[:kz]
Ақтөбе қаласындағы Пригород орта мектебінің директорын қарамағындағы мұғалімді ұрды деп айып тағып отыр. Алайда басшы жас маманның сөзін жоққа шығарады. Өңірдегі «Жас АЛАШ»тілшісі қос тарапты да тыңдап қайтқан еді.
«Үш жылдан бері мектеп директорының қылығына төзіп келдім» деген жас мұғалім шыдамының таусылғанын айтады. Сөзінше өзі қызмет ететін мектептің директоры ар намысына тиетін сөздер айтып, бірнеше рет қол көтерген. Ал бүгінгі дау «жазғы лагерьге шыға алмаймын» деуден басталыпты. Әдемі БАУЫРЖАНҚЫЗЫ директордың үстінен құқық қорғау органдарына арызданып жатқанын айтады.
«Маған лагерь берілген. Мен ол лагерьден бас тартамын деп директордың кабинетіне танертен саған 9.00-де кірдім. Ішке кірген бойда күш көрсетіп, қол көтерді. Кабинетінен шығарғысы келіп итеріп, қолымдағы телефонды тартып алғысы келді. Шапалақпен ұрды. Және мұндай жағдай бірінші рет емес, барлығына шыдап үндемей төзіп келдім», — дейді ағылшын пәнінен сабақ беретін жас мұғалім Әдемі Бауыржанқызы.
Мектеп директоры жас мұғалімнің өзіне таққан айыптарымен келіспейді. Әдемі Бауыржанқызын жұмысқа кешігіп келетін, берген тапсырманы орындамайтын мұғалім дейді. Жұмыс жасаған үш жылдың ішінде үстінен бірнеше рет хаттама толтырылып, ескертулер жасалыпты.
«Лагерьді 3-і күні ашасыңдар, кабинеттріңді дайындап, жоспарды бекітіп ал дедім. Сенбі жұмыс күні емес, келмеймін деді. Жарайды. Дүйсенбіде жоспар күттім. Жоқ. Жиырма минут кешігіп келді. Шақырдым. Дәлізде қуып жүрем. Енді бірдеңе айтайын десең ымыраға келмейді. Үлкен деп сыйламайды. Басшы деп тыңдамайды. Енді менде шара қалмады. Мен де адам баласымын. Бүгін соткасын сөндіріп шығаруға тура келді. Қол жұмсау менің тарапымнан болған жоқ. Оған ұжыи куә», — дейді мектеп басшысы Гүлнәр ЖАНИНА.
Директор мен жас мұғалімнің арасындағы дауды шешуге қалалық білім бөлімі басшысының өзі араласыпты. Қазір жағдайға қатысты комиссия құрылып, қызметтік тексеріс басталды. Егер мектеп директорының жас мұғалімді ұрғаны расталса жұмыстан кетеді екен.
«Егер мектеп директоры тарапынан адамды ұру фактісі анықталатын болса директорға тиісінше шара қолданатын боламыз. Сонымен қатар бұл жерде бұл жағдай неден туындады, бұрыннан осы жағдай болып келе жатыр ма, әлде бірінші рет пе, соның бәрін анықтайтын боламыз», — деді Ақтөбе қаласы білім бөлімінің басшысы Саян СҮЛЕЙМЕНОВ.
Қазір менің рұқсатымсыз видеоға түсіріп, оны әлеуметік желіге таратты деген мектеп директоры қол астындағы жас ұстаздың үстінен полиция шағымданамын деп отыр. Ал екеуінің қайсысы жұмыстан кететін тексерісті бүгін бастаған комиссия шешетін болады.
Фото автордікі.
[:]