[:kz]
Желіде қозыны ағашқа іліп, терісін сыпырып жатқан әйелдің видеосы тарады. Оған ел таңдай қағуда деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі. Желі қолданушылары қой соя білген келінге қол соғып, таңқалысын жасырмады. Кадрдың сыртынан сөйлеген әйел қозыны өзі бауыздамағанын алға тартты. «Күндеріңіз сәтті өтсін. Дәл қазір радионы тыңдап, қозы сойып жатырмын. Атам бар үйде, сол кісі бауыздап береді. Қалғанының бәрін өзім осам, өзім жасаймын. Рысбек малдан түскі асқа келген кезде, тамағы дайын тұрады. Мынау ас үйіміз, мынау қонақ күтетін вагонымыз. Біз қонақ көп күтеміз. Жаңа сұрап жатырсыздар ғой, етті не істейсіздер деп. Етті сүрлеп-сүрлеп, қапшыққа жинап қыста жейміз қалған етті. Бәрін жей бермейміз ғой. Мал — береке, малды жиі-жиі сойып тұрамыз осылай. Бастық келген сайын бір қозы соямыз. Бастық өзі бір айда бір келеді. Онда да шақырып аласың», — дейді епті келіншек.
Қозы сойып жатқан келіншекке желі қолданушылары риза болып, ақ тілегін жаудырды. «Алла разы болсын сізге», «Көп жаса, келінім! Қосағыңмен қоса ағар!» «Ұл тап», «Жарайсың!», «Ондай келіндер аз қалды ғой қазір», «Мықты келін екен», — деп жазды олар. Видеоны көргендер арасында қой союдың ешқандай қиын іс емес екенін айтқан әйелдер де бар. Олардың сөзінше, маңғыстаулық әйелдер арасында қой сою таңсық жағдай емес. Видеоның қай жерде түсірілгені беймәлім.
[:]