АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Мүмкіндігі шектеулі болғанымен ерік-жігері мұқалмаған (ВИДЕО)[:]

[:kz]

Қазақстанда кәсіби бишілер жылдан-жылға көбейіп келеді. Сондай бишілердің қатарын шымкенттік Ермек Қалымбетов толықтырып, еліміздің атын шет мемлекеттерге танытып жүр. Мүмкіндігі шек­теулі болса да  халықаралық параолимпиадада топ жарған Ермекпен сұхбаттасқан едік.

 

«Менің үй кезегінде тұрғаныма үш жыл болды. Ертерек баспанамен қамтылуыма ықпал ете аласыздар ма?» – дегенінен-ақ жас жігіттің қиналып жүргені байқалды. 2017-жылы би өнерінен Әлем чемпионы атанып, бүгінде жеке фристайлда 5-орында тұрған өнерпаздың ең басты арманы үйлі болу екен. Оған мемлекет тарапынан қамқорлық жасалып, үй кілтін табыс ету үлкен қайырымдылық іс болар еді деген ой келді.

 

Ермек бүгінде «Қырғы базар» маңындағы көпқабатты үйлердің бірінде пәтер жалдап тұрады. Екі жылдан бері Шымкенттегі №8 оңалту-әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында мәдени ұйымдастырушы болып еңбек етеді. Пәтерінен жұмыс орнына жаяу қатынау, одан бұрын үшінші қабаттан қоларбамен түсіп-шығу дені сау адамға да оңай емес. Дегенмен Ермек бұған да үйреніп қалғанын айтады.

 

«Жаспыз ғой, тілін әбден меңгеріп ал­ғандықтан баспалдақтан түсерде бұрынғыдай қорықпаймын. Үйреніп қалдық», – деген ол өзінің  бірден үй алуға көмектесесіздер ме дегеніне ыңғайсызданып қалғанын айтты.

 

Біз оған өзімізді қызықтырған сұрақтарды қойдық.

 

«Мен би де билеймін, 100, 200, 400 метр қашықтықта жарысқа да қатысамын, – дейді ол. – Мұның екеуі де спорт түріне жатады. 2009-жылдан бері жеңіл атлетикаға қатысып жүрмін. Қызығушылығымды оятқан Арыстан Орынбаев есімді кісі еді. Өзі дайындап, жарыстарға да апарып жүрді. 2013-жылы Тараз қаласында спартакиада өтті. Сонда бапкерім биге де қатысып көруге ұсыныс айтты. Сөйтіп, сол жарыста жеңіл атлетикаға да, биге де қатыстым. Биден ұтылып қалған соң онымен шұғылдануға зауқым соқпай қалды.

 

Шымкент қаласында мүмкіндігі шектеулі өнерпаз жандарға арналған «Халқыма – тағзым» атты қоғамдық бірлестік бар, мүмкіндігі шектеулі жандардың өнерін көпшілікке насихаттап, қолдау көрсетеді. Сол бірлестікте спорттық биді көркем өнер ретінде билеп жүрдім. Содан 2015-жылы Шымкентте өтетін би байқауында бақ сынауға ұсыныс түсті. Асылзат есімді қызбен бірге биледік. 1-ші орын алдық. Ал 2016-жылы қоларбадағы спорттық биді кәсіби түрде билеуге шақырту алдым. Сол күннен бері көптеген са­йыстарға қатысып, жеңімпаз атандым. Содан ұмтылыс, іздену басталды. Билесем мүгедек екенімді ұмытып кететінімді байқап, бұл өнерден қол үзбеуді шештім».

 

Ермек 2012-жылы жеңіл атлетика бо­йынша Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Дубай қаласында өткен халықаралық жарысқа қатысыпты. 100, 200 метрлік қашықтықтар бойынша сайысқан.

 

«Бірақ бұл сапардан жүлдесіз қайттым, – дейді ол. – Алайда бұл сынақ маған үлкен тәжірибе болды. Би бойынша да шетелдік жарыстарға баруға болатынын сол кезде білдім. Содан алдыма мақсат қойдым, дайындықтар жасадым. Ақыры Қазақстанның кубок, чемпионаттарында жүлделер ұта бастадым. 2016-жылы қарашада Қытайда өткен Азия чемпионатына қатысып, 1-орын иелендім. 2017-жылы Әлем чемпионатына жолдама алуға қатысып, ол жерде де 1-орын алдым. Кейін Бельгияда өткен әлемдік додада 2-орынды иелендім. Бұл жетістіктеріме ата-анам, бауырларыммен бірдей қуанып, қолдау білдіріп отырған әріптестеріме, басшымыз Гүлия Жазықбаеваға үлкен алғысымды білдіремін».

 

Біз Ермекке: «Дене қозғалысын көп талап ететін екі бірдей өнерің денсаулығыңа кері әсер етпей ме? Дәрігерлер тарапынан кейбір қимыл-қозғалысқа шектеу бар ма?» – деген сұрақ қойдық.

«Дәрігерлер маған ешқандай шектеу қоймады. Өйткені мен анамның құрсағында осылай дамығанмын. Жұлын омыртқада зақым бар дейді. Ота жасатуға келсек, мүмкіндік елуде – елу деген. «Не аяққа тұруға мүмкіндік болады, не осы күніңе де зар болып қалуың мүмкін», – деді. Қазір медицина дамыған. Бір елдерде маған көмектесе алатын ота түрі бар шығар бәлкім. Бірақ мен дәрігерлер сөзінен кейін жүрексініп қалғандаймын. Осы күніме де шүкір деп жүрген жайым бар», – дейді ол.

 

Жалпы, Ермектің би қимылдары өте батыл. Шалқайып, құлап кететін шалт қимылдары да бар.

 

«Шалқаю, құлау тәрізді шалт қимылдың бәрін өзім ойлап тапқан жоқпын. Интернеттен өзге елдердің бишілерінің өнерін көріп, солардан да үйренемін. Шымкенттегі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мектеп-интернатта 9 жыл оқыдым. Сонда кейбір оқушылар қоларбасымен қорықпай түрлі қимылдар жасайтын. Өзара жарысатын. Мен де соларға еліктейтінмін. Содан болар, қоларбаны еркін меңгергенмін, қазір ештеңеден қорықпаймын. Қайта түрлі қимылдарды жасауды ұнатамын. Жарыста сондай тәсіл­дермен ұпайды көбірек жинауға болады», – дейді Ермек.

 

Ол әлемдік деңгейдегі байқауларда астаналық кәсіби биші Күлшім Аталықовамен, ал Қазақстанда қоларбада отыратын Айжан Жақұлаевамен жұп болып өнер көрсетеді екен. Би үйретуші бапкері – Дария Жұмаділлаева. Ермек бұл кісілердің барлығына өте риза екенін айтады.

 

Ермектің әкесі – Ауған соғысының ардагері, жеке шаруамен айналысады. Анасы – мұғалім. Олар Сайрам ауданындағы Сиқым ауылында тұрады. Ермек – үйдің кенжесі, алдында ағасы, әпкесі бар.

 

«Басты арманым – жер басып, өз аяғыммен жүру. Баспаналы болу, ата-ананың үмітін ақтау. Алғаш сайыстарға шығып жүргенде жеке концертімді беру арманым еді, сол арманға биылғы ақпан айында қол жеткіздім. Алдағы уақытта шығармашылыққа бет бұрып, ізденіп, бұдан да биік белестерді бағындыр­ғым келеді», – дейді жігерлі жігіт.

 

Біз Ермектің ерлігіне тәнті болдық. Оның алға қойған мұрат-мақсаттарына жете беруіне тілектеспіз. Осындай азаматтың тұрмыстық жағдайына қарасып, үйлі болуына көмектесетін жандар ел арасынан шығып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

 

Д. ӘБДІМАНАП.

.zamana.kz/

 

 

[:]