[:kz]
Елордада үш жасар баланы құтқару кезінде Сәбит Шонтақбаевпен бірге болып, көмектескен Сағи Жылқышиевке де пәтер бұйырды, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Сағиға астанада салынып жатқан тұрғын үй кешенінен комфорт плюс санатындағы екі бөлмелі пәтер берілетін болады. Бұл туралы құрылыс компаниясының Instagram парақшасынан белгілі болды. Бүгінгінің батырлары Qazaqstan ұлттық телеарнасындағы 1001 түн бағдарламасында да қонақта болды.
Белгілі болғандай, Сағи Жылқышиев пен Сәбит Шонтақбаев бір-біріне құда болып келеді екен.
«Қорқыныш болды, кішкентай баланы ала алмай қалсақ біз де кінәлі боп қаламыз, Сәбиттің аяғы тайып кетсе, мен кінәлі боламын деп ойладым. Аяғы тайып кететінін білдік те, аяқ киімін шешіп алдық. Байлайтын жіп, жеңіл материал іздеп едік, табылмады. Сәбитті барынша ұстап тұрдым, қолымнан келгенше. Бөпені қолыма алғанымда даусы шықпады, шок жағдайда болды», — дейді Сағи болған жағдайды баяндап. Бағдарламадан белгілі болғандай, Сағи — үш баланың әкесі. Ол да Сәбит секілді астанада жұмыс жасап, ақша табуға келген. Айта кетейік, 11 мамырда елордада көп қабатты үйдегі пәтердің терезесінен құлауға шақ қалған үш жасар қыз баланы Сәбит Шонтақбаев есімді ер адамның құтқарып қалғанын жазған едік. Кейін ол оқиғаның қалай болғанын өзі баяндап берді. Сондай-ақ осы батыл әркеті үшін Сәбит Шонтақбаев «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Одан бөлек батыр азаматқа елордадан үш бөлмелі пәтер берілді. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Сәбит Шонтақбаевпен кездесіп, әкімдік оның жұмысқа тұруына, несиесін жабуға, сондай-ақ Қызылордадағы отбасын астанаға көшіріп әкелсе, жұбайының жұмысқа тұруына, ал балаларын мектепке және балабақшаға орналастыруға көмектесетінін айтты. Сонымен қатар желі қолданушылары Сәбит Шонтақбаевты сақтандыру үшін аяғынан мықтап ұстап тұрған Сағи Жылқышиевті де назардан тыс қалдырмауды сұраған болатын.
[:]