АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Мумбайда аспаннан балық жауыпты[:]

[:kz]

Әдетте аспаннан қар, жаңбыр немесе бұршақтың жаууы заңды құбылыс. Бірақ кейде балық та жауатын кездер болып тұратын көрінеді.

Таяуда әлеуметтік желілерде дәл осындай құбылыстың Үндістанның Мумбай қаласында орын алғаны туралы видеолар пайда болды. Видеоның астындағы жазбада мұндай жауынға себеп болған – халықтың кедейлігі делінген. «Халық жерге азық сұрап, күндіз-түні Құдайға жалбарынғандықтан осындай жағдай орын алды» деп жазады.

Мұндай құбылыс осыдан біраз жыл бұрын Мексика елінің солтүстік-шығысында да болыпты. Ол кезде жаңбырмен араласып ұсақ балықтар аспаннан түскен.

Осыған ұқсас жағдай Шри-Ланкада да бірнеше рет қайталаныпты. Мұнда балық қана емес, теңіз өнімдері аралас жаңбыр да жауған екен. Тіпті 2012-жылы қатты дауылдан кейін аспаннан шаян жауған кездер де болған көрі­неді.

Сондай-ақ Гондурас мемлекетінің Йоро қаласында да мұндай құбылыс мамыр мен шілде айларының аралығында жыл сайын байқалып тұрады деседі. Аспанды қара бұлт торлап, найзағай жарқылдаған соң қатты жел тұрып, 2-3 сағат қатарынан нөсер жауын жауады екен. Жауыннан соң аспаннан жерге көп мөлшерде тірі балықтар түсіп, адамдар оны жинап алып, азық ретінде тұтынатын көрінеді.

Тұрғындар бұған испан миссионері Хосе Мануэль Субиранды себепші деп біледі. 1856-1864 жылдар аралығында осы өңірге ат басын бұрған католик мұндағы кедейлердің көптігін байқайды. Сөйтіп, 3 күн, 3 түн қатарынан Құдайдан тілек тілеп, кедейлер аштықтан бұратылмас үшін бір кереметтің болуын сұраған екен. Содан бері жыл сайын «балық жаңбыры» жауа бастаған деседі. Йоро қаласында жергілікті халық 1998-жылдан бері «Балық жаңбыры фестивалін» өткізеді екен.

Ал, жалпы, ғалымдар мұндай ерекше жаңбыр қатты желдің, торнадоның әсерінен болады деп түсіндіреді. Күшті дауыл тірі ағзаларды судан бірнеше метрге дейін көтеріп, желдің күші баяулағанда олардың жерге құлайтындығын айтады. Тағы бір қызығы, мұндай жауын тек балықпен ғана емес, бақалармен, өрмек­ші­лермен, құстармен де аралас жауған кездері болған екен.

Zamana.kz 

.

[:]