[:kz]
Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың халықпен есепті кездесуіне келген көпбалалы ана шаһар басшысынан «пара алуды» тоқтатуын сұрады деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.
«Барша аналардың атынан Астанада орын алған қайғылы жағдайға байланысты бес бірдей перзентінен айырылған ата-анаға қайғаларына ортақтасып көңіл айтамын. Біз қаладағы көпбалалы аналар болып проблемамызды қағазға жазып алып келіп едік. Ертең қабылдайды екенсіз бізді, сонда айтармын», — деген тұрғын өзін мазалаған мәселені көтерді.
«Менің екі мүгедек балам бар. Мүгедектермен жұмыс істейтін бөлімшеге (ред. ескертпе ВТЭК) өкпем қатты. Бұл проблема жалғыз менің емес, әрбір адамның басында бар. Пара алады. Пара алу дегенді тоқтатыңыздаршы, не деген масқара бұл? Болмаса ондағы қызметкерлер айлық алмасын, сол халықтың парасымен күн көрсін. Біз мүгедек асырап отырмыз, тапқанымызды жеткізе алмаймыз», — деп мұңын шақты тұрғын.
Бұған жауап берген Шымкент әкімі пара алатын қызметкерлердің аты-жөнін тізіп айтып беруін сұрады.
Келіншектің сөзінше, пара сұраған қызметкер осыдан біраз уақыт бұрын жемқорлық ісімен ұсталып кеткен.
Алайда көпбалалы ананың сөзінше, қанша адам парамен ұсталғанымен ол өзгелерге сабақ бола алмай отыр.
Еске сала кетейік, бүгінгі есептік кездесуінде Ғабидолла Әбдірахымов өзі де көпбалалы отбасында дүниеге келгенін айтып, көпбалалы аналар 1 наурыздан бастап автобуста тегін жүретін мәлімдеген еді.
kaz.nur.kz/
[:]