[:kz]
Шымкентте базар маңында сауда жасағаны үшін полицейлер айыппұл салмақ болған әжей оқиғаға қатысты пікір білдірді. Кейуана шу шығаруға қарсы екенін айтты, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Otyrar.kz басылымына сілтеме жасап.
Базардағы оқиғаның кейіпкері ПД тәртіптік комиссиясының отырысын түсіруге тыйым салып, шу шығаруға қарсы екенін ашық айтты. Тәртіптік кеңес басталмас бұрын ол журналистерге өзі кінәлі екенін, телефонын алып қоймағанын және барлық шуды куәгерлер қоздырғанын айтты.
«Мұндай шу шығарудың не қажеті бар? Тіпті бір қылмыс жасалған тәрізді. Мен өзім кінәлімін. Адам заңға бағынуы керек. Базар сыртында емес, базарда сауда жасау керек. Мен онда жаңғақ апардым. Бір-екі рет полицей ескертті, бірақ мен нашар естимін. Қайта жаныма келгенде телефонымды беріп, балама хабарласуын сұрадым. Болды. Басқа ештеңе болған жоқ. Сосын кетіп қалдым. Адамдарға дау-жанжал керек, сондықтан бәрі жиналып алды», — деді зейнеткер.
Айта кетейік, оқиға 24 қазанда Шымкенттегі «Қырғы базары» маңында болған. Видеоға полицейлер мен әжейді жақтаған тұрғындар арасындағы жанжал түсірілген. Тұрғындар әжейге белгіленбеген орында сауда жасағаны үшін айыппұл салмақ болған полиция қызметкерлерінің әрекетіне наразы.
Кейін полицейлер жазаланды.
«Тәртіптік комиссия отырысында оқиғаның мән-жайы мен себеп-салдары толығымен талқыланып, нәтижесінде полиция майоры Жұлдызбек Мүлкүбаевқа өз қызметіне толық сәйкес еместігі туралы тәртіптік шарасы және полиция аға лейтенанты Даут Тұрмахамбетовке ескерту тәртіптік шарасы қолданылды», — деді Шымкент қалалық ПД баспасөз қызметі.
[:]