АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]»Намаз оқимын, вирус жұқпайды» деп ойлайтын жандарға дін мамандары жауап берді[:]

[:kz]

Елімізде коронавирустық инфекция пайда болып, төтенше жағдай жарияланғалы бері халық арасында түрлі қаңқу сөздер тарап кетті. Мәселен, кейбіреулер «бес уақыт намаз оқып, сүре білсем, вирустан аман қаламын» деп есептейді. Осы ретте көпке таныс имамдар аталмыш мәселенің дұрыс-бұрыстығын айтып берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

намаз оқимын

Көрнекі фото: NUR.KZ

Шыдам мен сабыр нағыз мұсылманға тән қасиет. Алайда ел ішінде коронавирустан сақтану шараларын елемей, маска киюден бас тартып, тіпті мешітте намаз оқуды жалғастыра бергісі келетіндер бар. Осы орайда аталмыш мәселенің ара-жігін халыққа таныс имамдар ажыратып берді.

Islam.kz ұлттық, рухани-ағарту порталының басшысы Қайрат Жолдыбайұлының айтуынша, шынайы тақуалық әрекет пен салғырттықты шатастырудан аулақ болу керек.

«Сөзбен жасалған дұға жеткілікті деу дінді, пайғамбарды дұрыс түсінбеу. Алла елшісі (с.а.у.) не нәрсе болсын, алдымен Алланың осы дүниеде қойған заңдылықтарын, себеп-салдарларын орындайтын.

Мысалға ұхұд соғысын алайық. Мәдинаға қалың әскермен шабуыл жасаған құрайыштықтарға қарсы мұсылмандарды барынша қаруландырды. Өзі де сауытын киіп, қолын көкке көтеріп, егіле жылап ұзақ дұға жасады. Сахабаларына «сауыттарыңды шешіп, қаруларыңды тастап, «фалақ» пен «нас» сүрелерін оқысаңдар, сөзсіз жеңіске жетесіңдер» деген жоқ. Керісінше екі түрлі дұғаны да кемеліне жеткізіп орындады.

Хандақ соғысында да дұшпандардан Мәдина қаласының айналасына ор қазу арқылы қорғанды. Алла елшісінің: «Қай жерде оба ауруы шыққанынын естісеңдер, ол жерге атап баспаңдар. Ал өздерің тұрып жатқан мекенде жұқпалы ауру шықса, ол жерден қашып, басқа жаққа бармаңдар!» — дегені іспен жасалған дұғаға жатады. Жұқпалы ауруды ауыздықтау үшін жасалған карантині болмақ, — деді Қайрат Жолдыбайұлы.

Сонымен бірге ҚМДБ «Шариғат және пәтуа» бөлімі басшысының орынбасары Хасан Аманқұлов кез келген пәтуә сараланып, таразыға салынып, өзге елдердің тәжірибесімен салыстырылып барып шығарылатынын айтты.

«Төтенше жағдайда адам өміріне денсаулығына, мал-мүлкіне, бала шағасына және отбасы мүшелеріне қауіп төнетін кезде кейбір ғибадаттарды шариғат тоқтатуға рұқсат етеді. Алла Тағала Құран Кәрімде «Бақара» сүресінің 195-ші аятында: «Сендер өздеріңді өлімге, жамандыққа бастамаңдар. Жамандықты біле тұра адамдарды итермелемеңдер, бастамаңдар» деген осы мазмұнда аят келеді», — деді ол.

Вирус — ақыр заманның соңғы белгілі емес. Дінтанушы мамандар байбалам салатындардың әрекеті дінге де қайшы деп отыр.

«Өлімнен ешкім қашып құтылмайды. «Нисса» сүресінің 78-ші аятында айтады: «Сендер мықты қорғанның ішінде болсаңдар да өлім сендерді табады» дейді. Бірақ, өлімнен қашып құтылмаймыз, бәрібір өлеміз деп салғырттыққа салыну, бейқамдыққа бой ұру, сақтанбау, Алланың бізге берген ақылын пайдаланбау, мамандар пікірін пайдаланбау бұл діннің, исламның ұстанымы емес.

Адамзатқа келіп жатқан індеттен аман қаламын, өз ұстанымыммен аман қаламын деу жансақтық, саяздық, бұл дұрыс дүние емес», — деді дінтанушы Кеңшілік Тышқанұлы.

Еске сала кетсек, Алматыда карантин кезінде 19 наурыздан бастап барлық мешіттер жабылды. Сондай-ақ ҚМДБ төтенше жағдай уақытында мешіттерде жұма намазымен қоса бес уақыт намаздың уақытша оқылмайтынын айтып мәлімдеме жасады.

 

[:]