[:kz]
Мамыр айының фьючерстерін сатудың соңғы күнінде америкалық мұнай 300%-ке құлдырады. Мұндай рекордтық көрсеткішті сарапшылар артық өндіру мен қоймалардың толуымен және сұраныстың төмендігімен байланыстырады
WTI маркалы мұнайдың бағасы тарихи рекордтық деңгейге төмендеп, барреліне минус 37,63 долларға дейін түсіп кетті. Бірақ бірнеше сағаттан кейін оның бағасы барреліне 2,21 долларға дейін көтерілді, деп хабарлайды РИА Новости.
Айта кетейік, екі апта бұрын ғана мұнайды экспортқа шығаратын елдер ұйымы ОПЕК+ әлем мұнайдың нөлдік құнын көрмейді деп болжаған болатын.
Дүйсенбі күнгі аукционда Brent маркалы мұнайдың маусымдық фьючерстері барреліне 25,38 долларға дейін төмендеді.
Сенсациялық құлдыраудың себебі, сейсенбі WTI мамыр фьючерстерін сатудың соңғы күні болуымен де астасуы мүмкін. Сонымен қатар, коронавирустық пандемияға байланысты сұраныс күрт төмендеді әрі мұнай сақтау орындары түгел толды десе де болады. Яғни, шикізат сақтайтын орын жоқ.
Оған қоса, ОПЕК+ мәмілесінің сәтсіздігі де баға құлдырауында маңызды рөл атқарды. Жаңа келісімге кеш қол қойылғандықтан ол нарықтағы бағаны тұрақтандыруға көмектеспеді. Енді ОПЕК пен Халықаралық энергетикалық агенттік артық шикізат аясында мұнайға сұраныстың рекордтық төмендеуін күтуде.
Мұнай нарығы саласындағы сарапшы Хужадж Бу Хедр РИА Новости-ге берген түсіндірмесінде WTI бағасының түсуі, ең алдымен АҚШ-тың проблемасы екенін атап өтті. Вашингтон өзіне қажет көлемде әрі экспорттауға қажет емес мөлшерде мұнай өндіреді.
Оның пікірінше, коронавирусқа байланысты шектеулердің кезең-кезеңмен алынуы, сондай-ақ экономиканың «ашықтығы» баға құлдырауын тоқтатуы мүмкін.
Худжадж Бу Хедрдің айтуынша, маусымның соңы мен шілде айының басында мұнай бағасы 40 долларға дейін көтеріледі.
Оқи отырыңыз: Жазға қарай мұнай бағасы 60 долларға жетуі мүмкін – экономист
Вашингтондағы Berkeley Research Group зерттеу компаниясының басқарушы директоры әрі АҚШ федералды энергетикалық реттеу комиссиясының (FERC) бұрынғы мүшесі Бранко Терзик WTI маркалы мұнай бағасының қалпына келуі америкалық экономика жанданғаннан кейін ғана мүмкін болады деп санайды.
«Экономика қашан қалпына келіп, баға қай кезде өсе бастайды? Біз қазір сақтаулы тұрған барлық мұнайды қолданамыз. Тек, содан кейін ғана жаңа мұнай өндіре бастаймыз. Негізінен мұнайды сақтау үшін де төлем жасау керектігін ұмытпаған жөн», – дейді ол.
Сарапшы америкалық билік ықпалының әлсіз болатындығын айтады. Ең жақсы деген жағдайдың өзінде америкалық мұнай компанияларының жартысы ғана өз қызметін жалғастыра алады.
[:]