АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Нағашыбай ЕСМЫРЗА: «Әйелді жеңудің бір ғана жолы бар…»[:]

[:kz]

nagashybaiТаяуда бізге Ақтөбе облысының тумасы, бүгінде Алматы қаласында тұрып жатқан «Фейсбук» әлеуметтік желісінің белсенді қолданушысы 

Нағашыбай Есмырзамен әңгімелесудің сәті түскен еді. Әңгімеміз отбасы тақырыбында өрбіді.

– Нағашыбай аға, еркек пен әйелдің рөлдері ауысып кеткен тәрізді. Бұған байланысты не айтар едіңіз?   

– Біз көбіне әйел мен еркектің екі бөлек жаратылыс екенін ұмытып кетіп жатамыз. Әйелдің көзқарасы, дүниетанымы, түсінігі басқа да, еркектің көзқарасы мен дүниетанымы мүлде басқа. Әйел еркекше, еркек әйелше ойлана алмайды. Ең алдымен осыны ұмытпауымыз керек. Әйеліне қол жұмсайтын еркектер әйелді әйел деп емес, еркек сияқты көреді. «Ол неге мен сияқты ойламайды?» «Менің айтқанымды неге істемейді?» деп еркектің психологиясымен өлшейді. Ал әйелдің психологиясы мүлде бөлек. Мен осыны талай жігіттерге айтып жүрмін. Әйел мен еркектің екі түрлі ойланатынын, екеуінің екі бөлек жаратылыс екенін балаға кішкентай күнінен отбасында, мектепте жиі-жиі  қайталап айтып, санасына сіңіру керек. Сонда отбасында әйеліне қол жұмсайтын еркектер болмас еді. Ерлі-зайыптылар арасындағы түсініспеушіліктер де азаяр еді деп ойлаймын. Еркекке әйелді жеңудің бір ғана жолы бар. Ол – үндемеу. Әйел деген сөйлеп-сөйлеп қояды. Қойған соң жымияды. Соңынан өзінің артық кеткенін де түсінеді. Ақылды  әйел еркекті төрге қарай сүйрейді. Ал ақылсыз болса, басына алтын жалатқан еркек болса да, оны адам ете алмайды.

– Отбасылы болуды мектеп қабырғасында жүрген кезден бастап үйреткен дұрыс па?

–  Оқушыларға еркек пен әйелдің қарым-қатынасы жайында емес, отбасын қалай құру керек, болашақ жарды қалай таңдау керек деген мәселелерді айтқан жөн. ҚазМУ-де оқып жүргенімізде бір апайымыз тобымыздағы  қыздарға: «Сендер АЗВИ-дің, СХИ-дің жігіттерін неғыласыңдар? Қастарыңда жүрген жігіттерді таңдаңдар, осы жігіттерге күйеуге шығыңдар», – деп ақыл айтып отыратын. Шынында да біз көбіне сырты жылтырға үйір келеміз. Оның ішкі әлеміне үңілуді ұмытып жатамыз. Жыға танымайтын жігіт немесе қыз кездесуге әдемі боп келеді, әдемі сөйлейді, соған қызығамыз. Оны толық танып-білмей жатып үйленеміз де, артынан өкінеміз. Мұндай қателікке ұрынбау үшін жастар болашақ жарын өздерімен біте қайнап араласып жүргендердің арасынан іздегені дұрыс. Сол кезде оның жақсы да, жаман да жағын байқайсыз. «Сырын білмеген аттың сыртынан жүрме» дегендей ғой. Негізі өзім отбасындағы әйелдің рөлін жоғары  қоятын адаммын. Әйелі дұрыс тәрбие алған, инабатты, байсалды, ақылды болса, отбасында береке де, бірлік те болады. Еркек те ешқайда кетпейді. Ал көргенсіз, шайпауыз әйелдің күйеуі де тура өзі секілді болады.  

– Тоқал тақырыбына қарай ауыссақ…

– Бүгінде көп адамдар тоқал алу мен көп әйел алушылықты шатастырып алып жүр. Алдымен осының ара жігін ажыратып айтып бергенім  дұрыс шығар. Қазақта тоқалды бәйбішесі алып берген. «Он үште отау иесі» деген қазақ  ұлын жиырма жасқа дейін өзімен қатар қызға үйлендіреді. Екеуі жиырма жылдай тату-тәтті тіршілік кешеді. Бұл уақытта әйелі он-шақты бала табады. Жасы қырыққа таяған әйел күйеуіне қараса, әлі жап-жас, әп-әдемі күйінде тұр. Ақылды әйел күйеуінің әлі де ұрпақ жалғар мүмкіндігі барын түсініп, өзінен әлдеқайда жас қызды таңдап әперіп, өзі бөлек үй болып тұрады.  Қазақтың Елубай, Алпысбайлары осылайша дүниеге келген. Жиырма жылдан кейін тоқалдың да дәурені өтеді. Алпысқа енді ғана аяқ бас­қан еркектің күш-қуаты қайт­қан жоқ. Енді тоқалдың өзі күйеуіне жас әйел іздей бастайды. Сөйтіп Жетпіс­байлар мен Сексенбайлар туылған.  Тоқал деген осы. Ал көп әйел алушылық дегенге келсек, жаугершілік заманда кімнің басы қайда қалмаған? Ағасы өлсе, балаларын жетім қалдырмау үшін інісі жеңгесіне әмең­герлік жолмен үйленген. Ол жесірі мен жетімін қаңғырт­пау үшін бір емес, бірнеше ағайын-туыстарының артында қалған әйеліне үйленуі мүмкін. Көп әйел алу деген осы. Ал бүгінде ұрпағын көбейту мақсатында көп әйел алғым келеді деп шатасып жатады.

– Кейбіреулер тоқал ал­ғанын әйелінен жасырады ғой. Оны қалай атаймыз?

– Оны тоқал емес, көңілдес деген дұрыс. Бәйбішесінің рұқсаты болмағасын ол зинақорлыққа жатады. Екі-үш әйел алып, оны бір-біріне білдірмейін деп араларында зыр жүгіріп жүрген жігіттерді білемін. Оларға мұнысы дұрыс емес екенін айтып жүрмін. Өйтіп пұшайман болғанша бір әйелмен күн кешкендері жақсы емес пе? 

– Өзіңіздің тоқал алатын ойыңыз бар ма? Оған бәйбішеңіз рұқсат бере ма?

– Ойым бар. Себебі маған ұрпағымды жалғайтын ұл керек. Біздер Совет үкіметінің кезінде өскен, бір отбасымен қалу керек деген түсінікте тәрбиеленген адамдармыз ғой. Қазір әйеліме жайлап айтып жүрмін. Ол маған екі қыз тауып берді. Оған алғыстан басқа айтарым жоқ. Қыздарым өте ақылды. Үлкен қызым докторантураны бітіріп, жақында тұрмысқа шықты. Бірақ ұрпақ ұлмен жалғасады ғой. Сондықтан тоқал алсам деген ниетім бар.

– Рахмет, аға.

Әңгімелескен – Г. СҰЛТАН

zamana.kz

[:]