[:kz]
Мьянмада (ескі атауы — Бирма) үкіметтік күштер мен рохинджа мұсылмандары арасында бір апта бұрын басталған қақтығыстың салдарынан 400-ден аса адам өлтірілген. Бұл туралы Reuters Мьянма әскеріне сілтеме жасай отырып хабарлады.
Жергілікті биліктің мәліметінше, қақтығыс «рохинджа содырларының» Ракхайн штатында (ескі атауы — Аракан) бірнеше полиция бекетіне және армия казармасына жасаған шабуылынан басталған-мыс. Мьянма әскерінің мәлімдемесінде 25 тамыздан бастап 90 қақтығыс болған, оның барысында 370 «содыр» қаза тапқан. Ал үкіметтік күштердің қатарында 15 адам мерт болған.
Сонымен қатар, «содырларды» жергілікті билік 14 бейбіт тұрғынды өлтірді деп айыптап отыр. Қақтығыстардан 27 мың рохинджа босқыны қудалаудан қорқып, Бангладешке шекара асып кеткен. Ал Синхуа агенттігінің мәліметінше, арасында балалар мен әйелдер бар 40 адам Наф өзенін қайықпен кесіп өтпекші болып, суға батып кеткен.
Рохинджалар — этникалық мұсылман бенгалдар, оларды британ колониялық билігі Араканға XIX және XX ғасырдың басында көшірген. Халқының жалпы саны бір жарым миллион шамасында. Қазіргі уақытта олар Ракхайн штатындағы халықтың басым бөлігі. алайда олардың көпгшілігі Мьянма азаматтары емес.
Ресми билік пен буддаға табынатын халық рохинджаларды Бангладештен шыққан заңсыз мигранттар деп есептейді. Олар мен буддист аракандықтардың қақтығысы бұрыннан бері жалғасып келе жатыр, алайда бұл қақтығыстар Мьянмадағы биліктің 2011-2012 жылдары әскериден азаматтық үкіметке өткен кезінде қарулы қақтығыс пен гуманитарлық дағдарысқа айналғанын жазады РИА Новости.
Осы мәселеге қатысты Түркия президенті Тайип Ердоған пікір білдіріп, Мьянмадағы оқиғаларды «мұсылмандар зұлматы» деп атады.
«Демократия бетпердесімен жасалып отырған бұл геноцидке көз жұмып қарайтындар оған дем берушілер. Аракандағы бұл адамдарға мән бермей отырған әлемдік БАҚ-тар осы қылмысты жақтайтындар. Аракандағы мұсылман халқы жарты ғасыр бұрын төрт миллион болса, қудалау мен қантөгістерден кейін үштен бірі ғана қалды. Әлемдік қауымдастықтың бұған үн қатпай отырғаны өз алдына бір драма», — деп келтіреді Anadolu агенттігі. «БҰҰ бас хатшысымен телефон арқылы сөйлестім. 19 қыркүйектен бастап осы мәселе бойынша БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырыстары өтеді. Түркия әлемдік қауымдастыққа Аракандағы жағдайды жеткізу үшін қолдан келгенін жасайды. Бұл мәселе екіжақты келіссөздерде талқыланады. Қалғандары үнсіз болса да, Түркия сөйлейді», — деп мәлімдеді Ердоған.
Мьянмадағы қантөгіс жайлы Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров та пікір білдірді.
«Мьянмадағы жағдай туралы саясаткерлердің пікірі мен мәлімдемелерін оқып жатырмын. АДАМДЫ қорғауға міндеттелгендердің екіжүзділігі мен адамдықтан ада екендігі жайлы тұжырым жасауға тура келіп отыр! Бұл елде соңғы бірнеше жыл бойы көрсетуге емес, тіпті сипаттауға да мүмкін емес оқиғалар болып жатыр. Мұндай қатыгездікті адамзат Екінші дүниежүзілік соғыс кезінен бері көрмеген. Екі бірдей соғыстан өткен мен айтып отырсам, бір жарым миллион мұсылман-рохиндердің қасіретінің қандай деңгейде екенін ойлай беріңіздер. Бірінші кезекте Мьянмада билік жүргізіп отырған Аун Сан Су Чжи ханым жайлы айта кетсек. Оны көп жылдар бойы демократия үшін күрескен адам ретінде айтып келді. Алты жыл бұрын әскерилерді азаматтық үкімет алмастырды, Бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығын алған Аун Сан Су Чжи билікке келді, артынша этникалық және діни «тазарту» жұмыстары басталды. Мьянмадағы оқиғалар ешқандай да басқа қатыгездіктермен салыстыруға келмейді. Жаппай кісі өлтіру, зорлау, адамдарды тірідей өртеу, мұсылмандарға тиесілінің барлығын да жою. Өткен жылдың күзінде мыңнан аса үй, мектеп және мешіт қиратылып, өртелді. Мьянма билігі халықты жойғысы келеді, ал көрші елдер күлкілі квоталар енгізіп, босқындарды қабылдамай отыр. Гуманитарлық апат болып жатқанын бүкіл әлем көріп отыр, мұның адамзатқа қарсы ашық қылмыс екенін көріп отыр, БІРАҚ ҮНСІЗ! БҰҰ бас хатшысы Антониу Гуттериш Мьянма билігін қатаң сөгудің орнына Бангладештен босқындарды қабылдауды сұрап отыр! Себебімен күресудің орнына салдарын талқылап қана отыр. Ал БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары Зейд Раад әл-Хуссейн Мьянма билігінен «әлеуметтік желілердегі қатаң риторика мен қоздырушыларды» жазалауды сұрап отыр. Бұл күлкілі емес пе? Мьянманың буддист билігі рохинья геноцидін қарулы қарсылыққа қарсы күрес деп ақтап отыр. Зорлық кімнің тарапынан болса да, біз оны сөгеміз. Мұнда бір сұрақ туады, тозаққа қудаланған халыққа басқа қандай таңдау берілген? Шешенстанда біреу түшкірсе күніне екі рет мәлімдеме жасайтын ондаған елдің басшылары мен құқыққорғаушы ұйымдар неге үнсіз?», — деп жазды Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров Instagram желісінде.
Ал әлеуметтік желілерде Ракхайндағы оқиғалардың суреттері мен видеолары #Arakan хештегі бойынша таралып жатыр.
[:]