[:kz]
14 мамырда Нұр-Сұлтандағы уақытша ұстау орталығынан 1 мамырдағы наразылық шарасына қатысқаны үшін «полицияға бағынбады», «рұқсат етілмеген митингіге қатысты» деп айыпталған Алтынбек Орынтайұлы, Ербол Есхожин, Жанар Аманғалиева, Әлімжан Ізбасаров, Асхат және Бағдат Қанапияновтар босап шықты.
Алтынбек Орынтайұлы пен Әлімжан Ізбасаров — 15 тәулікке, Ербол Есхожин, Жанар Аманғалиева — 10 тәулікке, ал ағайынды Қанапияновтар 5 тәулікке, қамалған. Оларды изолятор алдында таңертеңнен бері бір топ белсенді мен жақындары күтіп тұрды. Алайда полиция оларды ертерек босатып, үйлеріне жеткізіп тастаған.
Қамалғандардың жақындары мен белсенділер полиция әкімшілік жазаға тартылғандарды орталық есіктен емес, көлікке салып, көрсетпей шығарып жіберуді тәсіл қылып алғандарын айтады.
Қамаудан шыққан 18 жастағы Алтынбек Орынтайұлының анасы Розалия Бекзадинаға да «рұқсат етілмеген митингке қатысты» деген айып тағылған. Бірақ оған қатысы әкімшілік сот әлі өткен жоқ.
Нұр-Сұлтанда «рұқсат етілмеген митингіге қатысты» деп айыпталып, бірнеше тәулікке қамалған Серік Асқаров, Нұрсұлтан Тастаев, Дидар Байжақұлов, Расул Досқараев, Ермекбол Тілеухан, Жанат Бекмағанбетов, Олжас Алшымбай 13 мамырда босап шыққан.
1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық шарасы өтті.Наразылар «Біздің өз таңдауымыз бар!», «Тоқаев біздің президентім емес!», «Дариға [Назарбаева] спикерім емес!», «Нұр-Сұлтан астанамыз емес!», «АЭС-ке қарсымыз!», «Халық пікірімен санасыңыздар», «Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!», «Шындықтан қашып құтылмайсың!», «Шал, кет!» деп айқайлады.
Ішкі істер министрлігі 1 мамырда Нұр-Сұлтан мен Алматыда «елде тыйым салынған ұйымның лозунгін айтып, полицияға бағынбаған» 80 адамның ұсталғанын хабарлады. Бірақ министрлік жалпы қанша адамның әкімшілік жауапқа тартылғаны туралы дерек таратпады. Азаттық Нұр-Сұлтан мен Алматыда 20-ға жуық адамның жауапқа тартылғанын анықтады. Олардың кейбірі 5-10 тәулікке қамалса, кейбіріне 50 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін айыппұл салынды. Сот ұсталғандарға «рұқсат етілмеген митингіге қатысты» және «полицияға бағынбады» деген айып тақты.
[:]
Азаттық