[:ru]
Жақында Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының әртістері Грекияда сәтті өнер көрсетті. Қазақстандық әртістердің өнерін тамашалап үлкен өнерді сүйетін грек қалаларының көрермен қауымы оларды қай жерде болмасын ду қол шапалақпен қарсы алды. Отандық жұлдыздардың турнесі Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында ұйымдастырылды.
Қазақстан —көптеген халықтар мен діндердің, мәдениеттердің араласқан, бейбітшілік пен өзара келісімде өмір сүріп жатқан ел. Сондай-ақ мұнда тұратын этникалық гректердің саны да аз емес. Бұл да Греция тарапынан біздің мемлекетімізге назар аударуға негіз болатын факторлардың бірі.
Тарих ағымында екі елдің эволюциялық жолдары қиылысып жатқан деп нақты айтуға болмас. Бірақ екі елдің халықтары әрқилы заманда да бір-біріне мүдделі болды, үлкен құрметпен қарады деп айта аламыз. Бұл экономикалық, мәдени даму салаларында және неғұрлым тығыз байланыс орнатуға бағытталған қадамдар болды.
Бүгінде мәдени тәжірибелер алмасулар екі елдің астаналарындада да, сондай-ақ өңірлік деңгейде де кеңінен өрбіген. Өңірлерде ауқымды іс-шараларды ұйымдастыру байланыстарды түрлендіруге, жаңа серіктестер табуға, қазіргі заманғы шығармашылық жетістіктерді таратуға, ұлттық мұраларымызды дәріптеуге мүмкіндік береді, жемісті диалог орнатуға жақсы көмектеседі. Бір сөзбен айтқанда, жыл өткен сайын біздің халықтарымыз жақындаса түседі. Осындай артистердің гастрольдері оған барынша септігін тигізеді.
Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының артистерін Грекияға арнайы шақыруын Эллады тұрғындар тарапынан көрсетілген ілтипат деп түсіну керек. Қазақстан-грек өнер, білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық ресми түрде – Мәдени, ғылыми және техникалық ынтымақтастық келісімінің негізінде жүзеге асырылады.Еекі ел арасындағы мәдени алмасулардың қарқынды жүріп жатқаны туралы айтпаса де түсінікті, жыл сайынғы екіжақтық мәдени кездесулер соның куәсі. Қазақстандық әртістердің гастрольдері солардың бірі.
Егер театрдың тарихына тереңірек үңілетін болсақ, театр Ежелгі Грецияда пайда болғанын көреміз. Сондықтан Афиныға гастрольге шыққанда қазақстандық труппа ерекше мұқият дайындалды: грек көрермендері театр өнерінің әрбір тынысын сезінетін, жанымен түсінетін әсершіл және талапшыл.
Грекияның әйгілі «Паллас» театрындағы әдемі залдардың бірінде Мельпоменаны сүйетіндердің талқысына қазақстандық екі балеті – Николай Римский-Корсаковтың «Ұлы дала аңыздары» және «Шахерезада» ұсынылды. Қойылым біткеннен кейін көпшілік шапалақ ұрып, әртістерді сахнадан ұзақ уақыт жібермей тұрды. Айта кету керек, қазақстандық әртістер грек сахналарында өнер көрсетіп отырғандары бірінші рет емес.
— Бұл сахнада әр жылдары Күләш Байсейітова, Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев сияқты біздің жұлдыздарымыз жарқырады, — деп атап өтті Грекиядағы Қазақстанның елшісі Алексей Волков. — Біздің әртістердің бұл гастрольдік сапары олардың таланты мен шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Афиныдан кейін қазақстандық труппаны Патреде қарсы алды, мұнда да көрермендер қазақ және әлем композиторлары шығармаларына бай репертуары бар опера театрының солистерінің шеберліктерін жоғары бағалады.
[:]