АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Намысың қайда, қазақ қызы?[:]

[:kz]

 

sdX5S_HpjlQҚазіргі кезде адамдардың материалдық және рухани қажеттіліктерінде, талғамдары мен өзара қатынастарында, 

әртүрлі халық өкілдерінің мінез-құлқы мен психологиясында оларды жақындастыратын ортақ белгілер қалыптасуда. Яғни ұлтқа, текке қарап емес, материалдық ортақтастыққа, жанның еркіндігіне қарай таңдау жасау ісі орын алуда. Жатжұрттықтардың етегінен ұстаған кәсіби білікті, көптілді, көрікті қаракөздеріміздің саны жылдан-жылға арта түсуі де осыған байланысты болса керек.

Өзге елден бақыт іздеп…

Талай қаракөз қыздарымыз өзге халықтың азаматымен шаңырақ көтергенін көріп жүрміз. Түрікке, америкалыққа,  қытайлыққа, араб пен Африка елдерінің азаматтарына күйеуге шыққан жағдайлар тіркелуде.

Шетелге тұрмысқа шыққан қазақ қыздарының тағдырына алаңдамасқа бола ма? Мәселен, Австралияның Гриффит университетінің бірінші курс студенті Сағынай Батырханова өзге елдің топырағында көз жұмғанын көзі қарақты жұрт жақсы біледі. Оның өліміне азаматтық некедегі тайландтық жұбайы күдікті деп танылған болатын. Ол бұдан бұрын да қылмыс­тық жауапқа тартылған болып шықты. Сағынайдың артында үш айлық ұлы қалды.

Тағы да нақты деректерге сүйеніп көрелік. Сүйкімді Ақмарал есімді келіншек Хау Ин дейтін қытаймен бірге тұрады. Саудагер Хау үнемі еліне барып, контейнерлеп зат әкеледі. Сөйтіп, сауда-саттықпен айналысатын отбасының шаруасы лезде түзеліп, сәулетті коттедж тұрғызып үлгерді. Ұлдарын Жунго деп атапты, мағынасы «қытай елі» дейтін сөз көрінеді.

Балаларымыз балабақшада, мектепте, жоғары оқу орындарында жүргенде таныс-біліс болып қалған адамдар қатары баршылық. Солардың бірімен арада он жыл уақыт өткенде біреудің дастарханында кездесіп қалдым. «Еңлік дейтін қызың бар еді ғой?» – деп сұрадым. «Ой, қара қызым өзіне қара күйеу тауып алды емес пе, Эквадор асып кеткеніне талай жыл болды ғой», – деді Әсия. Күлімдеп сөйлегенімен көзінде мұң жатқанын байқадым.

Көпшілік білетін нағыз қазақы отбасы бар еді. Көз алдымызда өскен Аяжаны қап-қара қалың шашын кесіп, сап-сары түске бояп жүретін. Қазақ тілі пәні мұғалімінің сол қызы орыс жігітпен тұрмыс құрды. Кейде Аяжанның ата-анасын көріп қаламын. «Қызымыз қалай?» – деген сұрағыма бүгінде әкесі бас бармағын қайқайтып көрсететін дәрежеге жетті. «Дүкен ашып берді, жекеменшік сауналары бар, тұрмыстары жақсы», – деп мақтана жөнелетін болды.

Ұлттық тәрбие  әлсіреді ме?

Кейбір қоғамдық ұйымдардың зерт­теуіне қарасақ, 18 – 20 жастағы қазақстандық қыздардың үштен бірі шетелдік жігітке күйеуге шыққысы келеді. Бұл бойжеткендердің тең жартысы қазақ қыздары болып отырғаны өкінішті-ақ. Бұған ұлттық рухтың әлсіздігі бірден-бір себеп деген ойдамын. Өйткені байлыққа қызығушылық рухани қазынадан алыстатады.

Сондай-ақ аралас некенің көбеюіне ғаламтордың, ұялы телефонның, танысу агенттіктерінің, шетелдік сериалдар мен өскен ортаның ықпалы зор. Ұлттық тәрбиенің мардымсыздығы, отбасындағы әке мен ана ролінің төмендеуі, қоршаған ортаның өзге тілде шүлдірлеуі қыздарымыздың Алаш жұртының келешегіне алаңдамауына әкеліп соғуда.

Ғаламторда және Ресейден келетін басылым беттерінде аралас некені насихаттайтын «ақыл айтқыш» мамандардың ой-толғамдары да жарияланып жатады. Оны оқыған жастар  жарық күнде адасатыны айдан анық.

Деректерге сүйенсек, өзге ұлт өкілімен некені таңдаған қандастарымыздың тең жартысы негізінен Алматы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарының тұрғындары. Олардың дені ресейлік азаматтармен отау құрған. Қырғызстан мен Өзбекстаннан келген ағайындарға тұрмысқа шығатындардың қатары да артып келеді. Бұл елдердің азаматтарымен Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Маңғыстау облыстарының арулары тұрмыс құруды жөн көреді екен.

Сонымен қатар түріктер мен неміс­тер­дің астаналықтармен неке қиюы да жиі кездеседі. Америкалықтар мен британдықтарға, Израиль, Италия, Пәк­стан, Ауғанстан, Оңтүстік Корея және Қытай келімсектеріне өмірлік жолдас болуға келісім берген қара­көздеріміз баршылық. Көптеген қазақ қыздары түрік, араб, әзірбайжан, осетин, татармен отау құруға қарсылық танытпайды.

Қазіргі таңда бойдақтардың көбеюінде материалдық жағдай үлкен роль атқаруда. Кейбір үлкендер балаларына ағылшын тілін игерудің маңыздылығын, шетелде тұрудың кереметтігін, бақуатты тұрмыстың ғажаптығын көп айтады. Осыдан барып қыздар тарапынан «жалаңаяқ» жігіттерді менсінбеу жағдайлары бой көрсетіп жатады.

Асығыс түбі – өкініш

Қазақ қыздарына үйлену – Қазақстан  азаматтығын ала алмай жүрген шетелдіктер үшін таптырмас тәсіл. Көздегеніне қол жеткізген соң артына нәсілі бөлек жиендерді тастап қыр асып кеткен «күйеу балалар» туралы аңыз әр облыста кездеседі. Сондықтан да заң жүзінде қандай да бір шараларды қолға алатын уақыт жеткен сияқты.

Некелесу – азаматтық алудың ең оңтайлы жолы. Қазақстан заңына сәйкес, шетелдіктер өз елінде некелеспеген деген анықтама әкелсе, еш қиындықсыз отбасын құра алады екен. Бұл тізімде Қытай, АҚШ, Канада, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінің азаматтары алда келеді.

Қыз бала – дүниеге ұрпақ әкелуші және ұлт тәрбиешісі. Өзге ұлт өкілімен тұрмыс құрған қазақ қызының бала-шағасы түп-тамырымен сол ұлттың адамына айналады. Көптеген жиен­деріміз бүгінгі күні Америка, Канада, одан қалды Еуропа елдерінде тұрып жатыр. Бөгде елде өскен бала келешекте қазақ тілін, оның салт-дәстүрін сақтап, қазақ үшін жаны ауырады, қазақтың сойылын соғады дегенге сену қиын.

Кезінде «күйдім-сүйдім» деп басқа ұлт өкіліне тағдырын қосып, уақыт өте келе барлығын түсініп, бармағын шайнаған талай қыз-келіншектер туралы мәліметтерді естіп жатамыз. Өмірде бірге жасасып, қартайған кезде бірін-бірі түсінбей, ырду-дырду болып жататын отбасылар да баршылық, Мәселен, жасы келіп қайтыс болғанда әйелді қалай, қандай дәстүрмен (мұсылмандық немесе христиандық), қай зиратқа жерлеуді білмей, «жаназасын молда шығара ма немесе поп шығара ма» деп дағдарысқа түсетін жайлар да өмірде кездесіп жатыр емес пе?

Өзге ұлтқа шыққан қыз қазақтың көбеюіне, ұлттық мүддемізге кері әсерін тигізген болып саналады. Бұл жағдайда әрбіріміз ата-ана ретінде тосқауыл қоймасақ, мұның соңы орны толмас өкінішке ұрындырады. Тек қарның тоқ, киімің көк, тұрмысың жақсы болады деп ұлт мүддесін естен шығару қылмыс жасағанмен бірдей емес пе?

Ұлттың ұяты, ары, болашағы деп саналатын қазақтың қыздары неге намыссыз болып барады?

Салтанат ҚАЖЫКЕН

Zamana.kz

[:]