[:kz]
ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса «ҚР тұңғыш президенті — Елбасы туралы» заңның алынып тастайтынына қатысты пікір білдірді. Елбасының аты атазаңда аталмайды деген депутат бұдан былай Назарбаев пен еліміздің кез келген адамының құқықтары бірдей болатынын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қазыбек Иса жазбасында бұған дейін елді шулатқан «Назарбаев Қазақстанның негізін салушы» деген баға конституцияға жазылмайтынына тоқталған.
«ҚР тұңғыш президенті — Елбасы туралы» заңы да жойылады. ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Еститін мемлекет» дегенінің тағы бір дәлелі осы болса керек! Жаңа Қазақ Еліне жасалған тағы бір басты қадам! Түбегейлі өзгерістің, саяси реформаның бастамасы!», — делінген депутаттың Facebook әлеуметтік желідегі парақшасында.
Депутат осы аптаның басында өткен «Ақ жол» фракциясы жиынында бұл мәселе талқыланғанын айтады. Исаның сөзінше, «Егер Назарбаевтың аты Атазаңға Қазақстанның негізін қалаушы ретінде жазылса, онда ата тарихымыздағы Алаш, Қазақ хандығы, Алтын Орда, арыдағы Түрік қағанаты қайда қалады?» — деген мәселе көтерілген.
«5 мамырдағы парламент мәжілісінің жалпы отырысында осы мәселеге нүкте қойылады. Енді Назарбаев пен еліміздің кез келген адамының құқықтары бірдей! Иә, кәдімгі дамыған демократиялық елдердегідей барлық адамдардың қақы тең! Әділетті Қазақстан дегенге ел сенімі ояна бастады. Қош болыңыз, елбасы», — деп түйіндеді Қазыбек Иса.
[:]