[:kz]
Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Қызылорда облысына қарасты Ақжарма ауылының балабақша меңгерушісі карантин талаптарын орындамағыны үшін жазаланған. Сот айыппұл төлеуге міндеттеген. Бірақ, іс мұнымен бітпепті. Редакциямызға хабарласқан тұрғындар мәселеге араласуымызды сұрады, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.
Даудың басы 14 сәуірде басталған. Карантин енгізілуіне орай, балалар үйге босатылғанымен, балабақша қызметкерлері жұмысқа шыққан. Оларды жұмысқа шығаруға ауыл әкімі міндеттеді дейді мекеме меңгерушісі.
«Карантинге байланысты, 5 адамнан артық жиналуға болмайды деген қаулыларды мен әкімге барып айттым. Әкім қыздарың тегін айлық алмайды. Қызметкерлерді екі бөліп таста, азанда 13 адам, түстен кейін 12 адам жұмысқа келеді. Тегін айлық алмайсыңдар, жұмыс істейсің, әктеп-краскілейсіңдер деп мені қайтарып жіберді. Маған бағынбасаңыз, жұмыстан шығарып жіберем деді», — дейді «Бүлдіршін» балабақшасының меңгерушісі Ақкенже Шамшатова.
Жөндеу жұмыстарын істеген олар үзіліс жасап, іште шәй ішкен. Бірі сол сәтті «тарихи» деп бағалап, суретке түсірген. Айтуларынша, сол сурет әкімге жетіп, ол «той тойладыңдар» деп айыптаған. Тіпті, әлеуметтік желіге жариялаймын деп қорқытты дейді олар.
«Аяқтан шалып тұрған нәрсе бұл. Мысалы, бірінші апрельде Қалданбек деген ата бар, соның үйінде той болды. Неге сол тойды айтпайды? Ауыл әкімі ішке де келіп айтып кетті. Осылардың бәрін тазарту керек, осылардың бәрін құрту керек деп тұрып айтты. Сонда не, сол асырай ма бізді, бала-шағамызды?» — дейді тәрбиеші Мырзагүл Мамбетова.
Ал балабақша меңгерушісінің сөзінше, ауыл әкімі Ерлан Ешмұратов оған мамырдың 15-і күні қоңырау шалған. «Facebook-ке суретің шығып тұр, салып жібердік, сен жұмыстан кетесің» деген көрінеді.
«Сот болды. Сот 15 адамға қаулы шығарды, штраф салды, 28 мыңдай. 15 қызметкердің ішінде мен де бармын. Штрафпен қалсын деп сот солай шығарды қаулысын. Бірақ, әкім келіспей отыр, басқа адам қоямын, менің өзімнің адамдарым бар деп», — дейді Ақкенже Шамшатова.
Ауыл әкімі бұл келеңсіздіктің бір ұшы өзіне де таяқ болып тигенін айтады. Бірақ, балабақшада сол күні ештеңе тойланбағанын мойындайды.
«14 сәуір күні сол балабақша қызметкерлері іште отырған. Басқосу емес. Шәй ішкен. Сол әлеуметтік желілерге жарияланған. 3 апрель күні шақырып алып, мен тапсырма бергенмін, бес адамнан артық жиналуға болмайды, күнделікті бес адам шақырылады деп. Аудандық РОВД бүкіл 15 қызметкерді тергеп, барлықтарына шот арқылы 10 МРП айыппұл салынды. Маған сөгіс берді аудан әкімі», — дейді Ақжарма ауылының әкімі Ерлан Ешмұратов.
Балабақша меңгерушісі де ауданға шақыртылыпты. Жергілікті атқамінерлер орнын босатуды талап еткен. Тіпті, бопсалап, қорқыту арқылы арыз жаздыртып алғанын айтады. Аядай ауыл тұрғындары қазір екіге бөлінген. Бірі балабақша меңгерушісін қайтаруды талап етеді. Екіншісі әкімнің ісін жақтайды.
«Мен өзім күнде садикке апарамын екі немеремді. Бұл Ақкенженің бұған сіңіріп жатқан еңбегі жақсы, басқа бастықтардай емес. Бұл балалармен, тәрбиешімен бірге жүрді, ұйықтамаса ұйықтамады. Өтінеміз, жоғары жақ осыны тыңдаса екен», — дейді ауыл тұрғыны Гүлнарай Ишан.
Енді тұрғындар бұл іске облыс басшылығы мен заң орындары араласып, істің ақ-қарасын ажыратып берсе деп тілеп отыр.
Skifnews.kz ақпарат порталы
[:]