етіп отырғанын, жеңіске ұмтылатынын айтып өтті.
Орыс тіліне жүйрік Жайна қазақ тілінде сәл мүдіріп, кейбір сөздердің қазақша баламасын таппай қалып жатты. «Қиналсаң, ойларыңды орысша жеткізе бер» деген сөзімізге «Шамам келгенше айта берейін» деді.
«БҰЛ – МЕНІҢ СПОРТЫМ»
Жайна Майдарқызы 2000 жылы Моңғолияның Орхон аймағында дүниеге келген. Әкесі құқық қорғау органында жұмыс істегендіктен оның балалық шағы Эрдэнэт қаласында өткен. 14 жасына дейін Эрдэнэт қаласында орыс мектебінде білім алған садақшы қыз соңғы төрт жылғы білімін жергілікті спорт мектебінде жалғастырыпты.
Көшпенді халықтардың ұлттық спорты саналатын садақ ату өнеріне Жайна «телеарнадан өтіп жатқан жарысты көріп» қызыққанын айтады.
— Қай елде екені есімде жоқ, әлем чемпионаты өтіп жатты. Соны телевизордан көріп отырып, өзімнің де осы спорттан жүлдегер болатынымды сездім. «Бұл — менің спортым» деген сезім пайда болды. Әуелі жергілікті жердегі үйірмелерге барып, ата бастадым. Өте ұнады. Кейін әкеме айтып, спорт мектебіне ауыстым, — дейді ол.
Жайна садақпен нысана көздеуден бір жылдың ішінде үлкен нәтижеге қол жеткізген. Өзінің айтуынша, 15 жасында Моңғолия жасөспірімдері арасындағы жарыста бірінші орын алған.
ҚАРАЙ ОТЫРЫҢЫЗ: БАЛҚАШТЫҚ САДАҚШЫЛАР
2017 жылы желтоқсан айында Бангкок қаласындағы садақ атудан жасөсіпірімдер арасында өткен әлем кубогының жүлдегері болған. «Осы күнге дейін қанша жарыстан жүлделі болып оралдың» деген сауалымызға «ұмытып қалдым» деді.
«ҚАЗІР ДАЛАДА САДАҚ АТЫП ДАЙЫНДАЛЫП ЖҮРМІН»
Жайнаның айтуынша, садақ ату спорты «ғимарат ішінде және сыртында» болып екіге бөлінеді. Арнайы залда 18 метр қашықтағы нысана көздеуден Моңғолияның жеті дүркін чемпионы болған Жайна қазір далада атуға дайындалып жүр. Өзінің айтуынша, бұрын далада арнайы орын болмағандықтан тек залда дайындалып келген.
— Далада 70 метр қашықтан нысана көздейміз. Бірақ бұрын ондай орын болмады да, еріксіз залдың ішінде жаттықтық. Менің негізгі жүлделерім осы жабық ғимаратта өткен жарыстардан. Қазір енді сыртта, алыстан көздеуге дайындалып жүрмін. Болашақта олимпиада ойындарына қатысамын, — дейді Жайна.
azattyq.org
[:]