[:kz]
Алматыдағы атыс кезінде қаза тапқан бесеудің бірі – Хасан Бекташ-оғлы. Оның жерлеу рәсімі Үштөбе қаласында өтті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Экспресс К басылымына сілтеме жасап.
23 қыркүйек күні Қаратал ауданы Үштөбе қаласында 36 жастағы Хасан Бекташ-оғлыны жақындары жер қойнына тапсырды. Марқұмның туған-туыстары ресми органдар қаза тапқан туыстарының есімін еш жерде атамады деп наразы.
Хасанның әпкесі Марина Бекташ-оғлының айтуынша, құқық қорғау органдары бауырының денесін табыстаған. Алайда Хасанның қалай оқиға орнынан табылғанын және оны неліктен өлтіргенін айтпаған.
Ағасы Алматыға 10 жыл бұрын Алматы облысының Үштөбе қаласынан көшіп келген. Оңтүстік астанада отбасымен бірге тұрған.
«Бірінші некеден екі баласы, екіншісінен бір баласы бар. Олардың барлығы жетім қалды. Бізге көп келе бермейтін. Сирек кездесетінбіз. Отбасында төртеуміз. Ол үлкен ағамнан кейінгі екіншісі. Ол көбінесе жүк көлігінің жүргізушісі болып жұмыс істейтін. Хасан отбасымен Алматыда тұратын. Үштөбенің тумасы болғандықтан осында жерледік. Оны өлтіріп кеткеніне әлі сене алмай отырмыз. Хасан оқиға орнында қайдан жүр? Соның себебін білгіміз келеді. Ол полиция қызметкері де, сот орындаушысы да емес”, – дейді марқұмның әпкесі.
Сондай-ақ Хасан Бекташ-оғлы жеке кәсіпкерлікпен айналысқан. БАҚ өкілдері атыс кезінде қаза тапқан төрт адамның аты-жөнін жарыса жазып жатыр. Кейбіреуіне пәтер беріп, медальмен марапаттауда. Ал жақындары Хасан Бекташ-оғлы туралы еш жерде айтылмады деп наразы.
“Бізге түнгі сағат 12-де хабарлады. Ал оның өлімі кешке болған. Барлығымыз таңғалдық. Бізге марапаты да, баспанасы да керек емес. Тек құзырлы органдар марқұмды қаза тапқандардың қатарына қоссын. Хасан жастай кетті. Артында кәмелетке толмаған үш баласы қалды. Ол адам емес пе, Қазақстанның азаматы емес пе?”, – деді Марина Бекташ-оғлы.
Маринаның айтуынша, олар жақын арада құқық қорғау органдарына жүгінеді. Марқұм қалайша Ақбұлақтағы үй жанынан өлі табылды? Бұл оқиғаға оның қандай қатысы бар? Осы сұрақтарға жауап алғысы келетінін айтты.
Айта кетсек, 20 қыркүйек күні Алматының Алатау ауданындағы Ақбұлақ ықшам ауданында бес адамның өлтірілгені туралы белгілі болған. Ресми деректерге сүйенсек, сот шешімін орындаушылар екі адамның меншік құқығына қатысты дауға байланысты күдіктінің үйіне келген. Сот шешімін естіген азамат үйінен қару алып шығып, сот орындаушысына, учаскелік полиция инспекторларына және аулада болған басқа адамдарға қарудан оқ жаудырды. Нәтижесінде бес адам көз жұмған. Оның ішінде үйдің жаңа иесі мен тағы бір тұрғын бар.
Үйде әйелдер мен балалар болғандықтан күдіктіні арнайы жасақ қару қолданбай қолға түсірді.
«Кісі өлтіру» және «Билік өкіліне шабуыл жасау» баптары бойынша екі қылмыстық іс қозғалды. 1967 жылы туған ер азамат 20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Сонымен қатар бұған дейін Алматы қалалық соты Игорь Дужнов пен Анаида Демирчян өз құқықтарын қорғауда қателіктер жібергенін айтқан болатын.
[:]