АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Неге дəретхананың сасық исін иіскеп қана үн-түнсіз отыра бересіз?[:]

[:kz]

ПОЙЫЗДАР НЕГЕ ЛАС?

 

Еуропа пойыздарындағы тазалық пен тəртіпке тəнті болғаным соншалық, пойыздағы дəретханадан репортаж жасағам. Мұны көрген Тоқтар Жақаш бауырым салыстыру мақсатымен Алматы мен Нұр-Сұлтан арасындағы пойыздың жағдайын видеоға түсіріп көрсетіпті.

Иə-ə-ə, салыстыруға келмейді, əрине. Өкінішті! Не айтуға болады? Жеріміз кең, асты мен үсті толы байлық. Халқымыз аз. Тұрмысы нашар. Неге? Иə, неге?

Басқасын айтпағанда пойыздағы тазалық пен тəртіпті сақтау соншама қиын ба?

Осы мəселенің төңерегінде көп ойландым. Намысым келді.

Иə, елді жемқорлық жайлағаны рас. Күнде бір шенеунік сотталып жатыр. Бірақ дəп пойыздардағы жағдайға нақты кім кінəлі екенін айта алмаймын. Ешкімнің қолынан ұстап алмаған соң, тисе терекке, тимесе бұтаққа деп, басқа-көзге төпелей беруді өзіме лайықсыз санаймын. 

Бір нəрсені анық айта алам. Пойыздардағы дəретхананың ластығына əр жолаушының қатысы бар. Оны ластайтын өзіміз емес пе? Үйімізде дəп солай ластаймыз ба? Жоқ. Өйткені өзіміз жуып-шаямыз. Ал пойызды біз ластаймыэ, артымызды басқа біреу жуып-шаяды! 

Бұл қандай менталитет? 

Қандай тектілік? 

Өзіңіз тəртіпті болмай жатып, қалай басқаға тəртіп жайлы талап қоя аласыз? 

Жоқ, қоя алмайсыз! Ниетіңізге, əрекетіңізге лайықты қызмет аласыз.

Білесіз бе, дамыған мемлекеттерде неге тəртіп бар? Ол елдердің жоғары лауазым иелерінен бастап, қарапайым халқына дейін жауапкершілігі жоғары. Өзінен кейінгі жас ұрпаққа биік өнеге қалдыруды қасиетті борышы, тіпті міндеті деп санайды. 

Бізде ше? Бізде ешкім көрмесе болды, бүлдіре беруге болады. Бұған басқа біреу кінəлі, тек мен емес! Менталитетіміз сондай. Санамызға сіңіп кеткен. Одан жуықарада құтыла қояр ма екенбіз, білмеймін.

 

Пойыздағы дəретхана ластығының тағы бір себебін айтайын. 

Елдің бəрі салдыр-салақ, тəртіпсіз деп, дүйім жұртқа топырақ шашудан аулақпын əрине. Бірақ басым көпшілігіміз тұтынушы ретінде өз құқығымызды талап етуге қауқарсыз немесе құлықсыз екеніміз рас. Мұны əлеуметтік апатия дейді. Əйтпесе төлеген ақшамызға лайықты қызмет көрсетілуін неге талап етпеске? 

Сұраңыз жолсеріктен, неге дəретхана лас деп! Білем. Жолсерік сізге: «ұнамаса, ұшаққа отырыңыз!» деп арс етеді. Жоқ, жоқ! Онымен сөзге келісіп жүйкеңізді жұқартпаңыз. Ерінбеңіз. Үш адамға растатып, лас дəретхана жайлы акт жасап алыңыз. Тіпті суретке, видеоға түсіріп алыңыз. Пойыздан түскен соң тиісті орындарға арызданыңыз. Оларға сеніміңіз болмаса, тұтынушылардың құқын қорғайтын қоғамдық ұйымдардың біріне билетіңізбен қоса арызыңызды тапсырыңыз. Олар сіздің жыртысыңызды жыртып қана қоймайды, моральдық шығыныңызды да «құстырып» алады. 

Неге дəретхананың сасық исін иіскеп қана үн-түнсіз отыра бересіз? Жыламаған балаға емшек қайда? Құр байбалам салғаннан түк шықпайды. 

Мен Еуропа пойыздарындағы тəртіпті көрсетсем, үлгі ретінде көрсеттім. Неге осылай етпеске деген сауал тастадым. Орындалуы қиын емес, қолда тұрған шаруаны айттым. 

Ал Тоқтар бауырымның орнында мен болсам, өз кемшілігімді өзім айдай əлемге паш етіп, онсыз да жүйкесі шиыршық атқан жұртты одан сайын ашындырғанша, дəп сол пойызда кетіп бара жатқан жолаушылардың қолын жинап, белгілі тəртіппен, заңды түрде тиісті мекемеге арызданар едім.

 

Гүлмәрия Барманбекова

Фейсбуктегі парақшасынан

alashainasy.kz

[:]